​Ешнәрсеге ҮЛГЕРМЕЙ, уақыт жеткізе алмай ЖҮРСІЗ БЕ?

0
1 984

«2 МИНУТ» ережесі жұмысыңызды жеңілдетеді


​Ешнәрсеге ҮЛГЕРМЕЙ, уақыт жеткізе алмай ЖҮРСІЗ БЕ?

Барлық адамға бір күнде 24 сағат беріледі. Одан артық та емес, кем де емес. Бірақ біреу бәріне үлгерсе, біреу қат-қабат жұмысқа сүрініп жүреді. «Шашымды жууға уақытым жоқ» деп айтатын адамның ыдысын да жууға уақыты болмайды. Өйткені ол уақытты тиімді пайдалануды білмейді дейді психологтар.


Жалпы бүгінгі көп жұмыс – уақытында орындалмаған бірнеше ұсақ жұмыс. Жұмыстың қабатталып жиналып қалмауына көмектесетін ең оңай тайм-менеджмент ережесі бар. Ол – «2 минут» деп аталады.


«Қазір екі минутта жетемін», «Қолым тимей жатыр еді, екі минуттан соң хабарласшы», «Екі минут күтші», «Екі минутта дайын болады» т.б. деген сөздерді күнделікті айтып жүрген боларсыз. Енді «екі минутты» іс жүзінде қолдануға көшуіңіз керек. Сонда бұл техника ережесін түсіну қиын болмайды.



ҚАЛАЙ?

Екі минутта орындауға болатын жұмысты дәл қазір орындаңыз. «2 минут» тайм-менеджмент ережесі осы: «Дәл қазір».

Мысалы: Тамақ ішіп болдыңыз ба, «кейін», «сәлден соң» деместен ыдысыңызды дереу жуып тастаңыз. Дүкеннен азық-түлік сатып алдыңыз ба, оларды пакеттен шығарып, жайғастырыңыз. Есептеп көріңізші, небәрі екі-ақ минут уақыт жұмсайсыз.

Сол сияқты екі минутта орындалатын жұмыс көп. Сіз ондай жұмыспен күнде кезігесіз. Бірақ сол сәтте орындамағандықтан, жексенбі күні бәрін орындап үлгермейсіз.


«2 минут» техникасының қаншалықты пайдалы екенін аз білгіңіз келсе мыналарды әдетке айналдырыңыз:

  1. Аяқ киіміңізді шештіңіз бе, дереу оны сүртіп қойыңыз;
  2. Киіміңізді шештіңіз бе, киім ілгішке іліңіз;
  3. Жұмыстан келген соң қолыңызды жууға ваннаға кіргенде, шұлығыңызды шешіп жуа салыңыз;
  4. Душқа шомылғаннан соң, жуынатын заттарды реттеп, еденді сүртіп тазалаңыз;
  5. Вацаппен келген смс-хатқа сол сәтте жауап беріңіз;
  6. Шашыңыз майланып кетті ме, «ертең ваннаға түсемін» деместен, еңкейіп басыңызды жуа қойыңыз. Өйткені ертең бәрібір уақытыңыз болмайды.
  7. Шашыңызды кептіріп болған соң, фенді орнына апарып қойыңыз. Жалпы пайдаланған әр затты қайтадан өз орнына қоюға дағдыланыңыз;

Міне, осы секілді ұсақ жұмыстарды «дәл сол сәтте» орындап үйренсеңіз, аз шаршап, көп іске үлгеретін боласыз. Сонымен қатар өміріңіздің де біршама жеңілдегенін аңғарасыз. Өйткені дер кезінде орындалған жұмысты сол мезетте ұмытасыз. Апта бойы «туу, әлі анау жұмысты істеуім керек, мынаны орындауым қажет...» деген уайымнан құтқарады.


«2 минут» ережесінің авторы Дэвид Аллен бұл техникамен ірі жұмыстарды да бөліп-бөліп орындауға болатынын айтады. Бірақ алдымен 2 минутта орындалатын жұмыстарды уақытында орындауға әдеттенген жөн.

Ал сіз дәл қазір қай жұмысыңызды 2 минутта орындай аласыз?

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)

Ж. Смағұлова

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Отбасын БИЛЕГІСІ келген ӘЙЕЛДЕ жыныс АУРУЛАРЫ пайда болады (психосоматика)


ТАҒДЫР сізге қажеттіні қайда ЖАСЫРҒАН??