Өкінбес үшін ҚАЙ уақытта ҚАНДАЙ іске, КІМГЕ көңіл бөлу керек?

0
5 272

Гештальт-терапиясының осы бір қағидасымен бір айда өміріңізге сән кіреді дейді психологтар.


Өкінбес үшін ҚАЙ уақытта ҚАНДАЙ іске, КІМГЕ көңіл бөлу керек?

Мұғалім оқушыға «Мектепте сабақты жақсы оқымасаң, ертең өкінесің» дейді. Ата-ана ұлына «Ертерек үйленбесең, жалғыз өтіп өкінесің» десе, жеңгелері қайынсіңлісіне «40 жасқа дейін балалы болмасаң, өкінесің» деп ақылын айтады.

«Қазір спортпен айналысуды бастамасаң, қартайғанда кеш болады» дейтіндер де бар. Бірақ мектепте озат болған, ерте отбасы құрып, өмір бойы спортты серік еткендердің арасында да қартайғанда өкінішін айтатындар көп. Бәріне қол жеткізсе де шын бақытты сезіне алмайтындар бар. Сонда қартайған шақта өкінбес үшін қай уақытта қай іске, кімге көп көңіл бөлу керек?

Бұл сұраққа психолог мамандар «Дәл қазіргі және осы сәттегі ісіңіз бен адамдарға» деп жауап береді. Неге? Өйткені адамның бүгіні кешегі өміріне, ал ертеңі дәл қазіргі ісіне байланысты екен. Өткен шақтағы іс-әрекетіңізбен құрылған бүгініңізді өзгерте алмассыз, сондықтан өтіп кеткен уақытқа, қайтара алмайтын сәттерге көңіл бөлу – бекершілік. Қазіргі шақ, осы жердегі сәт маңызды. Бақытты, қуанышты да дәл қазір сезініңіз, қазір жаныңыздағы адамдарға көңіл бөліңіз, дәл қазір орындалуы тиіс жұмысты орындаңыз, сонда ғана өкінішіңіз аз болады дейді гештальт-терапиясының мамандары.


Мамандардың «Дәл қазір, осы жерде» дегенін дұрыс ұғу үшін осы ұстаныммен бір ай өмір сүріп көріңіз. Бұл «Бүгініңді ғана ойлап өмір сүр» деген сөз емес. Қағиданы қолдану түсінікті болу үшін мысал келтірейік. Мысалды қаламгер ағамыз Мырзагелді Кемелдің кітаптарының бірінен алдық.

МЫСАЛ: Бір патша «Қай істі қашан атқаруымды тап басып айтқан адамға ат басындай алтын беремін» деп жариялапты. Алтыннан дәмелі ғұламалар сарайға ағылып, біреуі ғылымды, біреуі дінді, тағы біреуі әскери өнерді дамыту ең бірінші іс болуға лайық деп ұсыныпты.

Патша «Елде тағы кім бар ақыл қосатын?» деп сұрайды. «Енді бір ғана кезбе әулие бар, оның сараймен ісі жоқ. Байды да, билікшіні де көзіне ілмейді, оны алдырам дегеніңізбен келмейді. Қарапайым киім киіп барып, сауалыңызды қойсаңыз ғана жауап алуыңыз мүмкін» депті сарайдағылар.

Патша оны іздеп барса, ол лашығының алдына еккен өсімдіктеріне күтім жасап, аулада жүр екен. Әулие өте арық және әлсіз еді.

Патша жұмысын тоқтата қоймаған әулиеге таяп кеп, өзінің сауалдарын қойыпты.

- Мен сізге үш сауалыма жауап алу үшін келдім. Айтыңызшы, соңынан өкінбес үшін қандай уақытты қадірлеп, босқа жібермеуім керек? Ең керек адамдар кімдер? Қандай адамдармен азырақ, қандай адамдармен көбірек араласқаным жөн? Қандай жұмыс маңыздырақ, соған сай қай істі алдымен атқарған дұрыс? Осы сауалдарыма жауап беріңізші, - депті.

Данагөй жұмысын тоқтатып, мұқият тыңдайды да, патша сөзін аяқтасымен күрегін қолына қайта алады. Патша:

- Шаршадыңыз ғой, күрегіңізді маған беріңізші. Мен қазайын, - дейді. Әулие күректі беріп жерге отырды. Бірер қатарды өңдеп болған соң әулие күректі алмақ болғанда, әмірші сұрақтарына жауап алмайынша оған күректі бермейтінін айтып, жұмысты жалғастыра береді. Бір сағат, екі сағат, одан да көп уақыт өтіп күн кешкірді. Ертеңіне патша:

- Менің қойған сұрақтарыма жауап бермесеңіз, онда мен қайтайын, - деп, кетуге жиналады. Сол кезде анадайдан бұларға жанұшыра жүгіріп сақалды бір адам жетті. Ол әбден таяқ жепті, жараланған, қаны саулап тұр. Патша қарияның жарақатын жуып, орамалмен таңып әуреге түсті. Су сұраған жаралыға су әкеліп береді. Жаралы қария ұйықтап кетеді.

Таңертең патша ұйқысынан оянса, жаралы кісі оны күтіп отыр екен. Ол

- Мені кешірші, дейді.

- Не үшін кешірім сұрап отырсың? Кімсің? - дейді патша.

- Сен мені танымайсың, бірақ мен сені танимын. Сенен кек алу үшін ізіңді аңдып жүрген жанмын. Бірнеше жыл бұрын сен менің бауырымды жазалап, бар мал-мүлкін тартып алдың. Содан бері жолыңды торып, өлтірмекке бел буып жүргенмін. Мына жерге келгеніңді естіп, қайтар жолыңда күттім. Кешіккеннен соң шыдай алмай, жасырынған жерімнен шыға беріп едім, қарақшыларға тап болдым. Әбден сабады. Ішіме пышақ сұқты. Әрең қашып құтылдым. Осында жеткенше көп қан жоғалттым. Сен таңып, қанды тоқтатпағанда өлетін едім. Аман алып қалғаның үшін кегімді ұмыттым, кешірдім. Кешір мені, - дейді.

Патша өз қателігін түсініп, жаралы қарияға олардан алынған мал-мүлікті қайтарып беруге уәде береді. Қария қоштасып, үйіне кетеді. Күрегін қолына алып бақшасында жүрген әулиеге жақын келіп патша:

- Соңғы рет өтінемін, сауалдарыма жауап беріңізші, - дейді.

- Үш сұрағыңа да жауабыңды алдың ғой. Егер сен кеше мені аяп әрі менен жауап күтіп қасымда қалмағанда, анау адам саған шабуыл жасар еді. Мұнда қала тұрмағаныңа өкінер едің. Демек менің жанымда болып, жер қазған сәтің – уақытты өз пайдаңа жұмсаған кезің. Ал сол кездің ең маңызды адамы – мен. Ең маңызды ісің – маған жасаған көмегің. Анау адам жүгіріп жеткеннен кейінгі уақытты тиімді пайдаланған сәтің – оның жарасын таңып, қанын тоқтатқаның. Өйткені жарасын таңбасаң, ол сенімен татуласпастан өліп кетер еді. Демек бұл сәттегі ең маңызды адам – сол қария. Ал оған жасаған көмегің – сол сәттегі ең маңызды шаруаң. Түсіндің бе? Есіңде сақта, ең маңызды сәт, қолайлы уақыт: Осы және қазір. Не нәрсені де уақытында жасау керек. Ең керекті адамың – осы қазір жолыққан адамың. Ең маңызды ісің – сол адамға жақсылық жасау. Өйткені мына тіршілікке адам сол үшін жіберілген, - деп түсіндіріпті.

«Қазір, осы жерде» қағидасымен өмір сүруді бастағанда сіз:

  • Бүгінгі күннің қайтып келмейтінін, басқа күндерге ұқсамайтынын білесіз;
  • Әр күнді бағалауды үйреніп, уақытты бос өткізуді тоқтатасыз;
  • Бақыт үлкен не кіші болмайтынын, ешкімге қарыз болмау да бақыт сыйлай алатынын ұғасыз;
  • Ұсақ-түйек нәрселердің өзінен бақыт таба алатын боласыз;
  • Мүмкіндіктерді жіберіп алмайсыз;
  • Өткенді ойлап өкінуді, өзіңізді және өзгелерді жазғыруды доғарасыз;
  • «Арықтап алайын, сосын күліп жүрем», «Көлік сатып алайын, кейін достармен араласамын», «Жағдайымды жасап алған соң қыздармен танысып, үйленем» т.б. деп, бақытты, қуанышты болашақтан күту қателігін жоясыз;
  • Тез кешіруді үйренесіз;
  • Түсінбегеніңізді сол сәтте сұрайтын боласыз;
  • Ой-пікіріңізді ашық айтуға дағдыланасыз;
  • Мәселені дер кезінде шешесіз;

Айта берсек, пайдасы көп. Жұмысыңыздың да өнімді боп, нағыз бақыттың дәмін тата бастайсыз дейді психологтар.

Ең бастысы, «Қазір, осы жерде» қағидасы «Ертең, кейін» деп жүргенде өмірдің, қымбат адамдардың өтіп, аурудың асқынып кеткенін байқамай қалудан сақтайды.

Олай болса, «Дәл қазір, осы жерде» қағидасымен ұзақ жылдан бері ренжіп жүрген адамыңызды дәл қазір кешіріңіз. Өзіңізді кінәлі санасаңыз, қазір кешірім сұраңыз. Сағынып жүрген жанға дәл қазір қоңырау шалыңыз. Ата-анаңызға, сүйген жарға жақсы көретініңізді де дәл қазір айтып үйреніңіз. Өйткені ертең кеш болуы мүмкін.

(Иллюстрациялық суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Сіз неден ЗАРЯД аласыз? (тест)


Сіз ҚАЙ салада ТАБЫСТЫ бола аласыз? (тест)