Бұл формуланы тек мамандық таңдауда емес, жұмысты ауыстыру үшін де қолдансаңыз – адаспайсыз.
Ата-анадан бөлек кетіп, өз алдыңа өмір сүру үшін жұмыс істеу керек. Ал ол үшін мамандық қажет. Сондықтан да жоғары сыныпқа өткеннен-ақ оқушыларды «Кім болам?» деген сұрақ мазалай бастайды.
Ал мектепті бітірген соң қайда барса да, жаңа ортада «Кімсің? Не жұмыс істейсің?» деп сұралады. Бұл адам өмірі үшін мамандықтың маңыздылығын білдіреді.
Психолог мамандар өмірдегі осы маңызды сәтте мейлінше шатаспаған дұрыс дейді. Ал қазір жоғары сынып оқушылары мамандық таңдап, маңызды қадам жасағалы отыр. Бұл орайда оқушыға «ҚҚҚ» формуласы көмектеседі.
«ҚҚҚ» формуласы
«Қалаймын-Қолымнан келеді-Қажет» формуласымен мамандық таңдау 3 қадамнан тұрады.
1 ҚАДАМ: «Нені қалаймын?», «Қалауым не?» деген сұрақтарға нақты жауап іздейсіз. Адамның қалауы оның басты арман-тілектерінің, қызығушылықтарының және мақсаттарының жиынтығынан құралып, пайда болады.
Қалауыңызды нақты білу үшін «Қай жерде жұмыс істегенді қалайсыз?» деген сұраққа жауап беріңіз. Жауап жазбаша түрде болуы керек.
Мектеп, университет, аурухана, темір жол вокзалы, дүкен, телеарна, әуежай, автосалон, асхана, ресторан, кинотеатр секілді нысандар, қызмет көрсету, ойын-сауық орындары көп. Ұнайтынын жазыңыз.
2 ҚАДАМ: Қолыңыздан не келетінін, нені жақсырақ орындай алатыныңызды анықтаңыз. Мынандай қызмет түрлерінің бірін таңдаңыз.
- Басқару
- Қызмет көрсету
- Білім және тәрбие
- Сауықтыру, емдеу
- Шығармашылық, көркемдеу
- Өндіріс, өндіру
- Құрастыру
- Зерттеу, іздену
- Қорғау, тәртіп сақтау
- Бақылау
Егер тізімдегі қызметтердің бірнешеуін таңдасаңыз, темпераментіңіз бен қабілетіңізге қарай сараптаңыз. Қайсысын бәрінен жақсы орындай алатын біреуін ғана қалдырыңыз.
3 ҚАДАМ: Бірінші қадамда анықталған қалауыңыз бен екінші қадамдағы қызмет түрін байланыстырып, бір мамандыққа таңдау жасаңыз.
Бүгінде интернет қолжетімді. Интернеттен мамандықтар тізімін іздеп табыңыз да, оқып шығыңыз. Қоғамға, адамдарға қажеттілігі мен сұранысын салмақтай отырып, өзіңізге ұнаған бір мамандықты жазыңыз. Ол сізідң қалауыңызбен, қабілетіңізбен сай келе ме?
Ойланыңыз, ҚҚҚ формуласымен қайтадан жұмыс істеп қайталаңыз. Бәрін қорытып, жаныңыз қалайтын, қолыңыздан келетініне тоқтаңыз. Міне, бұл сіздің өміріңіздің табысты, жетістікке толы және бақытты болуы үшін қажет мамандық.
Бүгінде еліміздегі жұмыспен қамту орталықтары арқылы барлық жастағыларға арналған тегін оқытылатын қысқа мерзімді кәсіптік курстар бар. ҚҚҚ формуласын пайдаланып, мамандығыңызды да, жұмысыңызды да ауыстыру ешқашан кеш емес.
(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)
Ж. Смағұлова,
Тағы да оқыңыз:
Жылап отырған үлкен адамды қалай жұбатуға болады?
Мамандықты Е.А.Климов тәсілімен таңдап көріңіз