​ӨЗІМШІЛДІКті жеңу - БАҚЫТТЫ болудың бастамасы

0
2 000

Өзімшілдік дегенді сіз қалай түсінесіз?


​ӨЗІМШІЛДІКті жеңу - БАҚЫТТЫ болудың бастамасы

фото: kzclip.net

Өзімшілдік, яғни ЭГО терминін енгізген 19 ғасырда өмір сүрген атақты австралиялық психоаналитик Зигмунд Фрейдтің анықтамасынан соң көптеген ғалымдар іздене бастады. Зигмунд Фрейд – психоанализдің негізін қалаушы, психикалық ауруларды емдеу әдісі, сонымен қатар адамның мінез-құлқын түсіндіретін теорияны жасаған философ, психоаналитик.


Эго дегеніміз не?

Түсінікті тілмен айтсақ, бұл - нәпсі. Ғылыми тұжырымдамасы - эго.

Әр адамда әр түрлі формада кездеседі. Жалпы згоны біз менмендігі жоғары, менсінбеушілігі де көзге көрініп тұратын «біз» дегеннен гөрі, «мен» дегені көбірек адамды өзімшіл адам деп ойлаймыз. Бірақ қызығы да сонда, мүсәпірдің кейпін жамылып та зиян келтіретін эгоның түрлері болады.

Адамдардың көпшілігі осындай эгоның өзіне зиян келтіріп жатқанын сезбейді.


Эго қанша жастан бастап пайда болады?

Бала өмірге келгенде ақ парақтай таза болады. Есейе келе әр баланың мінез-құлқы қалыптаса бастайды. Нақтырақ айтқанда 3 жастан 7 жасқа дейін баланың болмысы, мінез-құлқы қалыптасып бітеді. Яғни баладағы эго, іштегі бағыт-бағдар, программалау да қалыптасады. Сонымен қатар, ата-ананың өзіндік мені қалай болса, ол да балаға әсер етеді.

Көптеген ата-аналар баласын жақсы көрудің, оны еркелетудің шегін білмей қалып жатады. Баланы тым қатты еркелету оның бойындағы эгосын асырып жібереді. Ата-анадағы артық эмоция, тым қатты жақсы көру, шектен тыс еркелетіп, қамқорлық пен өбектеуі баланың бойындағы эгоизмге даңғыл жол ашып береді.

Әрине баланы жақсы көрмеу мүмкін емес, оны еркелетіп, қамқорлық та таныта білу керек, тек қана мөлшерін біліңіз. Махаббат пен тәрбиенің ортасындағы шегараны әрдайым ұстап тұру керек.


Ең зиянды ЭГО

«Артық» ақыл. Яғни, өзін басқалардан ақылды сезінетін, көп кітап оқитын адамның эгосы басқаларға қарағанда қауіптірек. Өйткені, ақыл мен жүрек бірдей деңгейде болған кезде ғана адамның балансы сақталады. Жүрекке бағынбаған артық ақыл да өз кезегінде қауіп туғызады.

Құрғақ ақыл мен даналық екеуі екі түрлі нәрсе. Ішкі менін ауыздықтап, көрген-білгенінен ой түйген, даналықпен сараптама жасай алатын, қателігін де түсініп, оны түзете де алатын, Алланың ақ жолымен жүретін әділ адамды дана дейміз. Ал құрғақ ақыл «мен білем, өйткені мен көп оқығанмын» деп өз заңдарын орнатып алады. Өзімшілдікті жеңе алғанда даналық келеді. Ақылды керекті жеріне, ағартушылыққа, адамдарға көмектесуге жұмсаса да пайдалы адам болғаны.


Эгосы жоғары адамдар жетістікке тез жете ме?

Өзін басқалардан жоғары қоятын адам жетістікке тез жетуі мүмкін. Бірақ сол жетістік оған бақыт алып келе ме, осы жағын да тереңірек ойлау керек. Атақ-даңқы бар, байлығы да асып-тасып жатыр, қоғамдағы беделі де жоғары болуы мүмкін. Көптеген адамдар осындай болғысы келеді әрине. Сол адамды бақытты деп ойлайды. Бірақ бай адамның бәрі бақытты емес. Жалаң амбиция, өзімшілдікпен олар бір күнде сынып қаларын түсінсе,

Өзіндегі эгоны басар еді.


Қалай жеңуге болады?

Өмірге өкпелеу, біреуді жамандау, адамдарды қоғамдағы мәртебесіне қарай бөлу, іштарлық, «мен бұны бәрінен де жақсы білемін» деген сенім, менмендік секілді эгоның формасы көп. Біз осы айтылған сипаттардан құтылған кезде эгоны жеңген болып саналамыз.

Ол сезімдер адамға білінбей, жан-дүниесін иеленіп алады. Сондықтан, адам ұдайы өз өзімен жұмыс істеп, Жаратқанға жақын болуы керек.

Ең нәтижелі әдісі – медитация. Медитация барысында адам өткенімен немесе келешегімен өмір сүруді ұмытады. Осы шақпен өмір сүруді білген адамның жүрегі тыныштыққа кенеледі.

Оған байлық, билік деген адамның нәпсісін қызықтыратын дүниелер түкке тұрғысыз болып қалады.

Жалпыға ортақ нәрсені айтсам, адамдарға, жағдайға баға беруді доғару керек.

Өзгені бағалау, салыстыру арқылы эгоны оятып аламыз. Жақсы мен жаман, бай мен кедей, ақылды мен ақылсыз деп баға беруден алыстаңыз. Барлығы да Алланың жаратылысы. Ойға келмеуі мүмкін емес, іштей бағалауға дайын тұрсаңыз да, ойыңызды басқа жаққа аударуға тырысыңыз. Сонда адамның эгосы ақырындап сына бастайды.


Шектен тыс өзімшілдіктің зияны

Бақытсыздық, ауру, күтпеген жерден тап болатын сәтсіздік, депрессия, кейде тым асқынып кетсе өз өзіне қол жұмсауға дейін алып келеді.

фото: tr.123rf.com

Өзімшілдігі басым әйелмен өмір сүру

Ондай әйелдер дәл сондай еркектерге жолығады. Өйткені бұл жерден тартылыс күші бар. Бұндай ерлі-зайыптылардың отбасында ұрыс-керіс, келіспеушіліктер көп болуы мүмкін.

Ал әйел әйелдігімен бақытты болуы керек. Олардың шынайы функциясы мейірім беру, жылулық орнату.

Енді өздеріңіз ойлап қараңыздар, эгосы күшті адамдар біреуге мейірім бермек түгілі, «Қар ханшайымы» секілді мұздай болып тұрады. Мұндай суық әйелмен қандай еркек бірге тұрғысы келеді?


Эгоны жеңген соң, қандай сезім болады?

Адам өз бойындағы эгоны жеңе алса, жүрегінде тыныштық орнайды. Көптеген ауруларынан айығады. Бақытты болудың дәмін сезеді. Адам ағзасындағы 93 пайыз аурулар стресске байланысты туындайды. Эгосы күшті адамдар стресске жиі шалдығады. Ал одан арылғанда өмірдің мәнін түсіне бастайды.


Ешкімнен, ештеңені күтпеңіз!

Яғни, әуелі Аллаға, одан соң, тек өзіңізге сеніңіз. Біреу маған бірдеңе беруге міндетті деп өз өміріңізге басқа адамды жауапты етіп қоймаңыз.

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Балаңыз ТҰЙЫҚ болса...


ҚАРЫЗ - еңбекқорды ынталандырады, жалқауды күйзеліске салады