​Энергияңыз ОСЫ ЕКЕУІНЕ кетіп жатыр

0
1 585

Бұны білсеңіз, шаршап қала беруден құтыласыз.


​Энергияңыз ОСЫ ЕКЕУІНЕ кетіп жатыр

Фото: ашық дереккөзден алынды

Жаңа жылдың бірінші айы зырлап өтіп барады. Ал сіз жоспарлаған істеріңізге кірісуге әлі күш-қуат таба алмай жүрсіз бе? Жұмысты бастамай жатып-ақ шаршап қаласыз ба?

Мұндайда дәрігер ең бірінші дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтына көшуді, темір мен D3 дәруменін қабылдауды ұсынатыны белгілі. Ал психологтар не дейді?


Психолог мамандары ең алдымен энергияңыздың қайда кетіп жатқанын біліп алған жөн екенін айтады. Үйдегі құбыр тесілсе, оны бітемейінше су аға береді ғой. Сол сияқты энергияңыз босқа кетіп жатқан жолдарды жабуыңыз керек. Содан соң ғана жоғалған энергия орнын толтырып, қалпына келтіруге көшесіз.

Психологтар тәжірибесінде қуатты сорып алатын негізгі екі жол анықталған. Осы екі жолға бөгет қоймасаңыз, энергияңыз таусылып қана қоймайды, бір күні жүйкенің сыр беруіне апарады. Олар қайсы?


1. Иықтағы жүктің көбеюі

Әркімнің иығында, арқасына да артып алған жүгі болады. Осы жүк тым ауырлап кеткенде адамның жұмыс істеуі, қимылдауы, жүріп-тұруы қиындайды. Физикалық денеге ғана емес, ойға да күш түсіреді.
Энергияның тез таусылып, шаршап қала берудің бір себебі осында жатыр. Арқалаған жүгіңізді сорттаңыз, саралаңыз.

Көзге көрінбейтін ауыр қаптарды біртіндеп иығыңыздан алып, ашып көріңіз. Ол үшін әрине, қағазға әр жүктің атауын жазып отырған дұрыс. Сонда өзге біреудің жүктері де анықталады. Басқалардың жүгін (өмір сабағын, тағдыры жіберген сынақтарын, жеңісі мен міндетін, қателігін, жауапкершілігін т.б.) өздеріне таратып беріңіз.

Кейбір жүктің жартысын беру керек шығар, бөліп беріңіз тиісті адамдарға. Мысалы отбасыны асырау жүгін неге жалғыз өзіңіз арқалауыңыз қажет? Үй ортақ, бала ортақ. Жұбайыңыз да ақша тапсын, отбасылық проблемаларды шешсін, балаңыздың тәрбиесімен айналыссын, ата-аналар жиналысына барсын.

Физика заңдылығы бойынша адам өз салмағынан артық жүкті көтере алмайды. Демек, сіз өз өміріңізге қажетті жүктерді ғана көтергенде жайлы өмір сүресіз.


Мысал: Мәншүк есімді келіншек осы психологиялық техниканың көмегімен құрбысының жүгін де арқалап жүргенін анықтайды. Құрбысының проблемасы, қиындығы бұның өзіне бөлетін уақыты мен энергиясын жұтып жатқанын зерделейді. Сол құрбысымен араны үзген соң өмірі жеңілдейді.



2. Барлық адамға ұнауға ұмтылу

Барлық адамның көңілін табу мүмкін емес. Сондай-ақ бәріне ұнауға міндетті емессіз. Сіз байқауға қатысып жатқан жоқсыз, өмір сүріп жатырсыз. Ал өмір қамшының сабындай-ақ, әркімнің көңіліне қарап, шашбауын көтеріп жүргеніңізде қалай өтіп кеткенін аңғармай қаласыз. Ең бірінші өзіңізді ойлаңыз, уақытыңызды бағалаңыз. Ол үшін өзгелерге «жоқ» деп айтып үйреніңіз. Әрине, жоқ деп айту бастапқыда қиындық тудырады. Әр «жоқ» деген соң, «Ренжітіп алдым-ау», «Мен туралы жаман ойлап қалған шығар», «Енді менімен араласпайды» деп, өз-өзіңізді жазғырасыз. Бірақ бірнеше рет «жоқ» деп айтқаннан соң, энергияңыз ғана емес, өз-өзіңізге құрметіңіздің де артып жатқанын байқайсыз.

«Жоқ» деп айтуға жылдам үйренгіңіз келсе, ақталуды доғарыңыз. «Жоқ» деген бір-ақ ауыз сөз. Оны ақталумен көбейтудің қажеті жоқ.


Мысал: Мәншүк үнемі өзінікін ғана дұрыс дейтін, сағаттап бос әңгіме айтатын құрбысының қоңырауына «жұмыстан шаршап келдім, сенің әңгімеңді тыңдауға шамам болмай тұр» деген жауаптан бастап көрді. «Онда демалып ал, екі сағаттан соң қоңырау шалам» деген құрбысына не дерін білмеген ол телефон тұтқасын көтермей қойды. Сонда да құрбысы тыныштық бермеді. Мәншүк «жоқ» дегенді айтып үйренгеннен кейін ғана құрбысы мазалап, уақытын алуды тоқтатты.


Осы екі нәрсеге мән беріп, реттесеңіз, ары қарай энергияны қалпына келтіру қиын емес. Сарқылған күш-қуатты қалпына келтіру – дұрыс демала білу. Жаныңызды, тәніңізді тыңдап, демалысыңызды табыңыз. Әйтпесе, қанша ұйықтасаңыз да үнемі шаршап жүргеніңіз жүрген. Әркім әр түрлі демалады.


Мысал: Мәншүк аптаның бір күнін демалысқа арнауды үйренді. Ол кафеге барып сүйікті асын жеп, теңіз тұзын салып ванна қабылдап, содан соң кино көреді. Осылай бір аптада жоғалтқан энергиясын қалпына келтіріп отырады.

Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз


Бала ата-ана махаббатына «тоймаса» не болады?

Шынайы қалауыңызды табыңыз