ЖАЛҒЫЗДЫҚтан құтылу үшін не істеу керек?

0
1 289

Ол 40 жасқа келсе де сүрбойдақ жігіт еді, жақында үйленді. Сонымен, ол бойдақтықпен қоштасып, отбасы құрғысы келетін қыз-жігіттерге былай деп кеңес береді...


ЖАЛҒЫЗДЫҚтан құтылу үшін не істеу керек?

2019 жылы жүрегіңіздің қалауын, екінші жартыңызды тапқыңыз келе ме? Онда ең бірінші психологияңызды өзгертіңіз! Қалай?

Психологтар қандай да сұрағыңыздың жауабын сол нәрсені бастан өткізіп, белгілі бір нәтижеге жеткен адамнан ғана таба аласыз дейді. Осы орайда мен «Жалғыздықтан қалай құтылуға болады?» деген сауалымды Нұржан есімді танысыма қойған едім. Ол 40 жасқа келсе де сүрбойдақ жігіт еді, жақында үйленді. Сонымен, ол бойдақтықпен қоштасып, отбасы құрғысы келетін қыз-жігіттерге былай деп кеңес береді:


КЕҢЕС: Бірнеше жылда қаншама әйелмен танысып, сөйлесіп олардың психологиясын бес саусақтай біліп қалдым деп айта аламын.

Әйелдер психологиясын сәл-пәл өзгертпесе, олар ешқашан жалғыздығын ұмыттырар еркекті таппайтынын айтқым келеді.

Осы тұста мен оң жақта отырып қалған қыздарға және жалғызбасты әйелдерге ой саларлық мына бір тәмсілді айтқанды жөн санап отырмын. Бұны бір отырыста естіп едім. Бұл тәмсілде былай делінеді:

Қалалардың бірінде тұрмысқа шыққысы келетін қыз-келіншектерге арналған ерекше дүкен ашылыпты. Бұл дүкенде тек еркектер сатылады. Кез келген әйелге дүкен есігі ашық. Олар өздерінің талабына сай келетін күйеуді тауып таңдап, сатып ала алады.

Дүкенге кіретін есіктің маңдайшасында төмендегідей 4 ереже жазылыпты.

1. Дүкенге тек бір-ақ рет кіре аласыз және бір рет аралаған қабатқа қайта орала алмайсыз.
2. Дүкенде 6 қабат бар. Қабат жоғарылаған сайын ондағы еркектердің сапасы мен бағасы да арта береді.
3. Өзіңізге ұнаған еркекті алғаннан соң дүкеннен шығарыласыз, яғни келесі қабатқа өте алмайсыз.
4. Дүкеннен бір ғана еркек сатып аласыз.

Бір әйел осы дүкенге келіп, өзіне күйеу іздемек болады. Бірінші қабаттың есігіне «Жұмысы ғана бар, мүлде үйленбеген жігіттер» деген жазу ілініпті. Оны оқыған әйел бірінші қабатты жөн көрмей, бірден екінші қабатқа көтеріледі.

Екінші қабаттың есігінде «Жұмысы бар ажырасқан еркектер» деп жазылып тұр. Әйелдің іздегені басқа болса керек, ол үшінші қабатқа қарай бет алады. Мұнда есіктің сыртына «Қызметі бар, ажырасқан, келбетті, сымбатты еркектер» деп жазылғанды оқыған әйел іздегенін тапқандай біраз ойланып тұрып қалады. Бірақ, ол есіктен кірместен төртінші қабатқа көтеріледі.

Дүкеннің төртінші қабатында «Қызметі бар, көрікті, өте сымбатты, асүй тірлігін ұршықша иіре алатын еркектер» деп жазылып тұр екен. «Керемет қой мынау» деген әйел өз ойымен келісе алмай бірер минут кідіріп тұрады, жылдам бесінші қабатқа көтеріледі.

Ал, бесінші қабатта «Қызметі, үй тірлігіне ебі бар ажырасқан және баласы бар, аса сымбатты романтик еркектер» деген жазу тұр. Есіктің тұтқасын ұстап кірмек болады. Қайтадан атқа шегініп, қайтадан алға ұмтылып ойланып қалады. Сосын оның «Жоқ, бұдан жақсысы керек маған» деген психологиясы алтыншы қабатқа жетелейді. Ой жетегіне ерген әйелдің алтыншы қабатқа көтеріліп келе жатып, осымен дүкеннің соңғы қабаты аяқталатынын ойлайды. «Артқа жол жоқ. Қандай болса да осы қабаттан бір еркекті алуым керек» деп өзін-өзі іштей көндіріп келеді. Алтыншы қабаттың есігіне жақындағанда басын көтеріп жазуды оқуда біраз қобалжиды. Батылданып көзін жоғары көтереді.

Ал, алтыншы қабаттың есігінде былай деп жазылып тұр екен: «Сіз – бұл қабатқа көтерілген №42356072 әйелсіз. Біздің дүкенімізге келгеніңізге алғысымызды білдіреміз».

Ашуы келген әйел «Неге бесінші қабаттағы еркектер арасынан таңдай салмадым. Жо-жоқ, үшінші қабаттағы да еркектер болар еді ғой» деп өзін жазғырады. «Мейлі, бірінші қабаттан-ақ сатып алайын» дегенімен, дүкен ережесі бойынша ол алтыншы қабаттан соң сыртқа шығарылады.

Қызық болғанда, бұл дүкенге кірген әйелдің барлығы дерлік алтыншы қабатқа дейін көтеріліп, басқа қабаттардың есігіндегі сөздерді ғана оқыған екен.

Осы мысал мен танысқан әйелдерді елестетеді маған. Кейбір әйелдердің жасына, сыр-сымбатына қарамай қарапайым еркектерге мұрын шүйіргеніне ашуым келеді. Әйелдердің сұранысын қанағаттандыру мүмкін емес қой. Расында, олар өздеріне қандай еркек керек екенін де білмейтін секілді. Немесе өздеріне ешкімді тең көрмейді.

Әрине, мен барлық әйелге топырақ шашудан аулақпын. Мүмкін, маған тек сондай талабы мен өзіне деген сенімі тым жоғары әйелдер жолыққан шығар?!

Ал, еркектердің қалауы әйелдердікі секілді емес. Еркекке қандай әйел керек? Тек жаны мен тәнін бірдей жылытатын әйел болса жетеді. Ол үшін еркек тауды қопарып, ол үшін бәріне дайын болады. Әйтсе де, әйелдер бұны түсіне бермейтіні өкінішті.

Менің мысалым әлі аяқталған жоқ. Әлгі әйелдерге арналған дүкеннің қарама-қарсы бетінде еркектер үшінде дүкен ашылыпты. Мұндағы ереже де әйелдерге арналған дүкендегідей. Бұл дүкен де алты қабаттан тұрады.

Бірінші қабатында «Тәні сұлу әйелдер» деп жазылып тұр екен. Екінші қабатта «Тәні де, жаны да сұлу, баласы бар әйелдер» деп жазулы. Ал басқа қабаттардың есігінде қандай жазу бар екенін еркектердің ешқайсысы білмейді екен. Өйткені ешкім екінші қабаттан жоғары көтерілмеген екен.

Бұл мысал әйел мен еркек психологиясының бір-біріне мүлде ұқсамайтынын білдіреді. Олардың қажеттіліктері, қалау тілектері де түрліше

Мысалдың өмірден алынғанына шүбәм жоқ. Әйелдер мысалдағыдай, «бұдан да жақсысы жолығып қалар?!» деп, біреуіне тоқтамай танысып уақытын созып жүре береді. Ал, біздің – еркектердің талабы екінші қабаттан аспайды. Дегенмен, дүкеннің алтыншы қабатына дейін көтерілетін әйелдер сияқты жігіттер де жоқ емес. Оларға және күйеу іздеген әйелдерге «2019 жылды да жалғыздықпен өткізгілеріңіз келмесе, психологияларыңызды өзгертіп, сәл төменгі қабатқа түсіңіздер» деп айтқым келеді.

Әрине, менің психологиямда да кемшіліктер болды. Ол кемшілік – «Мінсіз қыз іздеу» еді. Бір күні танысқан жас бір қызға кемшілігін айтып едім, ашуланды. Сосын ашуын смс-пен былай деп жазып жіберді: «Ханшайымды кездестіргіңіз келсе, алдымен өзіңіз Ханзада болыңыз. Мінсіз қызды іздейсіз-ау, ал өзіңіздің мініңізді көрмейсіз. Айнаға жақсылап қарасаңызшы, көз айналасында әжім, шашыңызға ақ түскен, тісіңізден-ақ қанша жасқа келгеніңіз көрініп тұр. Талабыңызды жоғарыдан сәл түсірмесеңіз, сіз ешқашан үйленбейсіз».

Өзімнен 15 жас кіші қыз осылай жазып жіберді. Бұл маған ой салды. Шынында, талабым тым жоғары екен. Айнаға қарадым да, талабымды төмендеттім. Сол арқылы психологиям да өзгерді. Жақсы қыздар көп екен ғой. Мен бақытымды таптым. Талабы мен психологиясын өзгерткен кез келген бойдақ жігіт пен "кәрі қыз" да осы жылы міндетті түрде отбасы құратынына сенімдімін» дейді.

Иә, оқырман, суда жүріп шөлдеген балықтай болмаңыз. «Суда жүріп шөлдеген балық» деген нені білдіреді? Яғни, бақыттың ортасында жүріп, бақытты басқа планетадан іздеп шатаспаңыз.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)

Табиғат ҚАЛЫБЕК,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

ЖІГІТ пен МАМАН таңдауда таптырмайтын тәсіл (ТЕСТ)
«Бос орындық» терапиясымен өміріңізді РЕТТЕЙ АЛАСЫЗ
Оның жүрегін жаулау үшін нені пайдалану керек екенін білесіз бе? (тест)
Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет