​ЖАҒДАЙды өзгерте алмағанда НЕ ІСТЕГЕН ДҰРЫС?

0
2 381

Ондайда осы екі мысалды еске түсіріңіз!


​ЖАҒДАЙды өзгерте алмағанда НЕ ІСТЕГЕН ДҰРЫС?

«Қолымнан келгеннің бәрін істедім, ары қарай шамам жоқ» деген сөз сізге таныс па? Өмірде кейде бір жағдайды өзгертуге, күресуге дәрменіңіз жетпей шаршайтын кез болады. Мұндайда не істеу керек?


Ештеңе! Иә, өзгерте алмаған жағдайды үш ай немесе бір жыл сол күйінде қалдырыңыз. Ол туралы ойламауға тырысыңыз. Ары қарай өміріңізді жалғастыра беріңіз. Неге?

Кез келген нәрсені түсінуге, дұрыс жолды көруге немесе сол күйінде қабылдауға уақыт керек. Мәселе мен жағдайлар да солай. Шамаңыз жетпей жатыр ма, байбалам салып, жүгіре бермеңіз. Үш-төрт ай тынығыңыз.

Психологтардың айтуынша:

- Мәселені уақытша ұмыту адамға күш жинауға көмектеседі;

- Жағдайға басқа қырынан қарап, түйінін табуға мүмкіндік береді;

- Зиянсыз мәселелер де болады, оны жойғаннан ешнәрсе өзгермейтінін түсінесіз;

- Сіз мәселе деп ойлағаныңыз, расында да қайта қалпына келмейтін жағдай болуы мүмкін;



ӨЗГЕРМЕЙТІН ҮШ ЖАҒДАЙ

Көбінесе адам өмір заңдылығын, тағдырға жазылғанды және құдайдың қалауын мәселе көріп, қаншама уақытын сарп етеді екен. Бұл үшеуімен күресудің қажеті жоқ. Мүмкін сіздің де мәселе деп алысып жүргеніңіз, осы өзгермейтін үшеудің бірі шығар?!


МЫСАЛ: Ертеректе қарақшылар топтары болған. Олар жер кезіп жүріп, жолында кездескен ауылдарды тонап, адамдарын өлтіріп, малдарын айдап кетіп күнелткен. Сол заманда бір ауылға құс пен малдың жұқпалы ауруы келіп, екі-үш күнде тауықтар мен әтештер түгел қырылып қалыпты.

Ауыл адамдары шулап, біреуі індетті, екіншісі құдайды, тағы бірі жағдайды кінәлап жатады. Араларындағы білімді бір қарияға бәріне басу айтып: «Әтеш пен тауық жай құс емес пе? Бастысы, адам аман болсын. Сабыр етіңдер» дейді.

Келесі күні сол ауылдың бүкіл иті өліп қалады. Ауыл адамдарынан тағы да маза қашады. Улап-шулап әлгі дана кісіге барады.

«Иттер біздің қарауылымыз еді, ал, әтештер таңертең оятатын азаншыларымыз болатын. Біз оларсыз қалай өмір сүреміз?» деп, істің мән-жайын сұрайды. Дана қарт «Қандай жағдай орын алса да сабыр ету керек. Әншейін ит пен құс өлгенге осылай шулап жатырсыңдар, солардың орнында адам өлсе қайтер едіңдер?» деп жиналған көпті ойландырып қояды. Сосын «Біз жаза, қиындық, мәселе деп ойлағанымыздың кейбірі керісінше, жамандықтан сақтау үшін жасалған болуы мүмкін. Олардың өлімі біз үшін қайырлы болуы мүмкін. Өлген құс пен итті тірілтуге ешкімнің құдыреті жетпейді. Сондықтан сабыр еткеннен басқа ешнәрсе жасай алмаймыз» деп жауап береді.

Үшінші күні түнде ауылда от жанбай қалады. Нә пәле келгені белгісіз, шыраққа құйылған жағармайды жаға алмай қиналады. Адамдар «Құдайға не жазып қойдық?» деп қайғырады. Данышпан қарт «Бұның сырын тек Жаратушы біледі. Ол оқиғалардың ішіне біздің ақылымыз жетпейтін бір ақиқат кіргізіп қояды. Уақыты жетпей түсінбейміз. Түсіну үшін уақыт керек» дейді.

Ертеңіне таң атқанда жұмбақ оқиғалардың ақиқаты мәлім болады. Сол түні жақын маңдағы ауылдарды қарақшылар тонап кеткені туралы хабар жетеді. Иттің үргенін, әтештің шақырғанын ести алмаған соң және бірде-бір үйден оттың жарығы көрінбегендіктен қарақшылар бұл ауылды байқамаған. Бірақ дәл қасындағы ауылдарды қырып кеткен.

Аман қалған ауыл адамдары осы оқиғадан соң кез келген қиындық пен мәселеде байбалам салмай, өзгертуге күш жетпеген жағдайларды сол күйінде қалдыруға үйреніпті.



КҮТІҢІЗ!


Ал егер басыңыздағы мәселе өзгермейтін бұл үш нәрсеге жатпайтын болса ше? Өмірлік тәжірибесі мол адамдар «Мүмкін болған барлық амалды жасап көр, ал мүмкін еместі құдайдың өзі реттеп жәрдемдеседі» дейді.


МЫСАЛ: Жүкті әйелдің құрсағында егіз нәресте бір-бірімен әңгімелесіп жатыр.

Біріншісі: Бұдан басқа өмір бар екеніне сенесің бе?

Екіншісі: Әрине сенемін. Әлі-ақ өміріміз өзгереді.

Біріншісі: Қияли десем ренжисің. Кімге сенесің? Жәрдемдесетін ешкімің жоқ қой.

Екінші нәресте: Қазіргі қараңғы өмірден құтылып, жап-жарық күндерді көретін сәт туады. Мен сол жарқын өмірімді тіпті елестете аламын. Кіндікпен емес, ауызбен тамақтанамыз. Көп жерге саяхаттаймын.

Бірінші: Күлкімді келтірмеші. Ауызбен қалай жейсің тамақты. Саяхаттау арман ғой, меніңше өміріміз осылай бір орыннан қозғалмай, қара түнек, тар үйде өтеді.

Екінші нәресте: Ал мен басқаша өмір сүретініме сенемін. Бізге көмектесетін бір күш бар. Оны көре алмайсың, бірақ, сезінуге болады. Біз сол құдыретті күштің бір бөлшегіміз, ол болмаса біз де болмас едік қой.

Бірінші: Қаншама уақыттан бері өмір сүріп, сен айтқан Жоғары күшті көрмеппін. Сондықтан сенбеймін!

Екінші: Оны көре алмайсың. Бірақ дауысын естуге тырыссаң естисің. Мейірімі мен жылулығын да сезе аласың, егер шын қаласаң.

Бірінші нәресте: Дыбыстарды естимін ғой, бірақ ол біздің әлеміміздегі дыбыстар емес пе? Мысалы, ішекпен су жүріп өткенде шығаратын дыбыс, қанның тамырмен қозғалысы.

Екінші нәресте: Сен жоғары жақтан шыққан дыбысты естіп үйренсей, қандай әдемі. Мен кейде оның дауысын естігенде жылағым келеді.

Бірінші нәресте: Неге?

Екінші: Ол бізді ешқашан аш қалдырмағаны үшін, жауратпағаны үшін, қорғағаны үшін алғысым шексіз. Ал біз қарнымыз тоқ, жатқан жеріміз жылы, жайлы болса да қараңғы деп күпірлік жасап отырмыз. Ол біздің өміріміздің жарық болуына жәрдемдеседі, тек сенуіміз керек.

Үш айдан соң бір ананың толғағы қысып, қатты қиналады. Егіз нәрестелердің біреуі өлі туады. Палатада жарықты көрген егіздің сыңары қараңғы өмірден құтылғанына қуанып шырылдап жылап жатықан еді...


Екі нәресте қанша тырысса да мезгілі жетпей құрсақтан сыртқа шыға алмайтын еді. Екіншісі өзгерте алмаған жағдайға көндігіп, әлі-ақ бәрі өзгеріп, жарық өмірдің орнайтынына сенді.

Адам өзгерте алмағанымен, өздігінен өзгеретін жағдайлар болады. Оның өзгеруіне уақыт керек!

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ПРОБЛЕМА орныңыздан қозғалтпай қойғанда НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?


КӘРІ ҚЫЗ бен СҮРБОЙДАҚтың "тұсауын" КЕСІҢІЗ