Бұл 5 нәрсені еркекке істемеңіз (әйелдерге кеңес)

0
5 934

​Бұны тек күйеу іздеген қыз-келіншектер ғана емес, отағасы бар әйелдер де білуі тиіс.


Бұл 5 нәрсені еркекке істемеңіз (әйелдерге кеңес)

Фото: 309write.com

Психологтардың айтуынша, әйелдердің басты қорқынышы – жалғыздық екен. Сондықтан да тұрмысқа шығу үшін, еркектің жүрегінен бір орын табу үшін бәріне дайын тұрады. Дұрыс-ақ, дегенмен әрнәрсенің өз шекарасы болатынын да естен шығармаған жөн.

Осы орайда жантану мамандары айтқан мынандай бес нәрсенің шегін білген абзал.



1. Қаржылай КӨМЕК

Әрине көмек беруге болады, алайда көмектің түр-түрі бар екенін білу керек. Ер-азамат қаржылық қиындыққа тап болса, оған сөз жәрдемін беріп, дұрыс жол нұсқаңыз. Бірақ оның қарыздарын төлеуге, қиындықтан шығаратын ақша ұсынуға болмайды.

Тіпті қаржылық мәселелерінен шығуға көмек болсын деп, оған қосымша жұмыс іздеп, таныстарға қоңырау шалу да – үлкен қателік дейді психологтар. Өйткені еркектің қаржылық мәселесін шешуге араласқан әйелдің 90 пайызы соңында өкініш білдіреді екен. Және еркектің 10 пайызы ғана бұндай көмектің бағасын білетін көрінеді.

Сонымен қатар әйел «Ол – еркек, жағдайлардан өзі шыға алады» деген ойда болу керек екен. Ал егер «Ол менсіз ешнәрсе істей де алмайды, мәселесін шеше де алмайды. Мен ғана оған көмектесе аламын» деп ойласаңыз, онда ешнәрсе өзгермейді. Әрине бір ордан шығарарсыз, бірақ ол көп ұзамай-ақ екінші қарыз шұңқырына құлайды. Осылай жалғаса береді.



2. Қымбат СЫЙЛЫҚ


Фото: img4.goodfon.com

Сүйіңіз, құрметтеңіз, мақтаңыз, дәмді асын әзірлеп, киімін жуып, мінсіз қызмет етіңіз, бірақ қымбат сыйлық жасауды ұмытыңыз. Нағыз еркек үшін әйелдің тәтті сөзі, жағымды атмосферасы, романтикалық кешкі ас ұйымдастыруы, оған бөлген уақыты, махаббаты, екеуінің қанынан жаралған балалары – ең жақсы сыйлық.

Әрине туған күнде, мерекелерде әйелдің тарапынан сыйлық жасалғаны дұрыс-ақ. Егер сыйлық жасағыңыз келсе, өз қолыңызбен тоқылған шұлық немесе сүлгі т.б. тарту етіңіз. Ал көлік, соңғы үлгідегі смартфон, бренд қолсағаты, трендтегі қымбат сыйлықтармен жүрегін жаулаймын десеңіз – қателесесіз. Бағалы сыйлық арқылы оның бағалысы болам деп ойлау – келте.

Психологтар әйелдің еркекке сыйлаған қымбат сыйлықтары қарым-қатынастағы сүйіспеншілікті, сыйлыстықты «пайдаға», «пайдалануға» айналдырады дейді.



3. АЯУ, аяушылық

Кейбір еркектер қыз-келіншектерге, әйеліне өзіне ғана қатысты жеке мәселесін айтып, өмірге шағымданғанды ұнатады. Ал әйелдер еркектің мұңын тыңдасам қарым-қатынасымыз тереңдей түседі деп ойлайды. Мүмкін, бірақ мұңын тыңдай берсеңіз, бір күні оның өмірлік мәселелерінің арасында жүргеніңізді аңғармай да қаласыз. Сонымен бірге психологтардың көпжылдық зерттеуі бойынша мұндай еркектердің сезімі мұңын тыңдап аяушылық танытқан әйелдерге оянуы өте аз кездеседі. Сондай-ақ ондай еркек өмірінің, отбасының барлық жауапкершілігін бірте-бірте әйелдің қолына беріп, эгоистке, жатыпішерге айналады екен.

Мейірімді болған дұрыс, бірақ оны аяушылық сезімімен шатастырмаңыз. Әркез ол шағымын айтқанда «Жас бала емессің, азаматсың. Өз мәселеңді шеше алатын өз басың, екі қолың, санаң, күш-қайратың бар» деп, оның мұңлы әңгімесін үзуге тырысыңыз. Тақырып ауанын басқа жаққа аударып, тыңдамаудың жолын қарастырыңыз. Мұндай ер-азаматтарға әйел неғұрлым салмақты әрі салқындау болғаны дұрыс. Сонда ол біртіндеп мұңын айтуды доғарады және жауапкершілікті өз қолына алады.

Нағыз азамат өзгелердің аяғанын қаламайды, ол қажет болуды, керек еткенді қалайды. Оны аяймын деп, өзіне деген сенімділігін, еркектік мінезін жойып алмаңыз.



4. АҚЫЛ-кеңес


Фото: meme-arsenal.com

Ерлі-зайыптылар, қыз-жігіт бір-бірімен ақылдасып тірлік жасағаны құптарлық. Алайда қадам жасауға болатынын, қандайда бір мәселенің шешімін айтқанда таңдауды әркімнің өзіне қалдыру керек.

Есте ұстаңыз, пікір білдіру басқа да, ақыл айту басқа. Егер психолог қабылдауында болсаңыз, тіпті білікті, тәжірибелі маманның өзі ақыл айтпайды. Тек жол нұсқайды, көрсетеді және таңдауды өзіңізге қалдырады. Сіз де осылай етіңіз.

«Өзің қайсысы дұрыс деп ойлайсың? Жүрегіңді тыңда» дегеннен артық кеңес бермеңіз. Сонда ешқашан кінәлі болмайсыз, ешкім кінәламайды.

Сонымен қатар, ақыл-кеңес айту – жауапкершіліктің бір бөлігін өз қолыңа алу екенін есте ұстаңыз.



5. Одан бақыт ІЗДЕУ

Қыздардың кейбірі жұмыссыз, ынжық немесе жалқау жігітін сүйрелеп жүреді. Оны рухтандырғысы кеп, психологиялық, я болмаса мотивациялық кітаптар сатып алып қолына ұстатады. Осы тұрғыда күнде телефонына видеожазбалар жібереді. Одан жақсы жігіт «жасап», кейін тұрмысқа шықсам бақытты боламын деп ойлайды. Күйеуінің қарыздарын төлеп, тоқпағына шыдап, «Соның-ақ айтқаны болсыншы, алдымен ол бақытты болса, мен де бақытсыз болмаспын» деген түсінікпен өзін құрбан етіп жүрген әйелдер де көп. Ал психологтар бақытты өзгеден іздеу – қателік дейді.

Әрине «Жаман еркекті жақсы ететін де, жақсыны жаман ететін де – әйел» деген нақыл бекерге айтылмаған. Әйтсе де әйел өзін дамытуды, өзіне көңіл бөлуді де ұмытпағаны жөн.

Психологтар еркекті рухтандырудың ең жақсы әдісі – әйелдің бақытты күйде әрқашан көңілді жүруі, өзіне күтім жасап әсемденуі, өз сүйікті ісімен айналысуы дейді. Өйткені еркекті түзейтін де, табыскер етіп қуаттандыратын да оның өзі емес, энергиясы екен. Ал әйелдің энергиясы ол сүйікті ісімен айналысқанда, ыдыс жуып, ас пісіргенде және күлімдеп жүргенде артады.


Есте ұстаңыз, әйел де, еркек те – ермексаз не қуыршақ емес, олар – адам, жеке тұлға. Жаратушы барлық адамға өзіне жетерлік ақыл-сана, өз мәселелерін шеше алатын күш-қайрат берген. Екеуі де жұбының қандай болғанына қарамастан, ең жақсы жарға лайықты болуға ұмтылса ғана – қасындағысы соған қарай икемделеді.


Бұл психолог мамандарының айтқаны. Ал сіз не дейсіз, оқырман?

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Қалауыңызды «ҚҚҚ» формуласымен анықтасаңыз, қателеспейсіз


Жылап отырған үлкен адамды қалай жұбатуға болады?