"БАСТАЙМЫН" деп әлі жүрсіз бе? Мына КЕДЕРГІДЕН өтсеңіз болды

0
3 513

Ескі әдеттерді тастап, жаңа нәрселерді бастай алмай жүрсеңіз, сізге көмектесетін ең жақсы әрі оп-оңай әдісті ұсынамыз. Оқыңыз, орындаңыз!


Бір танысым жаңа жылдан бастап темекіні, екінші біреу артық салмақты ТАСТАЙМЫН деп еді. Тағы біреу жүгіруді, оның досы кәсібін БАСТАЙМЫН деген-тұғын. Сол сияқты әркім өзіне, өзгеге сөз беріп, 2020 жылды жаңа жоспармен, үлкен серпіліспен қарсы алғаны белгілі. Бірақ неге көбісі бастай алмай жүр?


Психолог мамандар бұл тақырыпта сөз қозғағанда өз тәжірибелерінде тіпті он жылдан бері «әне бастаймын, міне тастаймын» деп жүргендерді көп кездестіргендерін айтады. Оларға «Не кедергі?» деген сұрақ қойғанда, 90 пайызы өзіне, білімі мен қарым-қабілетіне сенбейтіндігін, үйреніп қалған өмір сүру салтын өзгертуден қорқатынын, жалқаулықты жеңе алмай жүргенін алға тартқан екен. Ал, сізге не кедергі?

Жалпы өмірдің жаңа кезеңіне қадам басарда, бір іске кірісерде сенімсіздік пен қорқыныштың болатыны қалыпты жағдай. Бұл көбіне жалқаулықтан туатын сезімдер. Сондықтан сіз қорқыныштарыңыз бен сенімсіздікті емес, ең бірінші жалқаулықты жеңуіңіз керек.

Өзгеру жолына қадам басуыңызға осы жалқаулық басты кедергі. Бұған данышпан Абай атамыздың «Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады» деген сөзі дәлел.

Жалқаулықты жеңудің әдісі көп болса да, онымен күресу екінің бірінің қолынан келе бермейтінін ұққан психологтар оны жоюдың басқа жолын ұсынады. Жантану мамандары «Адам өзін-өзі құрметтеуді, сыйлауды үйренуі керек. Осыны қолға алған адамнан жалқаулық қашады» дейді.

Бұл рас. Келісемін. Қорқыныш жойылса сенім пайда болады, сенім келген жерден қорқыныш кетеді. Сол сияқты өзін құрметтейтін адамға жалқаулық та жоламайды.



ҚАЛАЙ? БІРГЕ ШОЛУ ЖАСАЙЫҚ!

Түсінікті болу үшін, өзін-өзі сыйлауды, құрметтеуді үйренген адамның бойында біртіндеп қандай қасиеттер қалыптасып, ой өрісінде қандай өзгерістер өздігінен орын алатынына бірге үңіліп көрейік.


1. Өзін-өзі сыйлауды бастаған адам ең бірінші өзінің сыртқы келбетіне мән бере бастайды екен. Оның бойында ұят пайда болады. Жуынады, таранады, тырнағын ретке келтіреді. «Қалай ұялмастан тіссіз жүре бергенмін?» деп, түсіп қалған тістерін түгендейді. Түтігіп тотыққан, салбыраған терісіне қарап өзінен-өзі ұялып, өзіне күтім жасауға кіріседі. «Масқара! Семіріп кетіппін ғой» деп, дұрыс тамақтануға көшеді. Спортқа ден қояды.

Сосын тозығы жеткен, тізесі шыққан, жеңі созылған киімдерінен ұялады. Ал, жаңа киім, стоматолог қызметі, монша, әсемдік салоны – бәрі де ақша. Ақшаны қайдан алады? Ата-анасынан? Әпкесінен? Жо-жоқ, бұрынғыдай емес енді оның бойында ұят бар ғой, сондықтан жұмыс іздейді.


2. Жұмыс іздеген адамды бірінші табыс көлемі емес, жұмыс табу ғана ойландырады. Жұмысқа орналасады. Енді ол қолына жалақысы тигенде ең қажетті заттарды сатып алады, бір сыпыра киімдерін жаңартады. Психологтардың айтуынша, адамның көбісі өзін-өзі бағалауды үйренудің осы тұсында шатасып, өзін емес өзгені, басқаның көңілін бағалауға көшетін көрінеді. Бұл қателікке жол бермеңіз!


Мысалы, Шынарға бір құрбысы ванналық әдемі сүлгі сыйға тартты, бұл оны үйіне келген әпкесіне сыйлады. Ұжымындағы ер-азаматтар 8-наурыз мерекесінде қыз-келіншектерге әдемі шәйнек сыйлап еді, оны жеңгесіне «мерекеңізбен!» деп бере салды. Өзін-өзі сыйламаудың бір белгісі – біреу сыйға тартқан сыйлықты басқаға беріп жіберу. Оның психологиясында «Мен бұндай әдемі затты пайдалануға лайық емеспін» деген түсінік бар. Әрине, егер сыйлық ұнамаса немесе өзінде бұндай зат көп болса жөні бөлек. Ал Шынарда сый-құрмет көрсететін адамды алмастырып алғанды байқауға болады. Өйткені оның бір сүлгіні қолданып жүргеніне 3 жыл болса, шай құйып отырған шәйнегінің шүмегі кетілген, қақпағы басқа.


Есіңізде болсын, өзін бағалау осындай кішкентай нәрселерден басталады. Өзін-өзі сыйлаған адам шеті сынған кесемен шай ішпейді, ас ішетін ыдыстарының әдемі болғанын қалайды. Өзін жаңа, жақсы бұйымдарға лайықпын деп санайды. Жақсыға лайықпын деп өзін-өзі бағалауды үйренген адамның ойы «мен оған лайық емеспін» дегеннен «ол маған лайық емес» дегенге өзгереді.


3. Өзін-өзі сыйлауды арттыра түскенде адамның санасындағы жақсы өмір сүруге «лайық емеспін» деген түсінік біртіндеп «лайықпын» деген сөзбен алмасады. Әркімнің көңіліне қарап, бос уақытын өзгеге арнайтын ол енді «Мен де адаммын ғой, шаршаймын. Жексенбі күні демалуға лайық шығармын» деп, басқаларға «жоқ» деп айта алады. Бос уақытын өзіне арнау арқылы адам артық ақшасын өзіне жұмсауды үйренеді. Ал, тапқан ақшасын өзіне жұмсап үйренген адам жаңа бұйымның, сәнді көйлектің өзіне сыйлайтын рахатын сезініп, енді сапасына мән бере бастайды. Сапалы бұйымның бағасы да қымбат болады. Сапасы жоғары, қымбат заттарға ұмтылған адам өзінің сапасына назар аударып, өзгеден артықшылықтарын көре бастайды. Сөйтеді де асханада ыдыс жуып жүрген Шынар бір күні қолын суық судан суырып алып, «Жаспын, сымбаттымын. Мектепте жақсы оқып едім ғой. Неге білімімді жоғарылатпасқа?!» дейді өзіне-өзі. Содан соң айнадағы өзіне қарап «Саған жуу емес, жуылған тап-таза кеңседе отырған жарасады» дейді. Енді ол бұрынғыдай жаңа өң болса болды деп емес, өзіне жарасатынын таңдап сатып ала бастайды. Ал, таңдау үшін де ақша керек.


Енді көп табыс тапқысы келген адам жалақысы көп жұмысқа лайық болуға ұмтылады. Ол бірте-бірте сыртқы келбетіне ғана емес мінез-құлқы мен біліміне де көңіл бөле бастайды. Оқиды, үйренеді. Білімімен бірге жалақының да өсіп, қызметі жоғарылайтынын түсінеді...

Қызметі жоғары адам сол статусына сай киінуге, көлік мінуге, жақсы пәтерде тұруға талпынады. Ал, қызметі, лауазымы, абыройы жоғары адамды өзгелер де сыйлап құрметтейді...

Жантану мамандары «өзін-өзі сыйлаудың» адамның санасын, ой-түйсінігін, тұрмысын қалай өзгеріске түсіретінін осылай түсіндіреді. Ал бұны дана халқымыз «Өзіңді жұрт сыйласын десең, алдымен өзіңді-өзің сыйла» деп бір ауыз сөзге сыйдырған.


Байқасаңыз, өзін-өзі сыйлайтын адамның ой-санасы үздіксіз даму үстінде, ал, өмірі тоқтаусыз өзгеруде, өзі әрекетте болады. Бұндай адамға жалқаулық жоламас. Ал сіз жалқаулықты кедергі көріп, онымен күресудің жолдарын іздеп әуресіз. Ешқандай әдіс, жол, маман іздеудің қажеті жоқ. «Өзгеріске қадам бастауды адам өзін-өзі сыйлаудан бастау керек» деген теореманы түсінудің де қажеті жоқ. Тек бастаңыз!


Өзіңізді сыйлауды бастасаңыз болғаны және өзіңіздің өзіңізге деген махаббатыңызды үздіксіз арттыра беріңіз. Бар болғаны осы ғана! Өзін-өзі сыйлауды үйрену қиын емес шығар?!

Ары қарай сыйлау өзіңізді жақсы көруге, өзгелердің сүйіспеншілігіне, құрметке автоматты түрде алмасады. Сыйлаудан бойыңыздағы ұят, ұяттан намыс, намыстан күш-жігер, жігерден талпыныс оянады да өміріңізде өзгеріс өздігінен орын ала бастайды.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ТУЫСТАРМЕН қарым-қатынасыңыз ҚИЫНДАП кетсе, жақсартудың ОҢАЙ жолы бар

Ең мықты төрт психологтан 2020 жылға 4 СУПЕР кеңес