​Қыз баланы зорлық-зомбылықтан қорғайтын 4 кеңес

0
1 136

Баланы жамандықтан қорғау - ата-ананың ең бірінші міндеті!


​Қыз баланы зорлық-зомбылықтан қорғайтын 4 кеңес

Фото: ашық дереккөзден алынды

Ел ішінде қоғамды шулатқан небір оқиғалар болып жатыр. Соның ішінде қыз өсіріп отырған ата-аналардың үрейін туғызатын жағдай көп. Қорғау керек. Өйткені физикалық жарақат жазылғанымен, психологиялық жарақат өмір бойы қинайды.

Біз де қыз баланы сексуальды зорлық-зомбылықтан қорғауға тамшыдай болса да үлес қосу мақсатында 4 кеңес ұсынып отырмыз.


1-КЕҢЕС

Бөтен адамнан аулақ жүруді үнемі ескертіп отыру – жамандықтың алдын алудың ең басты жолы. Балаға кішкентайынан "Бөгде адам конфет берсе алма", "Бөтен адаммен сөйлеспе", "Ешкімнің көлігіне мінбе", "Басқа біреу мамаңа апарам десе барма, сенбе", "Балалар алаңшасында ойнағанда ешкімге еріп басқа жаққа кетпе", "Есікті ешкімге ашпа" деп жиі айтып отырыңыз.

Кішкентай балаға бұны "Жоқ. Кет. Айтамын" деген ережемен түсіндірсеңіз, тез қағып алады. Біреу ұнамайтын қылық жасады ма "жоқ" деп айтуды, айқайлап, шыңғырып жылап, қолын тістеп қарсыласуды үйренсін. "Жоқ" деген соң ұнамсыз қылық жасаған адамнан дереу аулақ кетуді, жоламауды ескертіңіз. Және сол жағдайды анасына міндетті түрде айтуды талап етіңіз.


2-КЕҢЕС

Өкінішке орай, статистика мәліметтері қыз балалардың 30 пайызы өз жақындарынан (әкесі, өгей әкесі, нағашы ағасы, ағасы, көкесі, атасы т.б.) зорлық көрсе, 60 пайызы "отбасылық таныстар" (дос-жаран, бала бағушының жігіті немесе күйеуі, көрші, ағасының досы, сыныптасы т.б.) тарапынан, 10 пайызы бөтен адамдардың сексуальды құрбаны болады екен. Сондықтан оған барлық жағдайды айтуды, ешнәрсені анасынан жасырмауды үйреткен жөн. Бұл орайда күнде 20 минут ашық әңгімелесуді дағдыға айналдырыңыз. Күнделікті ашық әңгімелесу баланы ешнәрсені жасырмауға, күдікті жағдайды қорықпай айтуға үйретеді.

Зорлықшының негізгі әрекеттерінің бірі – "Мамаңа айтсаң, өлтірем" деп (осы секілді сөздермен) корқыту және болған жағдайды ешкімге айтпауы үшін алдау. Ал қорқынышты жоюға, ата-анасының кез келген адамнан қорғай алатынына сенімін арттыруға, кімнің не айтқанын ашып айтуға, алданбауға күнделікті әңгімелесу көмектеседі.

Сордай-ақ кішкентай бала шын мәнінде зорлық әрекеттерін түсінбейді. Бірақ әңгімелесу барысында ол кімнің не істегенін баяндай алады. Сондықтан да қаншалықты жұмыс басты болсаңыз да қызыңыздан күні бойы немен айналысқанын, балабақшада (мектепте т.б.) кім ренжіткенін, үйге кімнің келгенін, көңіл күйін бәрін сұрау. Сұрай отырып, балаңызға әрқашан қорған болатыныңызды, не жағдай болса да оны жақсы көретініңізді айтыңыз.


3-КЕҢЕС

Көңіл күйі мен іс-әрекетіндегі өзгерістерге, сөздеріне назар аудару. Үнемі көңілді жүретін баланың бірден тұйықталуы немесе керісінше ұстамды баланың ашуланшақ боп өзгеруі де назар аударарлық жағдай.

Зорлық-зомбылықтың белгілерін балаңыздың көңіл күйінен ғана емес, оның денесін, киімдерінен де іздеп, күнде тексеріп отырыңыз. "Ешкім ренжіткен жоқ па?", "Еш жерін ауырып жатқан жоқ па?", "Мамаңа айтпа деп кім не айтты?" деп сұраңыз. "Кімді жаман көресің?" деген сұрақ арқылы да баланы кімнен қорғау керектігін білуге болады.

Перзентіңіздің "Үйірмеге бармаймын", "Әпкемнің үйіне барғым келмейді", "Ауылға бармай-ақ қояйыншы" деген сөздеріне де немқұрайлы қарамаңыз. "Неге?" деген бір сұрақпен шектелмей, "Әпкеңнің баласын көргің келмей ме?", "Жездеңнен қорқасың ба?" деп жан-жақты сұрақтар қоя біліңіз.

Қызыңыздың оқу үлгерімінің күрт төмендеуіне, сабаққа жиі қатыспайтынына, бөлмесінен шықпайтынына, "Мен бір қызды танимын, ол..." деп үшінші жақта әлдекімнің күйін, жағдайын әңгімелеуіне, соңғы кезде жиі айтатын өлім мен өзіне қол жұмсау туралы сөздеріне бей-жай қарамаңыз. Сонымен бірге отбасындағы, үйіңізге жиі келетін адамдармен амандасқанда, ол адам бетінен сүйгенде қызыңыздың эмоциясына мән беріңіз.


4-КЕҢЕС

Өз шекарасын анықтап беру, қауіпсіздік шараларын түсіндіру. Көбіне 5-12 жасар қыз балалар сексуальды зорлықтың құрбаны болып жатады. 5 жастан бастап қыз балаға әркімнің өз жеке шекарасы болатынын үйрету қажет. Ешкім, тіпті әкесі, дәрігер де анасының рұқсатынсыз қыз баланың іш киімін шешуге, белінен төмен жағына қол тигізуге болмайтынын айтып, санасына құю керек.

Есте ұстаңыз, егер бала әжесінің бетінен сүйгенін, құшақтағанын ұнатпаса, "Әжеңе неге бетіңді сүйгізбедің? Ренжіп қалады ғой" деп айтпаңыз. Сонымен қатар тәрбие барысында "Үлкендердің айтқанын істеу керек. Үлкенді тыңда" деген сөзді айтпауға тырысыңыз. Бұндай сөздер арқылы оның өзін қорғауына бөгет боласыз.

Бұл кеңестер тек кішкентай қыз баланы емес, ұл баланы қорғауға да көмектеседі. Ал сіз қандай ақыл-кеңес ұсынар едіңіз, оқырман? Бөлісе отырыңыз.

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


«Кәрі қыз» атандыратын 6 қателік


ӨМІРІҢІЗДІ бір-ақ айда ӨЗГЕРТЕ АЛАСЫЗ