Бұл ТӘСІЛМЕН бар-жоғы 21 күнде өміріңіз ӨЗГЕРЕДІ

0
10 145

Мұң... кесел... көңілсіздік... өкпе-реніш... жетпейтін қу дүние... қарыз... жалғыздық... ұрыс-керіс...түңілу... Құтылып, өміріңізге өзгеріс енгізгіңіз келе ме? Онда бұл тәсіл сізге арналады.


Бұл ТӘСІЛМЕН бар-жоғы 21 күнде өміріңіз ӨЗГЕРЕДІ

«Әлемді сұлулық құтқарады» дейді біреулер. Келіспеймін. Әлемді махаббат құтқарады! Махаббаттан туатын мейірімділік, адамгершілік-рухани қасиеттер мол болса, жер бетінде соғыс, отбасыларда ажырасу мен ұрыс-керіс, ағайын-туыстың арасында араздық болмас еді.

Әрине, сіздің шаңырағыңызда махаббат жоқ болғандықтан ұрыс-керіс орын алуда деп айтудан аулақпын. Махаббат сіздің отбасыңызда бар, бірақ жеткіліксіз. Оны арттыру керек! Қалай?


Таудың басына қанатымен ұшып қыран да, бауырымен жорғалап жылан да шығатыны секілді, өмірге өзгеріс енгізудің жолы көп болар, ал мен белгілі Луиза Хейдің 21 күнге арналған психологиялық тәсілін ұсынамын. Сізге бар болғаны үлкен айна, дәптер мен қаламсап, өзгеріске деген сенім және жақсы көңіл күй ғана қажет.


ПАЙДАСЫ ҚАНДАЙ?


21 күннен кейін:

Өзіңізге деген сенімділік артады

• Ұйықтап жатқан шығармашылық қабілеттеріңіз оянады

• Тосын жағдайларда ұстамды, байсалды болуды үйренесіз

• Өзіңіздің бағаңызды жоғары ұстайтын боласыз

• Жүрегіңізге сүйіспеншілік ұялайды

• Болмашыға өкпелеу мен реніштерге жол бермейсіз

• Стрестен құтыласыз

• Өзіңізді сүюді үйренесіз

Міне, санаңыздағы осындай өзгерістер өміріңізге де үлкен өзгеріс енгізеді. Тіпті, бұл әдісті қолданып көргендер сыртқы келбетінде, дене пішінінде де өзгеріс болғанын айтады. Кейбір дерттері дәрісіз-ақ емделіп, диетасыз-ақ бірнеше кг салмақ тастағандар да бар екен.


БАСТЫ ЕРЕЖЕСІ

«Айналаңыздағы адамдар – өзіңіздің айнаңыз», «Алдымен өзіңді тәрбиеле, сонда жарың да, балаларың да өздігінен тәрбиеленеді», «Өзің өзгер, сосын басқалар өзгереді» дегенді жиі естіп, оқып жүрген боларсыз.

Психолог мамандар «Аурудан құтылу үшін тәніңді жақсы көр. Әлдебіреуге деген жеккөру сезімінен арылу үшін оны жақсы көр» дейді. Дәл сол сияқты адам өміріндегі психологиялық мәселелерден біржолата алыстау үшін өзін сүю керек екен. Өзіңізді шынайы сүюді үйренгенде айналаңыздағы адамдардың сізге деген қарым-қатынасы, ал сіздің өмірмен қарым-қатынасыңыз өзгереді.

Иә, жақын туыстармен, бір шаңырақ астындағы отбасы мүшелерімен жақсы қарым-қатынас орнату үшін, алдымен сіз өзіңізбен қарым-қатынасыңызды дұрыстауыңыз керек. Күйеуіңізге сүйікті болуыңыз үшін, ең бірінші сіз өзіңізді өзіңіз сүюді үйренгеніңіз дұрыс. Сонымен, сіз бүгіннен бастап өзіңізді осы қалпыңызда жақсы көруге дайынсыз ба? Ал, ендеше, жаттығуды орындауға кірісейік.


ОРЫНДАЛУ ТЕХНИКАСЫ

1. Таңертең ұйқыдан тұрған соң, тісіңізді тазалап болғаннан кейін үлкен айнаның алдына отырыңыз. Терең тыныс алыңыз. Айнаға жақындап көзіңізге тіке қараңыз. Мейір-махаббатқа толы көзбен 1 минуттай уақыт қарап, іштей «Мен сені жақсы көрем» деп 5-6 рет қайталаңыз.

Дана Абай атамыз «...Ғашықтың тілі – тілсіз тіл, көзбен көр де ішпен біл...» демей ме?! Жаттығудың бірінші әдісі – айнадағы өзіңізге көз арқылы жақсы көретініңізді білдіру.

2. Терең тыныс алыңыз да айнадағы өзіңізге қарап, мына аффирмацияны айтыңыз: «Мен сені жақсы көргім келеді. Шынайы жақсы көруді үйренгім келеді. Бүгіннен бастап сенімен жақсы қарым-қатынаста боламын».

Тағы да терең тыныс алыңыз да «Мен шынымен сені жақсы көруді үйренем. Мен шынымен сені сүюді үйренем» деп қайталаңыз.

Терең тыныс алып, көзіңізге тіке қарап «Мен сені (атыңызды атаңыз, мысалы: Жазира) жақсы көруді үйренгім келеді. Мен сені сүюді үйренгім келеді».

3. Айна техникасы аяқталды. Енді осы қайталап айтқан аффирмацияларды дәптерге жазыңыз.

4. Ал, түнде ұйқыға жатарда тағы да айнамен жаттығу жасайсыз. Айнадағы өзіңіздің көзіңізге тіке қарап «Мен өзгеруге дайынмын. Мен өміріме жақсы өзгерісті қабылдаймын. Өзгеріске, жақсы жаңалықтарға ашықпын» деп айтыңыз.


Бұл 1-ші күні орындалатын жаттығу. Қалған 20 күнде сіз әр күнді дәл осылай айна жаттығуымен бастауыңыз керек. Бұл күндері «Сүюді үйренгім келеді» деп емес, «Мен сені сүйем. Мен өзімді жақсы көремін, сондықтан да мен кешіре білемін, өткенді және барлық өткен тәжірибемді ұмытамын, сөйтіп бостандық аламын. Мен өзімді жақсы көремін, сондықтан да тек бүгінгі күнмен, оның әрбір сәтінен рахат ала өмір сүремін және мені жарқын да қуанышты болашақ күтіп тұрғанына сенемін» деп айтасыз.

Сондай-ақ әр күні күнделікке өзіңізді қалай және не үшін жақсы көретініңізді жазуды да ұмытпаңыз. Және айнаға көзіңіз түсіп кеткен сайын, айна алдынан өтіп бара жатқанда өзіңізге қарап жақсы сөздер айтуға әдеттенгеніңіз дұрыс. Тіпті, қалтаңызға кішкентай айна салып жүрсеңіз де болады. Қолыңыз жұмыстан қалт еткенде айнаға қарап күлімсіреп «Бүгін өте сұлусың!», «Сені қатты жақсы көрем» деп айтуға бірер секундыңызды арнай біліңіз.


Бастапқыда айнадағы өзіңізге тіке қарау, диалог құру, өзіңізге «жақсы көрем» деп айту қиындық тудыруы мүмкін. Бірақ кейін тек үйдегі айнаға ғана емес, киім дүкеніндегі, жұмыстағы қол жуатын бөлмедегі айнаға да қараған сайын қиналмастан «Мен сені жақсы көрем, сұлуым» деп айту дағдыға айналады.

Дәл қазір айнадағы өзіңізді көрігіңіз келмейтін шығар, ал 21 күннен соң айнадағы бейнеңіз сіздің ең жақсы досыңызға айналады.


ЕСТЕ ҰСТАҢЫЗ

Егер, 21 күннің ішінде жақсы бір өзгеріс немесе қуанышты бір жағдай орын алса, айнаға қараған сайын өзіңізге «Рахмет! Рахмет! Мен сені жақсы көрем» деуіңіз керек, ал көңіл түсіретін оқиғаға тап болсаңыз онда да айнаға қарап «Бәрібір мен сені жақсы көрем. Бәрі жақсы болады. Сен сүйіспеншілікке лайықтысың!» деп айтыңыз.

Қиын жағдайда айнаға қарап өзіңізге қолдау көрсетіңіз, ал қуанышты сәттерде өзіңізді мақтап мадақтаңыз.

Әрине, 21 күнде өміріңіз 180 градусқа өзгереді деп келте ойлаудан аулақ болыңыз. Үш аптада үйренген аффирмацияларды қайталау, жаттығу тәсілдері сіздің күн тәртібіңізге енуі керек.

Махаббат сіздің ішкі әлеміңізді күйзелістен, жалғыздықтан, тоқыраудан құтқаратынына сеніңіз. Ал, ішкі әлеміңіз махаббатқа толса, сыртқы әлеміңізде де өзіңіз ойлағандай өзгеріс болады. Бұған күмәніңіз болмасын!

(суреттер ашық дерекөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


РЕНІШТІ жылдам ұмытыңыз, әйтпесе...қатерлі дертке шалдықтыруы мүмкін


СЕМІЗ және ОТБАСЫ ЖОҚ адамдардың мұндай КЕҢЕСІН тыңдауға болмайды