2021 жылы жаһандық туризм қалай өзгереді? Қызықты болжам

0
5 767

Биыл адамдар қалай және қайда саяхаттайды?


2021 жылы жаһандық туризм қалай өзгереді? Қызықты болжам

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Дүниежүзіне дүрбелең салған коронавирус туризмнің де тынысын тарылтты. Барлық жерде карантин режимі орнатылып, елдердің шекарасы жабылды. Бір жерден екінші жерге бару да қиындады. Тіпті, ертең немесе арғыкүні мынандай нәрсе істеймін деп жоспарлай да алмай қалдық. Ал жаңадан кіріп келген 2021 жылы, жалпы келешекте туризм саласында қандай өзгерістер орын алады? Мамандар болжамынан түйгенімізді ұсынамыз.


2021 жылы туризм қалай өзгереді?

Біріншіден, белгісіздік жағдайы белең алып, алдын ала тапсырыс беру және жоспарлау тоқтайды да, адамдар саяхатқа шығатын күн жақындағанда ғана дайындалатын болады. Оған қазіргі пандемияның белгісіз күйі әсер ететіні анық. Сондықтан, қалыпты өмір сүру жағдайына жеткенше осылай әрекет етеміз. Дегенмен, барлығы қалпына келіп, алдын-ала жоспарлау, тапсырыс беру және сатып алу режиміне тезірек оралғанымыз сөзсіз тиімді болар еді.

Екіншіден, туризм саласындағы кірістің азаюымен қатар жайлылықтың төмендеуі байқалды. Өкінішке қарай, бұл жағдай бір жыл ішінде қалпына келуі екіталай. Сонымен қатар, авиакомпаниялар тарапынан түрлі жеңілдіктер және билет бағаларының арзандауын күтуге болады.

Үшіншіден, әрбір елдің азаматтары карантин режимінің талабына сәйкес, тұрғылықты мекенжайларына жақын немесе өз еліндегі бұрын болмаған жерлерге саяхаттауды әдетке айналдырып жатыр. 2021 жылы да жергілікті туризм өркендеп, біз көрмей, білмей жүрген орындар басты трендтердің біріне айналуы әбден мүмкін. Егер, бұрын қазақстандықтар бірнеше танымал курорттарды ғана білетін болса, осы жылдан бастап түрлі демалыс аймақтарын ашады деп ойлаймыз. Яғни, отандық саяхат картасы кеңеюде.

Сонымен қатар, шағын топтар құрылып, демалыстың түр-түрі ұйымдастырылуы және олардың дамуы мүмкін. Мысалы, жергілікті тарихи, қызықты нысандардың тарихымен танысып, рухани демалу, ат спортымен шұғылдану және т.б.

Алайда, келер күндері халықаралық туризмде қандай өзгерістер орын алатынын дөп басып айту қиын. Ол түрлі жағдайлар мен әр мемлекеттің басшылары шығаратын шешімдерге байланысты. Әрине, ақыр соңында саяхатшылар үшін әлем құшағы қайтадан ашыла бастайды, бірақ бірден емес. Мүмкін, шет елдерге бару үшін жаңа ережелер мен медициналық құжаттар пайда болатын шығар. Немесе аурудан сақтану шаралары күшейіп, қазіргідей барған жерінде карантинде жатып, біраз уақыт шығындауға тура келетін шығар, оның бәрін уақыт көрсетеді.


Туризм саласы қашан қалпына келеді?

Туристік саланы толық қалпына келтіру бірнеше жылға созылады. Халықаралық әуе рейстерін бір ізге қою үшін де ұзақ уақыт керек. Мәселен, 2001 жылғы 11 қыркүйектегі оқиғадан кейін жолаушылар авиациясы шамамен жеті жылда қалпына келтірілген екен. Сондықтан, қазір ішкі туризмді дамытатын уақыт. Дегенмен, әлемдік әуе рейстерінің мамандары бұл өзгеріс 2024 жылға дейін орнына келеді деп болжам жасап отыр. Өйткені, қазір технология едәуір дамыған.

Сондай-ақ, туризм саласындағы онлайн режим тез қалпына келтіріледі. Өйткені қазіргідей билет сатып алу сынды тірліктердің барлығын оффлайн режимде атқару тиімсіз. Әрі әлем халқы әуе билеті, қонақүй секілді қызметтерге үйде жатып-ақ тапсырыс беруге дағдыланып қалған.


Бетпердені қашан шешеміз?

Пандемиядан кейін бетпердені шешу немесе шешпеуді әр елдің бас санитарлары қарастырады. Тіпті, маскамен жүру сәнге айналып кетуі де мүмкін.


Билет бағасы қандай болады?

Ғаламтордағы ақпараттарға сүйенсек, қазір кейбір мемлекеттерде елішілік ұшақ билеті бір жыл бұрынғыға қарағанда шамамен 15 %-ға арзандаған. Бұл карантинде қаржылық тапшылыққа ұшыраған адамдар үшін тиімді болары сөзсіз. Бірақ, мұндай өзгеріс авиакомпанияларға ұнамайтыны анық. Сондықтан, коронавирустың беті қайтқасын билет бағасы біртіндеп өсіп, баяғы қалпына барады деп болжанып отыр. Ал, шетелге ұшатын билет бағасы керісіше 5-6 пайызға қымбаттапты.

Саяхаттан бұрын деннің саулығын ойлаңыз!


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ.

Тағы оқыңыз:


АҚШ пен ҚЫТАЙ жақын жылдарда әлем картасынан ЖОЙЫЛУЫ мүмкін

Саяхаттан қандай базарлық әкелген дұрыс - МАГНИТ па, ДӘМ бе?