Бұны досы, жары, туысы, бауыры бар әрбір адам білуі керек.
Біреу жақынын, біреу жұмысын жоғалтып жылайды. Тағы біреу басына қиын іс түскенде көз жасына ерік береді. Өмірдің таусылмайтын сынақтарымен күресуге шамаң қалмағанда ыстық жасты бөгеп қала алмайтын да сәт болады.
Әйтеуір үлкен адамның себепсіз жыламайтыны белгілі. Жұбатқыңыз келеді. Бірақ сөз таппай абдырайсыз. Иә, қарсы алдыңызда біреу мәселесін айтып жылап отырса, не істеріңізді білмей дал боласыз.
НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Жаны қиналғанда, тәні ауырғанда, тығырыққа тірелгенде адамның жылауы – қалыпты жағдай. Іштегі уайым, мұң, қайғы, ашу, ыза не көз жасымен, не сөзбен сыртқа шығуы керек. Сондықтан да ең бірінші – жылаған ересек адамның жасын тоқтатуға, қандай да бір әрекет жасауға асықпау керектігін білген жөн.
1. Асықпаңыз!
Дәл қазір оған сөз де, іс-әрекет те қажет емес. Ол іштегі зарын, шерін көз жасымен жуып шығаруды ғана қалайды. Бұл табиғи жағдай. Жылағаннан соң адам бір жеңілдікті сезіп, ішіп босап қалғандай күй кешеді.
Оо осындай күйге келгенше үндемей қасында болыңыз. Жай жанында отырудың өзі – жылаған адамға үлкен көмек екенін есте ұстаңыз.
2. Эмоциясына бөгет жасамаңыз!
«Болды, жылай берме!», «Өмірдің сынағы ғой, амал жоқ көнесің!», «Соған бола жылап қайтесің? Сен қазір қайратты болуың керек!», «Көз жасыңа тұрарлық емес», «Әрине қиын ғой» деген секілді сөздерді айтпаңыз.
Біреу айқайлап, біреу өксіп, жылап іштегі дертін, күйігін сыртқа шығарады. Сонда ғана оның ауырлығы жеңілдейді. Ендеше, көмектескіңіз келсе – эмоциясын түгел шығаруына бөгет болмаңыз.
3. Себебін сұрамаңыз!
Не үшін жылап отырғанын айтпаса, сұрамаңыз. Кейде жұбатамын деп, көп сұрақ қойып кететіндер бар. Жылап отырған қайғылы адамға тергеуші керек емес. Ал себебін білгеніңізбен сіз оның мәселесін түгел шешіп, жағдайын түзеп бере алмайсыз. Бұны ол да, сіз де білесіз.
Сондай-ақ сұрақтан сөз туып, «Ой, болмашы нәрсе ғой», «Бұдан да қиын жағдайды бастан өткізіп жатқандар бар» деп, оның жанын одан бетер ауыртып алуыңыз мүмкін.
Әбден жылап болғаннан кейін беторамал не салфетка ұсыныңыз. Беторамал жоқ болса, «Салфетка алып келейін бе? Әлде бетіңді жуасың ба?» деп сұраңыз. Бұл «Жасыңды сүртіп жұбатқым келеді» деген ниетіңізді, көмекті білдіреді.
4. Жақсы тыңдаушы болыңыз!
Егер ол не себепті жылағанын айтса, «Қалай?», «Неге?» деген сияқты сауалдармен сөзін әр жерінен бөле бермеңіз. Бұндай жағдайда оған тек жақсы тыңдаушы керек.
Естіп отырғаныңызды сөзбен емес, оның қолынан немесе иығынан ұстап, құшақтап білдіргеніңіз дұрыс. Жылаған адам үшін мың сөзден сіздің осындай бір ғана әрекетіңіз (құшақтау, қолын қысу, иығынан ұстау т.б.) артық.
5. Кедергі келтірмеңіз!
Өксігі басылған соң, ішіндегі шері сыртқа шыққаннан кейін қайғылы адам көбінесе тыныштықты қалайды.
Егер ол жалғыз қалғысы келетінін айтса, «Жоқ, мен сені мұндай жағдайда қалдыра алмаймын» деп, қалауына қарсы келмеңіз. Бұндайда «Жарайды. Бірақ қажет боп жатсам, кез келген уақытта хабарлас» деп айту жеткілікті.
6. Уәде бермеңіз!
Қолыңыздан келмесе, біреудің мәселесін шешуге, қайғысын жеңілдетуге артық уақытыңыз болмаса, «Менен не көмек керек?», «Бармыз ғой, жәрдемдесеміз» деп құрғақ уәде берудің қажеті жоқ. Әрине егер күнде жанынан табылып, оған уақыт арнай алатын болсаңыз, уәде беруге болады.
7. Ақыл айтпаңыз!
Оған ақыл емес, жұбаныш болатын сөз қажет. Есте ұстаңыз, оның басындағы жағдайды тұла бойыңыздан өткізіп, күйін сезініп көрмесеңіз, ақыл айтуға, кеңес беруге болмайды.
Бұндай жағдайда оған ата-анасы мен психолог және психотерапевт маманына ғана ақыл айтуға рұқсат.
8. Мәселенің шешімін іздемеңіз!
Өз мақсатыңызды біліңіз. Сіздің мақсатыңыз – жылағанды жұбату ғана. Сондықтан мәселесінің шешуін іздеп өзіңізді де, оны да әурелемеңіз.
Одан да қазіргі күйінен шығару үшін таза ауаға ертіп шығыңыз, су ұсыныңыз. Қатар жүріп жай серуендеп қайту да – жақсы жәрдем.
Есте ұстаңыз, тірі адам ғана жылайды. Ал тірі адам тіршілігін жасайды, барлық қиындықты еңсере алады. Сондықтан да жылаудан да, жылағаннан да қорқудың қажеті жоқ. Бірақ жұбатып, көмектескен дұрыс.
(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)
Жазира СМАҒҰЛОВА,
Тағы да оқыңыз:
Мамандықты Е.А.Климов тәсілімен таңдап көріңіз
АҚША ЖОҒАЛТЫП ала бересіз бе? Бұл Сізге берілген БЕЛГІ болуы мүмкін