Бір жылға жететін күш-қуатты қалай «жинауға» болады?

0
8 106

Күш-қуатты қайдан алуға болатынын білген дұрыс, бірақ оны қалай босқа шығындамауды үйренген жақсы.


Бір жылға жететін күш-қуатты қалай «жинауға» болады?

Интеллектуалдық, психологиялық және физикалық жұмыста үзіліс болмаса, адамның да қуаты таусылады.

Күш-қуатты сарқа жұмыс істеудің денсаулыққа, адам өміріне зиянды екенін анықтаған мамандар балалар үшін жазғы демалысты, ал үлкендерге арнап еңбек демалысын ойлап тапқан.

Ал, сіздің еңбек демалысын қалай өтуде? Оны дұрыс пайдаланып жатырсыз ба?


Дәл қазір жазғы демалыс науқаны. Таныстарыңыздың инстаграмдағы парақшасын ашып қарасаңыз, бәрі де демалыс орындарында, табиғат аясында, бассейнде...

Иә, сіз де отбасыңызбен, достарыңызбен демалыс аймақтарында болып, саф ауа мен таудың суынан бір жылға жететіндей қуат алып, күш жинап жүрген боларсыз?!

Дұрыс, адам қуатты Табиғат-анадан алады, табиғи өнімдерден жинайды. Сондықтан, жазғы уақытыңызды табиғаты тамаша орындарда, тауда, ауылда, сондай-ақ жақсы адамдар ортасында өткізіп, қымыз-қымыран мен бұлақ суын көбірек ішуге арнаңыз.


Міне, бұлар – тәніңізді ғана емес, ойыңызды да тынықтырып, қуаттандыратын негізгі көздер. Ал, жинаған қуатыңыз бір жылға жетпей жылдам таусылып қалмау үшін, мынандай ережелерді қатаң есте ұстағаныңыз жөн.


1. Бастаған істі аяқтауды үйреніңіз!

Бір істі бастадыңыз ба, соңына дейін жеткізіңіз. Мысалы, бастығыңыз осы аптада мекеменің 25 жылдық мерейтойына қонақтарға шақыру хат мәтінін дайындау керектігін міндеттеді делік. Мерейтойға әлі бір айдай уақыт бар, бірақ мәтінді жазып бастап қойдыңыз, алайда аяқтамадыңыз. Осы мәтінді аяқтамайынша бұл тапсырма сіздің ой қуатыңызды «сора береді». Дәл сол сияқты кез келген бастаған істі аяқтап тастамайынша қуатыңызды ол өзіне «соруын» доғармайды дейді аранйы мамандар. Бұны тоқ көзіне тығылған техникалық тұрмыстық затқа ұқсатуға болады. Оны тоқтан суырмайынша, электр қуатын сорумен болады.

Олай болса, істі бастамаңыз, ал бастадыңыз ба, соңына дейін жылдам бітіруге кірісіңіз.



2. Уәдеңізді орындаңыз немесе уәде бермеңіз!

Орындалмаған уәде де аяқталмаған іс секілді, айтылған күннен бастап қуатыңызды сарқуға кіріседі. Сондықтан да данышпан халқымыз «Айтылған сөз – атылған оқпен тең», «Уәде – құдайдың сөзі», «Ер жігітітң екі сөйлегені – өлгені» деп бекерге айтпаған.

Ендеше, уәдеңізге берік болыңыз. Ал, қолыңыздан келмесе, уәде бермеңіз ешкімге.



3. Қарызды уақытылы қайтарыңыз!


Біреуден қарыз алып, оны уақытылы қайтармау да қуатты соратынын есте ұстаңыз. Бұған банктегі несиені уақытылы төлемесеңіз, банк қызметкерлері әр түрлі телефон нөмірімен күніне бірнеше рет қоңырау шалып мазалап жүйкеңізді тоздыратынын мысал етуге болады. Адамның қуаты ашуланғанда, уайымға салынғанда, күйгелектенгенде көп жұмсалады екен. Жиналуы қиын қуатыңызды оңай шығындағыңыз келмесе, дұрысы, ешкімнен қарызға ақша алмай-ақ қойыңыз.



4. Ренжу, өкпелеу
Бауыр, ағайын-туыспен байланысты үзіп, олармен араздасып жүрсеңіз де күш-қуатыңыз кемиді екен. Өмірден түңілу, әлдебіреуге ренжу, кек сақтау қуатыңызды сарқылтады.

Байқасаңыз, сіздің ренішіңіз тек өзіңізге, денсаулығыңызға зиянды. Олай болса, кешіріңіз, кешірім сұрай салыңыз.



5. Қорқыныш, сенімсіздік

Бұл екеуі де реніш секілді қуатты кеміреді. Ағза үнемі үрейде және басқа адамдарға, я болмаса өмірге сенімсіздікпен қорқа, үрке қарайтын болса оған ауру үйір болады. Неге? Өйткені, қорқыныш, сенімсіздік қуатыңызды кемітеді. Ал, қуаты аз ағзаның қорғаныс қабілеті де төмен болады.

Қорықпаңыз: болатын іс қанша қарсылассаңыз да болмай қоймайды, ал болмайтын нәрсе сіз қанша тырыссаңыз да орындалмайды. Сондықтан, әрекет етіп көріңіз, егер өнбей жатса өзіңізді қинамаңыз. Бір Жаратушыға сеніңіз және тек Одан ғана қорқыңыз!



6. Өтірік айтпаңыз!


Психологтардың айтуынша, адамның көбісі сыртқа басқа адамның кейпінде көрінгісі келеді екен. Яғни, өтірік сюжеттер құрастыруға әуестер көп. Егер, сіз де сондай адамдардың қатарында болсаңыз, «барды бар, жоқты жоқ» деп айтудан ұялмауға үйреніңіз. Өйткені, адам ойдан өтірік қиюластырғанда ми қыруар қуат жұмсап, аз уақытта көп қуатты жоғалтуға тура келеді. Күш-қуатыңызды одан да пайдалы іске, мақсатты жұмыстарыңызға жұмсаңыз, өтірік құрастыруға емес.


7. Көп сөйлемеңіз, тоя тамақтанбаңыз!

Бұл екеуі де ағзаның қуатын құртушы. Аңғарсаңыз, көп сөйлегенде шаршап, әлсіреп қаласыз. Дәл сол сияқты, тоя тамақтанғанда да жұмысқа зауқыңыз соқпай жатып қаласыз. Солай ғой! Әр нәрсенің өз шегі бар. Аузына келгенін сөйлей беру – ақымақтың ісі, алдына келгенін жей беру – ауанның ісі.

Күш-қуатыңызды босқа шығындамауды ойласаңыз, артық астан, өсек-аяң айтудан және спирті ішімдіктерден өзіңізді тыя біліңіз.


Міне, осы 7 ережені есте ұстасаңыз, сіздің бойыңыздан да, ойыңыздан да қуат жыл бойы таусылмайды.

Ал, оқырман, бұл ережелер қатарына сіз тағы нені қосар едіңіз?

(суреттер ашық дереккөздерден алынды)

Ж. СМАҒҰЛОВА

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз


Бұл ТӘСІЛМЕН бар-жоғы 21 күнде өміріңіз ӨЗГЕРЕДІ


РЕНІШТІ жылдам ұмытыңыз, әйтпесе...қатерлі дертке шалдықтыруы мүмкін