​Жетістікке жеткізетін жақсы 3 әдет

0
2 720

Бұл үш әдетті жаңа жылға дейін күнде қайталаңыз.


​Жетістікке жеткізетін жақсы 3 әдет

Фото: br-nn.ru

Философ, Александр Македонскийдің ұстазы Аристотель «Біздің өміріміз – күнделікті қайталайтын әдеттерімізге байланысты» деген екен. Ал белгілі оратор-мотиватор Роберт Кийосаки «Біз – әдеттеріміздің құлымыз. Әдеттерді өзгертсең – өмір де өзгереді» деп кеңес береді. Демек, жақсы әдеттер қалыптастыру арқылы өмірге өзгеріс енгізуге болады.

Ол үшін жетістігі көп белгілі тұлғалардың әдеттерін үйренсеңіз жетеді. Жетістікке жеткізетін басты мынандай 3 әдеттен бастаңызшы.



1. Ерте тұру

«Жетістікке жеткізетін және басқа жақсы дағдылардың бастауы – ерте тұру» дейді психологтар. Рас, әлемдегі, тіпті өз еліміздегі жетістікке жеткен адамдардың сұқбаттарын интернеттен оқып (көріп) шығыңызшы. Бәрі де ең бірінші «Ерте тұрамын» дейді. Олардың әр күні таңғы сағат 5-6-да басталады.

Белгілі аудитор, қаржыны жоспарлаудың білікті маманы Томас Корли «Бай әдеттер» деген кітабын жазбас бұрын бес жыл бойы бай және кедей адамдардың әдеттерін бақылап, зерттеген. Бақылау барысында ол бай адамдардың 44 пайызы таңғы жұмысы басталардан үш сағат ерте оянатынына көз жеткізген. Осы үш сағатты бай адамдар өзінің өзінің көңіл күйі мен денсаулығын жақсартуға арнайды екен. Психологтар нашар көңіл-күймен жүріп адамдармен жақсы қарым-қатынас орната алмайсыз және жұмысыңызды құлшынып істей де алмайсыз дейді. Сонымен қатар, аурудың 80%-ы көңіл күйдің бұзылыстарынан туындайтынын да білерсіз. Ал таңертеңгі 15 минуттық дене жаттығулары көп аурудың алады.

Сондай-ақ олар жұрт ұйықтап жатқанда жұмысты бастау адамға үлкен күш және мотивация беретінін айтады. Олай болса, қолыңыздан ешнәрсе келмесе де күнде ерте тұруды әдетке айналдырыңыз. Өйткені ерте тұрған адамның бір ісі ғана артық емес, таңғы уақытта береке бар. Бұл туралы Сахр әл-Ғамиди (р.а.) жеткізген риуаятта «Пайғамбар (с.ғ.с.) «Уа, Алла! Үмбетімнің ерте тұрғанына береке бер» делінген.



2. Мақсат қою

Мақсат пен арман – екі бөлек. Барлық адам армандай алады, бірақ оның бәрінің мақсаты бар деп айта алмаспыз. Мақсаты бар болғанымен, американдық бизнес-тренер Энтони Роббинс айтпақшы «Мақсаттары шабыттандырмайды». Ал мақсат шабыттандыру үшін ол нақты әрі орындалу уақыты белгілі болуы тиіс. Сіздің мақсаттарыңыз өміріңіздің 4 сферасын бірдей қамтуы керек. Олар:

  • Рухани дамуға қатысы бар мақсаттар
  • Отбасыңызға, қарым-қатынасқа қатысы бар мақсаттар
  • Денсаулығыңызға қатысы бар мақсаттар
  • Қаржы саласына, бизнесіңізге, жұмысыңызға қатысты мақсаттар.

Мақсаттар жазылуы міндетті, яғни қағазға нақтылап жазасыз. Осы орайда түсінікті болу үшін белгілі кәсіпкер, халықаралық деңгейдегі бизнес-тренер Аманжол Рысмендиев «Өрлеу» атты кітабынан мысал келтірейік.


Қарым-қатынасқа, отбасыңызға қатысты мақсаттар қою үшін:

1-қадам. Қарым-қатынас, отбасыңыз бойынша не нəрсені жақсартқыңыз келеді, барлығын жазыңыз.

- Кіммен дос болғыңыз келеді?

- Жарыңызды қалай қуантқыңыз келеді?

- Кіммен қарым-қатынасыңызды жақсартқыңыз келеді, балаңызбен, əйеліңізбен, күйеуіңізбен, досыңызбен, мүмкін, əжеңізбен немесе атаңызбен?

- Айналадағы əріптестерімді түсіну үшін не істеу керекпін? Ренжуді қою ма? Айқайлаудан бойды алшақ ұстау ма? Тергеуден бұрын түсіну ме? Үнемі жақсы көңіл-күйде жүру ме? Олар мені не үшін жақсы көреді?

- Қалайша жақсы тыңдаушы, жақсы əңгіме айтушы болуға болады? Психологияны оқу, әлде сабырлылық сақтау ма?

Осындай сұрақтарға жауап жаза отырып, қарым-қатынасқа, қатысты мақсаттар тізімін жазыңыз.

2-қадам. Мақсатыңыз анықталып болса, əрқайсысын қай уақытта жеткізгіңіз келеді, уақытты белгілеңіз. Бір апта, бір жыл, т.б.

3-қадам. Ішінен маңызды деген біреуін таңдап алыңыз. Не үшін, кім үшін осы мақсатқа жетуіңіз керек? Осы мақсатқа жетсеңіз, қаншалықты деңгейде тасыңыз өрге домалайды, қаншалықты деңгейде жан рахатын сезінесіз?

Есте ұстаңыз: намысы мен жүрегінде жалыны бар адам ғана мақсат қойып, оған жетуге ұмтылады.



3. Дамуды тоқтатпау, ізденіс

Мақсаттарыңыз өмірдің 4 сферасына қатысты болады дедік. Даму да осы төрт бағытты қамтуы керек. Қазақта «бір орында тұрған су сасиды» деген сөз бар. Рас, батпақ пен көлдің және өзеннің суын салыстыруға болмайды. Батпақ пен көл үнемі жаңарып отырмағандықтан сасиды және оны балдырлар басып, ішпек түгілі шомыла да алмайсыз. Ал өзен суы таза болады, өйткені ол бір орында тұрмайды, үнемі сарқырап ағып жатады, жаңаруда.

Білімін, әдеттерін, рухани болмысын жетілдіріп, жаңартып отыратын адамның жетістікке жетпеуі мүмкін емес дейді психологтар. Ал кәсіпкер Аманжол Рысмендиев «Бұл жылы жеміс бердім екен» деп ешқандай ағаш өсуін, жеміс беруін тоқтатпайды. Діңгегі шіріп, өзегі қурап, құламайынша өсуден де, жеміс беруден де шаршамайды» дейді. «Өйткені табиғаттың заңы солай. Адам да алма ағашы сияқты үнемі дамып, өсуі керек. Сіз рухани жəне іскерлік біліміңізді көтерген сайын жетістіктерге оңай жетіп, қаржылық жағдайыңызды жақсарта бермексіз. Ағашқа өсу үшін құнарлы жер, су, күн нұры керек болса, сізге білім керек» деп, білімді жетілдіріп отырудың маңыздылығын айтады. Иә, тек білімді ғана емес, тіпті үйді, көлікті, киімдер мен жиһаздарды да жаңартып отыру – дамуды, алға ілгерілеуді білдіреді.

Есте ұстаңыз: Жақсы әдеттерді күнделікті қайталамайынша, өміріңізде ешқандай оң өзгеріс болмайды!

Дайындаған: Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Ешкімге ренжімей өмір сүрудің 5 оңай тәсілі

Өзіңді өзгертудің дайын схемасы БАР