​Ешкімге ренжімей өмір сүрудің 5 оңай тәсілі

0
4 731

Өз денсаулығыңыз үшін бұны білуіңіз керек.


​Ешкімге ренжімей өмір сүрудің 5 оңай тәсілі

фото: img.freepik.com

Адам ет пен сүйектен ғана емес, түрлі эмоциялардан да жаралған. Бір күнде бірнеше эмоцияны бастан кешіреміз. Соның ішіндегі ең зияндысы – ренжу дейді психологтар.

Сонымен қатар реніш ең жиі кездесетін сезім. Біз біреуді ренжітеміз, біреу бізді ренжітеді. Бұл қалыпты. Бірақ ренішті көңілде ұзақ сақтауға болмайды.

Психологтардың айтуынша, ренжу адамның көңіл күйі мен денсаулығын ғана емес, айналасындағылармен қарым-қатынасын да бұзады.

Өзгелерді қойшы, өзіңізге зияны көп. Әсіресе, ұзақ уақыт ренішті ұмытпау – қатерлі ауруларды туғызады екен. Сондықтан өзіңіз үшін ренішсіз өмір сүруге тырысыңыз. Қалай?
Бұл тұрғыда психологтар ұсынатын терапиялық әдіс көп. Біз нәтижелі және орындауға оңай 5 психологиялық техниканы жариялап отырмыз.



1. Өзіңізге көбірек уақыт бөліңіз

Ата-әжелеріміз «зеріккен адам ғана ренжиді» дейді. Ал психологтар «Ешкімнің сізбен шаруасы жоқ, бәрі өз өмірімен, проблемаларымен әуре» деп айтады. Рас, әр сағаты жоспарлаулы, қат-қабат жұмыспен шапқылап жүрген, алға қойған арман-мақсаты бар адамдардың ренжуге, ренішті ойлай беруге уақыты да болмайды. Мұндай адам тіпті кімді, қашан ренжіткенін де білмейді.

Сондықтан сіз де жұмысыңызды бар ынтамен орындаңыз. Әр күнді жоспарлап, ойыңызды тек соған шоғырландыратын болсаңыз, ренішті тез ұмытып кетесіз. Ал егер жұмысы жеңілдеу немесе үйде отырған адам болсаңыз, бос уақытыңызды өз күтіміңізге, сымбатыңызға, денсаулығыңызға, жаңа бір нәрсені үйренуге арнаңыз.

Бұл біріншіден, әркімнің сөзін ойыңызда тізе беруге уақыт қалдырмайды. Екіншіден, біліміңіз, тартымдылығыңыз артып, өзіңізге ұнай бастағаныңызда бағаңыз жоғарылайды. Анығырақ айтқанда, тәні, өмірі өзіне ұнайтын адамның өзін-өзі бағалауы жоғарылайды. Ал бұл адамның өзіне сенімділігін арттырады да, мұндай адам болмашы нәрсеге, әр сөзге ренжи бермейді.



2. Болашақтан қарау

фото: cdnimpuls.com
Қазіргі ренішке, оны тудырған жағдайға екі-үш жыл алға шығып қарайсыз. Бұл қызық әрі ренішті тез босатып жіберуге жәрдемдесетін психологиялық техника. Мысалы, құрбыңызбен ренжісіп қалдыңыз делік. Ол сіздің қымбат көйлегіңізді тойға киіп барып, май немесе әлдебір дақ тигізіп әкеп берді. Жуғанмен дақ кетпейді. Ренжисіз, ұрысып, араласпай кетесіз.

Осы секілді реніш тудырған себепке алға шығып қараңызшы. Арада 5-6 жыл өтті деп ойлаңыз. Болашақтағы көзқараспен ренжіткен себепті саралап көріңізші. Ренжуге тұрарлық па? Бес жылдан соң сол нәрсеге ренжитін бе едіңіз? Құрбыңызбен қарым-қатынасты бұзуға лайықты себеп пе? Төрт жылдан соң ол көйлек сәннен қалады, тіпті қымбат көйлектің бірнешесі болады сізде. Сол кезде қазіргі ренішіңіз ұмытылады ғой. Ендеше, неге бес жыл бойы ренжіп жүруіңіз керек, қазір-ақ ренішті ұмытыңыз.



3. Қабылдамау

Ренжітетін сөздерді, әрекеттерді жаныңызға жақын қабылдамаңыз. Әрине, бұған бірден үйрене салмауыңыз мүмкін. Алайда ренішті «жүрекке жақын қабылдамауға» бірінші және екінші техникаларды қолданып көріңіз.

Ал ренжітетін жағдайды жүрекке қалай жақындатпауға болады? Көп арасында кеңінен тараған самурай туралы әңгімені еске түсірейік.

Самурай «Сізге біреу сый берсе, бірақ оны қабылдамасаңыз сыйлық кімде қалады?» деп сұрайды жұрттың бәріне ренжіп отырған адамнан. Ренжігіш адам «Әрине, сыйлық алып келген адамның өзінде қалады» дегені сол, самурай «Реніш те сондай, қабылдамасаңыз, ол ренжіткен адамның өзінде қалады» деген екен.

Ренішті қабылдамау – ауызға су толтырып бірақ оны жұтпай түкіріп тастау сияқты. Сол сәтте-ақ ренішіңізді, келіспейтініңізді айтып, мәселені шешіп алу керек. «Сен мені ренжіттің» деп айту да – оны қабылдамауға жатады.



4. Қандай сабақ алуға болады?

Әр нәрсенің «+» және «-» жағы болады. Ренжіткен жағдайдан сабақ іздеп көріңіз. Ол үшін «Бұл жағдай маған нені ұқтырғысы келді?», «Бұл оқиғадан мен нені үйренуім керек?» деп, өз-өзіңізге сұрақ қойыңыз. Жауабыңызды қағазға жазыңыз.

Мүмкін қазіргі реніш сізге өз жеке шекараңызды сақтау керек екенін сабақ еткісі келген шығар. Мүмкін өзгенің пікірін құрметтеуді үйрену керек болар. Я болмаса бұл жағдай ортаңызды, жұмыс орнын өзгертуге итермелеп жатуы да мүмкін.
Көбіне өзгеге еңбегі, қызметі, уақыты немесе ақшасы кеткен адам ренжиді. Демек, арадағы реніш сізге «Ең алдымен жақсылықты өзіңе жаса» деген ұстаныммен өмір сүруге үйреткісі келіп жатыр. Ойланыңыз, сабақ алыңыз.



5. Кешіру

Бұл ең жақсы және ең көп тараған техника. Ренжіген сәтте іштей «Кешірдім, кешірдім» деп бірнеше рет қайталаңыз. Сонда да жүректе дақ қалып жатса, әлгі адамға «кешірім хат» жазып, қағазды өртеп жіберіңіз.

Егер кешіре салу қиындық тудырып жатса, ренжіп қала беретін жаман әдетіңіз болса, жоғарыдағы төрт техниканы орындаңыз. Бұлар сізге кешіруді, кешірімді болуды үйретеді.


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Өзіңді өзгертудің дайын схемасы БАР

Баланы "ходунокқа" отырғызған дұрыс па? (дәрігер жауабы)