​Өзіңді өзгертудің дайын схемасы БАР

0
6 651

Өзгеріске үш қадаммен немесе бір-ақ қадаммен де жете аласыз!


​Өзіңді өзгертудің дайын схемасы БАР

фото: pixy.org

Қазіргі кезде психологтар, коучтар, мотиваторлар «Ойыңды өзгерт те өміріңді өзгерт», «Өміріңді өзгерту үшін 100 пайыз жауапкершілікті өз қолыңа ал», «Өміріңе жоспар құрып, күнделікті бір қадам жаса» деп айтып жүр. Зерттелген, дәлелденген тұжырым. Алайда өзгеріске алып баратын бұдан да жақын жол бар.

Ол – мінезді өзгерту. Әрине, мінездің өзгерісіне алдымен ойды, өмір сүру салтын, бала кезден ата-ананың тәрбие арқылы санада қалыптастырған қағида-заңдарды өзгерту арқылы баруға болады. Бұл туралы айтып жүрген психолог көп. Қазақтың ұлы философы Шәкәрім Құдайбердіұлы да бұны өз заманында айтқан. Еске түсірейікші, ақын атамыз:

Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады,

Әдетің – мінезіңе айналады.
Мінезің – сенің тағдырың,
- деген.

Бұл ойлы адам үшін өзгерудің дайын схемасы. Осы схемамен-ақ ешқандай тернингке ақша төлемей, ешкімнен ақыл-кеңес алмай өзгеруге болады. Саралап көрейік.



1-қадам: Сөзді түзеу

Сөзді түзеу деген не? Бұл орайда ең бірінші халық даналығындағы «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Жақсы сөйле немесе үндеме» деген нақылдар ойға оралады. Демек, өзіңіз және өзгелер жайында, өміріңіз туралы да жаман сөз айтуды доғарасыз.

Жаман сөзге – «Менің қолымнан ешнәрсе келмейді», «Бұл бала адам болмайды», «Бейшарамыз ғой», «Жоқшылықпен осылай өмірім өтіп кететін шығар...», «Ағам сараң», «Жеңгем оңбаған», «Келінім кесір», «Күйеуім жатыпішер» т.б. осы сияқтылар жатады. Иә, негативті сөздер де – жаман сөз.

Осындай жиі қайталайтын жаман сөздеріңізді антоним сөздерге алмастырасыз немесе әлдекімді жамандағыңыз келгенде тіліңізді тістеп, үндемейсіз.

Сөзді түзеудің тағы бір түрі – сөздік қордағы паразит сөздерді жою. Ал паразит сөздер – былапыт, балағат сөздер. Әдемі, орнымен, мәдениетті сөйлеу де – сөзді түзеу боп табылады.

Байқасаңыз, сөзді түзеу арқылы сіз ғайбаттау, біреудің тағдырын талқылау, өсек айту, қаралау, қарғау секілді жағымсыз әдеттерді жоясыз. Жақсы сөйлеу арқылы алдағы күнге, өзіңізге деген сенім артады, еңсеңіз де тіктеліп, көңіл күй жақсарады.



2-қадам: Әдеттерді түзеу

Әдеттерге нелер жатады? Алдымен осыны анықтап алу керек. Мысалы:

Жақсы әдеттер

Жаман әдеттер

Ерте тұру

Ұйқышылдық

Бүгінгі жұмысты ертеңге қалдырмау

Кейінге ысырып, уақыт кеп тірелгенде тыпыршу

Ашуды ауыздықтай білу

Ашуланшақтық

Спортпен шұғылдану

Темекі тарту, алкогольді ішімдік ішу

Бөлмесін, үйін, киімдерін, тәнін таза ұстау

Салақтық

Кешке, түнде тамақ ішпеу

Тамақсаулық, тәттіқұмарлық

Еңсені көтеріп, тік жүру

Бүкірею

Жол ережесін қатаң сақтау

Үнемі көліктің жылдамдығын арттырып айдау

Уақытылы ұйықтау

Түнімен сериал көру

Сөйлеушінің сөзі қызықсыз болса да соңына дейін тыңдау

Сөйлеп жатқан адамның сөзін бөле беру

Киімін киім ілгішке ілу

Киімін шешкен жерде тастап кету

Пайдаланған соң дереу ыдыстарды жуып, орнына қою

Тамақ ішіп болған соң ыдысты келесі тамаққа дейін жумау

Үйден шығарда үтікті, жарықты, газды көзбен шолып, сөндірулі екенін тексеріп шығу

Есікті құлыптауды ұмытып кету

Әр смс-ке, қоңырауға кері байланыс жасау

Телефонға келген смс-ке жауап жазбау

Қоғамдық орындарда әдептілікті сақтау

Көліктің терезесінен түкіру

Бөгденің затына рұқсатсыз қол тигізбеу

Біреудің затын рұқсатсыз пайдалану, телефонын тексеру

Басқаның жеке өміріне араласпау

Әрнәрсеге мұрын сұғу, сұрамаса да ақыл айту

Тәуекел деп істеп көру

Кежегесі кері тартып тұру

Тізіп жаза берсек, әдет көп және әркімде әр түрлі. Өзіңізге белгілі жаман әдеттеріңізді анықтап жазып шығыңыз. Немесе бауырларыңыздан, достарыңыздан «Менің саған ұнамайтын әдетім қайсы?» деп сұрап біліңіз. Жаман әдеттеріңізбен күресіңіз.

Жақсы, жаңа әдет қалыптастыру арқылы мінезіңіз де жайлап өзгере бастайды. Бұны аңғару қиын болмайды.



3-қадам: Мінезді түзеу

Мінез деген не? Бұл сұраққа жауап беру үшін, өзіңізге «Әйелімнің мінезі қандай?», «Күйеуімнің жаман мінезі қайсы?», «Анамның жақсы мінезі қайсылар?», «Көршімнің жағымсыз мінезі?» деп сұрақ қойып, жауабыңызды қағазға түсіріңіз. Сонда мінезге қай сипаттар жататынын біле аласыз. Өйткені көп адам мінез бен әдеттерді шатастырып жатады.

Мысалы, жауабыңыз мынандай болуы мүмкін: «Жалқау. Дөрекі. Қызуқанды», «Өте еңбекқор, салмақты, ұстамды», «Қырсық, ренішті ұзақ ұмытпайды», «Кекшіл», «Бірбеткей, айтқанынан қайтпайды», «Талапшыл, ұқыпты», «Эгоист, тек қарабасын ойлайды», «Жеңілтек», «Жанын қинағысы келмейтін жанаяр»...

Демек,

  • жұмысты тиянақты істеу – мінезден
  • жалқаулық – мінезден
  • мақтаншақтық – мінезден
  • пысықтық – мінезден
  • ынжықтық – мінезден
  • көппен тіл табыса алмау – мінезден
  • өз пікірін, ойын ашық айта алмау – мінезден
  • көшбасшылық – мінезден
  • ақшаны есепсіз жарату – мінезден
  • жүрген жерінде әркіммен ұрысу, керісу – мінезден
  • жұмыстан шығып кете беру – мінезден
  • достың көп болуы да, аз болуы да – мінезден
  • табандылық та – мінезден
  • кешіре алмау – мінезден

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов айтқандай, «ұлтқа қызмет ету де – мінезден». Көп нәрсе мінезге байланысты. Сондықтан да бәрі «Мінезің – тағдырың» деп айтады (бұл сөз барлық ұлтта бар).

Мінез бен әдеттеріңізді ажыратып алған соң, өз мінезіңізді зерттеңіз, саралаңыз. Аяқтан шалып жүрген, алға ұмтылуға кедергі келтіретін мінезіңізді қалай өзгертуге болатынын ойлаңыз. Мейлі, түбірімен өзгертуге тырыспай-ақ қойыңыз, тек әр мінезді орынды, даналықпен, шектен шықпай қолдана білсеңіз де жаман емес. Мінезіңізді қашан өзгертесіз – өміріңіз де сол күннен бастап өзгере бастайды.

Әйтсе де, өміріңізді жылдам өзгертуді қаласаңыз, бірінші, екінші қадамдардан өтпей-ақ бірден үшінші қадамнан бастауыңызға болады. Ш. Құдайбердіұлының «Сөз-Әдет-Мінез өзгерту арқылы тағдырды жақсарту» схемасын негізі ата-аналар бала тәрбиесінде қолдануына болады. Өйткені ол ұзақтау процесс. Ал сіз ақыл-есі толық үп-үлкен азаматсыз. Оң-солын білетін ересек адамға бірден мінезін өзгерту қиындық тудырмас.

Ниет болса қиын емес. Әйтпесе, көргені, түйгені көп Абай атамыз «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» демес еді ғой. Қасиетті Құрандағы «Расында бір қауым өзін өзгертпейінше Алла оны өзгертпейді» (Рағыд сүресі, 11-аят) деген аят та мінезді өзгертуге болатынын, ал мінезбен бірге өмірдің де өзгеретініне дәлел.

Сонымен, көп сөзді бір ауыз сөзге сыйдырсақ, "Өмірді өзгерту үшін мінезді өзгерту керек". Меніңше, бұл өмірді, өзіңізді өзгертудің төте жолы. Иә-иә, сөзіңізді, әдеттеріңізді түзеуге уақыт кетірмей, бірден мінезді өзгертуге кірісіңіз. Мінезді өзгертсеңіз, әдет пен сөзіңіз өзі-ақ түзеледі және өміріңіз жылдам өзгереді.

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Жас отбасы осы 6 кезеңнен өткен соң ғана бір-бірін «қабылдайды»

Сепарациялану бала үшін неге маңызды?