​ҚАРЫЗ - еңбекқорды ынталандырады, жалқауды күйзеліске салады

0
1 886

Қандай адам ҚАРЫЗға батады?


​ҚАРЫЗ - еңбекқорды ынталандырады, жалқауды күйзеліске салады

фото: depositphotos.com

Бүгінде қарызсыз адам жоқ, несие алу да қалыпты жағдайға айналып кетті деп өз өзімізді алдап жүрміз. Шындығы солай болса да, адамның қарызсыз немесе қарызға белшесінен батып өмір сүруі тек өзінің таңдауы. Отбасына кіретін кірістің, күнкөрістің деңгейі, табысыңыздың мөлшеріне байланысты емес несие алу. Бұл адамның психологиялық және эмоционалдық факторларының әсер етуі. Қарыз және оның адам өміріне келтіретін зияны мен пайдасы туралы білгіңіз келетін шығар?

Қарызсыз өмір сүруге болады, ол үшін адам өзін тәрбиелеуі керек.


ҚАРЫЗ - энергияңызды азайтып, күйзеліске ұшыратуы мүмкін

Қарыз – бұл әрине қаржылық құлдырау. Барлығы жеткілікті болып тұрған адам қарыз алмайды ғой. Кейде несиеге тәуелділік бұл адамның психологиялық жағдайының тұрақсыздығы, бұл да бір ауру секілді.

Бір қарызды жабам деп, екіншісін алып, оны үшінші қарызбен жамап, тұңғиыққа, адам қайта шыға алмастай ұйыққа тарту емес пе? Осылай қарыздың қақпанына түсіп қалған қаншама адам бар.


Бір ғана мысал айтайықшы. Сіз бір досыңызға көмектескіңіз келіп, оның қиналып жүргенін көргенде өтінішін жерге тастай алмай, 1 айға деп қарызға сұраған ақшасын бердіңіз делік. Досыңыз ғой енді, оған сенесіз. Бірақ бір ай өтті, алты ай өтті сіз қарызыңызды қайтарып ала алмадыңыз. Тіпті бір жыл өтті қарызын қайтаратын түрі жоқ.

Бастапқыда өзіңіз берген ақшаңызды сұрауға өзіңіз ұяласыз. Кейін әрине сізге де ақша қажет. Сол бергеніңізді досыңыздан сұрасаңыз, ол қазір қайтарып бере алмайтынын айтты. Не істейсіз? Әрине мұндайда кез келген адам қатты ашуланады. Сол ашу сіздің энергияңызды тауысады.


Адамның бойындағы қуат көзі ағып жатқан «бұлақ» межелі орнына жетпей, тесіліп, тозуы мүмкін. Ал мұндай жағдай сырттан алатын қуатты бойыңызға сіңіре алмайды.

Сол себепті текке ашыланып, энергияңызды пайдасыз, бос ашуға жұмсамас үшін қарыздан аулақ болған да дұрыс. Біреуге қарыз берсеңіз де, біреуден қарыз алсаңыз да бірдей, осы жағдай қайталанады.

Қарыз екендігіңізді әрбір минут сайын ойланбасаңыз да, сол сезім санаңыздың түкпірінде бекініп алған. Бұл сезім әрине әр адамды қажытады.

Қарыз алу бизнесте ғана пайдасын береді, егер сіз алған суммаңызды пайыздарымен қосып өтей алсаңыз. Басқа жағдайларда қуатты сорып, күйзеліске ұшырату қаупі бар. Қарызды өтеу үшін сіз екі есе жұмыс істеуіңіз қажет.


фото: mail.kz

Көрпеңе қарап, көсіл!

Дәл айтылған сөз, әркім шамасына қарай өмір сүрсе қарыз алып тыраштанбас еді.

Қарыз алу қайдан келіп шығады? Бұған әлеуметтік желілердің де кері әсері тиіп жатыр. Инстаәлемдегі жұлдыздардың немесе тағы сол секілді жағдайы жақсы адамдардың шетелге шығып, қыдырып, жарқ-жұрқ еткен керемет өмірлерін виртуалды әлемге жайып елді қызықтыруы. Одан қалса «жаңа нәрсені» жарнамалап, сол жарнамаға жем болып жатқанын көп адам әлі де түсінбейді. Жұртқа көрсету, жалған намыс, құр мақтан үшін адам өзіне аса қажеті жоқ нәрселерге тұтылып қалады. Сол үшін қарыз алады.

Басқалардың ақшасына өзіміздің мүмкіншілігімізден тыс «өмір сүру шартын» сатып аламыз. Сол сатып алған «өмір сүру қағидасы» үшін күндердің күнінде бейнет етіп, ақшаны қайтаруға тура келетінін ұмытпауымыз керек. Сондықтан әр адам өз мүмкіндігіне қарай өмір сүруді үйрену керек. Ата-бабаларымыз бұны өте ертеде айтып кеткен. «Көрпеңе қарап көсіл» деген әдемі сөз. Қарыз ала беретін адамның қаржылық сауаты төмен деген сөз.


Қарыздың 2 түрлі әсері бар

Бірі - жақсы, бірі - жаман. Кей адамдар өмір сүру сапасын арттыру үшін, өмірін жақсарту үшін қарыз алады. Мысалы, үй, автокөлік, білім алу секілді дамуға жұмсайды. Мұны саналы түрде, шешімін білген соң қабылдайды. Алған қарызын төлеу керектігін түсініп, көбірек ақша табуға жоспар құрады және алға ұмтылады. Көбінесе табиғатынан белсенді, өзіне сенімді адамдар осындай қадамдарға бара алады. Олар үшін қарыз алға қарай ұмтылуға, ұдайы қозғалысқа күш береді. Және бұл шынында да олар үшін мотивация болып, оның кіріс ағымына оң әсерін тигізеді.

Сондай-ақ, екінші типтегі тағы бір адамдардың түрі бар. Олар келешегін ойланбайды, жауапкершілігі де төмен. Тіпті не қалайтынын, қарызды қандай мақсатта алып жатқанын да түсінбейтіндер бар. Қарызға шынында да мұқтаж ба, ол нәрсе аса қажет пе оған да аса бас қатырып жатпайды. Елден қалмаймын деп қарыз алуы мүмкін, бірақ қайтарымын ойламайды. Қарыз осындай типтегі адамдардың кіріс көзіне кері әсерін тигізеді. Өйткені, олар бір сәттік рахатын ойлағандықтан, қарызды ұзақ уақыт бойы төлеуге мәжбүр болады және жоғары пайызбен төлеуге құлшынысы болмайды. Мұндай адамдар еңбекке деген ынтасын жоғалтады, өйткені алатын мардымсыз жалақысын несиеге төлеп, ары қарай еңбек етуге құлшынысы төмендеп кетеді.

Сондықтан, өте қиын жағдайға тап болсаңыз ғана қарызға жүгініңіз, әйтпесе бірер сәттік рахат сіздің ұзақ уақыт бойғы бейнетіңізге алып келуі мүмкін.

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


САТҚЫНДЫҚты КЕШІРУ мүмкін бе?


ИНТРОВЕРТ немесе ЭКСТРАВЕРТ, әлде АМБИВЕРТ - қай типке жатасыз