ТУЫСТАРМЕН қарым-қатынасыңыз ҚИЫНДАП кетсе, жақсартудың ОҢАЙ жолы бар

0
3 954

Кез келген қарым-қатынасты жақсартудың ең жылдам және ең оңай тәсілін білгіңіз келе ме? Олай болса бұл кеңес сіз үшін жазылды.


ТУЫСТАРМЕН қарым-қатынасыңыз ҚИЫНДАП кетсе, жақсартудың ОҢАЙ жолы бар

Отбасында кіммен арада түсініспеушіліктер, ұрыс-керіс, кикілжің жиі орын алып жүр?


  • Ата-анаңызбен?
  • Ата-енемен?
  • Күйеуіңізбен (әйеліңізбен)?
  • Бауырларыңызбен?
  • Ұлыңызбен?
  • Қызыңызбен?..
  • Жеңгеңізбен?


Уайымдамаңыз, кез келген қарым-қатынасты жақсартуға болады! Тіпті, ең қиын қарым-қатынасты да түзей аласыз.


ҚАЛАЙ?

Ең оңай жолын айтайын ба? Сіз өз рөліңізді дұрыс сомдасаңыз болғаны. Драматург Уильям Шекспирдің «Өмір – театр, ал адамдар актерлері» деген сөзін талай рет естіген де, оқыған да боларсыз. Алайда «Сценарийдегі менің рөлім қайсы? Мен оны қалай «ойнап» жатырмын?» деп ойланып көрдіңіз бе?

Сіз өмір-режиссер берген рөл ұнамайды дерсіз. Бірақ белгілі ағылшын драматургы Оскар Уайльд «Өзіңмен өзің бол, басқа рөлдер бос емес» деп ескертетінін де есте ұстаңыз.


Адам ұсынған рөлден бас тарта аларсыз, ал өмір берген рөліңізден қашып құтыла алмайсыз. Сіз басқа рөлдерді үздік ойнай алатын шығарсыз, бірақ өмір-режиссері берген рөлді жоғары дәрежеде сомдағанда ғана көпшіліктің қошеметіне, тағдырдың марапатына ие болатыныңызды естен шығармаңыз.


Тағдырдың қошеметіне ие болып, өмір-режиссерінің ризашылығын алғыңыз келсе, алдымен рөліңізді анықтап алыңыз. Сіз кімсіз?



УА, КІМСІЗ?

Әйелсіз бе, еркексіз бе? Енесіз бе, келінсіз бе? Әпке немесе сіңлі?... Түсінікті болу үшін, "перзент" рөліңізден бастайықшы.

Ата-анаңызға кімсіз? Перзент. Айтыңызшы, «перзент» рөлін дұрыс сомдап жүрсіз бе?


МЫСАЛ: Жаннұр мен Ақнұр апалы-сіңлі. Екеуі де тұрмыста, бала-шағалы. Жаннұр қолынан келгенше жақсы перзент болуға тырысып, анасына қымбат сыйлықтар жасайды, шипажайға жолдама да әперді. Тіпті ай сайын жалақысының бір бөлігін ауылдағы анасына жіберіп отырады. Күйеуімен, енесімен ұрысып қалса да оны анасына айтқан емес. Онсыз да уайымы көп анамды алаңдатпайын деп, өз мәселесін өзі шеуге үйренген. Бірақ анасы екеуінің арасындағы қарым-қатынас ұзақ жылдан бері сол күйі түзелмей келеді. Болмашыға ұрысып, келісе алмай қала береді.

Ал Ақнұр анасына қымбат сыйлық та жасамайды, жалақысын да бермейді. Отбасы мәселелерін айтып үнемі анасынан ақыл-кеңес сұрап телефон соғады.

Анасы қай қызын жақсы көреді деп ойлайсыз? Жаннұрды емес, Ақнұрды жақсы көреді. Неге? Сіз әділетсіздік дерсіз. Мен де солай айтар едім, бірақ өмір-режиссерінің сценарийіне үңілсеңіз, Ақнұр өзіне берілген рөлді дұрыс сомдап жүр. Ол «перзент» рөлінен шыққан емес.

Жаннұр ше? Ол перзент емес, «ана» рөлін сомдап жүр. Иә, анасының анасы боп жүр. Қалай?

Жаннұр үнемі анасына қалай өмір сүруді үйретіп әлек болады. «Ол дұрыс емес, былай етсеңізші» деп ақыл айтудан жалыққан емес. Зейнетақысын қалай, қайда жұмсау керектігін түсіндіреді. Анасына құдалармен қалай қарым-қатынас жасауды, тойға қалай киініп баруды, кімге қалай сөйлеуді де айтып үйретіп отырады...


Бақыласаңыз, Жаннұрдың әрекеттерінен, сөздерінен анасын тәрбиелегісі келетінін «көруге» болады. Жаннұр «ана» рөлін, ал анасы «перзент» рөлін сомдауда. Жаннұр мейлі ана рөлін сомдағысы келсе де анасы неге өз рөлінде қалмайды дейтін шығарсыз. Драматург Оскар Уайльдтың «Өзіңмен өзің бол, басқа рөлдер бос емес» деген сөзін еске алыңыз. Сценарий бойынша отбасында бір ғана ана рөлі бар. Екі адам бірдей «ана» рөлін сомдай алмайды, мұндайда автоматты түрде рөлдері алмасады.

Ешкім әдейі басқа рөлді сомдамайды, белгілі бір жағдай өзгенің рөлін «ойнауға» мәжбүр етеді. Анасы «Ана» рөлін дұрыс «ойнай» алмай жатқанын байқаған қызы оны өмір-режиссерінің сөгісінен қорғау үшін екі рөлді қоса орындауға тырысуы мүмкін. Бұны біз дұрыс дегенімізбен, өмір сценарийі бойынша қате. Ал, кез келген қателіктің өз жазасы бар.

Бұл жерде өз рөлін дұрыс «ойнай» алмаған ана кінәлі ме, әлде амалсыздан екі рөлді сомдауға тырысқан қызы ма? Өмір-режиссері үшін екеуі де кінәлі.



НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Әркім өзіне берілген рөлді үздік ойнауды ғана ойлауы керек. Мысалы, Жаннұр тек «перзент» рөлін сомдаса, анасы амалсыздан өз рөлін «ойнауға» тырысады. Тырыспаса онда оның жазасы өзі тартады. Бұл жерде Жаннұр да, Ақнұр да қанша тырысқанымен анасына көмектесе алмайды. Сондықтан әркім тек өзіне берілген рөлді жоғары деңгейде сомдауды ғана ойлағаны жөн. Басқа жол жоқ!

Перзентсіз бе, ең жақсы перзент болыңыз. Болды, осы ғана сіздің рөліңіз! Ата-анаңызға ақыл айтатын психолог, үйрететін ұстаз, қай ісінің дұрыс, қай ісінің бұрыс екенін анықтап беретін сот та болуға тырыспаңыз, ол рөлдердің ешқайсысы бос емес.

Сонымен, сіз «перзент» рөлін сомдап ата-анаңызбен қарым-қатынасыңызды жақсарттыңыз делік. Дәл сол сияқты сіз басқа да жақын адамдарыңызбен арадағы қарым-қатынастарды жеке-жеке қарастыра отырып, бәрін де түзей аласыз.


Есте сақтаңыз, сіз өз перзенттеріңізге ана, күйеуіңізге әйел, ата-енеңізге келін, ал құрбыңызға дос рөліндесіз. Осы қарым-қатынастарда өзіңізге берілген рөлді алмастырып алсаңыз, міндетті түрде келіспеушілік пен түсініспеушілік мәселелері туындайды. Бұл өмір заңы.


Қарым-қатынаста мәселе пайда болса, ойланыңыз да дұрыс «ойнаңыз». Сонда ғана бәрі түзеледі.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Ең мықты төрт психологтан 2020 жылға 4 СУПЕР кеңес


Арман ҚАЙТКЕНДЕ орындалады?