​Осындай аралда өмір сүрер ме едіңіз?

0
4 620

Адамдар қоныстанған ең кішкентай аралдың аумағы – бар болғаны 306 м2.


​Осындай аралда өмір сүрер ме едіңіз?

Ғаламшарымыз қаншалықты алып болса да, оның көп бөлігін су басып жатыр. Құрлықтар мен аралдардың еншісі 30 пайызға жетпейтінін географиядан білеміз. Содан болса керек, адамдар су ортасында тоқымдай болсын құрғақ жер көрсе, соның өзіне қоныстанып үлгеруде. Енді бір елдер қолдан жасанды арал жасап әлек. Бүгін осындай салыстырмалы түрде өте кішкентай саналатын, алайда адамдардың мекендеуіне жарап тұрған аралдармен танысып көрсек.


Мұнда бәріне «орын жетеді»


АҚШ пен Канада шекарасы аумағындағы Әулие Лаврентий өзенінде Мыңарал архипелагы шашырай орын тепкен. Архипелаг құрамына үлкенді-кішілі 1800-ден астам арал кіреді.

Ең кішкентай аралының ауданы – бар болғаны 306 м2. Соның өзін адамдар қоныстанып отыр десем, сенесіз бе?

1950 жылы жүрек жұтқан америкалық отбасы – Сайзлендтер келіп табан тірепті. Олар су ортасындағы тоқымдай ғана құрғаққа «Орын жеткілікті арал» деген атау берген екен.


Данбар аралындағы "Ақ үй"


Бір үйлік қана жері бар тағы бір шағын аралы – Данбар аталады. Гондурас шекарасына кіретін Гуанаха аралына жақын маңда орналасқан. Тасты аралдың үстінде шағаладай ақ вилла бой көтерген.

Арал жері қатты жартасты рельефтен тұратындықтан, үш қабатты ғимаратты салуда біршама қиындықтар туындап, құрылысқа үш жылдай уақыт кетіпті. Қазір жекежайдың айналасын кішігірім емен орманы қоршап тұр.


Лорето аралы


Италияның солтүстігіндегі Изео өзенінің ортасында да осындай бір кішігірім арал тұр. Лорето аталатын аралда бір кездері монастырь болған екен.

ХХ ғасырдың басында патшалық флоттың капитаны Винченцо Ричьеридің иелігіне өтеді. Аралдағы жаңаготикалық стильде тұрғызылған қамал, айлақ және шамшырақ құрылысы осы капитанның басқаруымен жүзеге асқан екен.


Вильгельмштейн – Жердің жасанды бөлігі


Вильгельмштейн – Германияның солтүстік-батысындағы Штайнхуде өзенінде орналасқан жасанды арал. Аумағы – 1,25 га. Неміс графы Вильгельм Шаумбург-Липпе арал мен оның үстіндегі қамалды өзінің шағын графтығы мен дүние-байлығының қауіпсіздігі үшін салған екен. Өзен ортасына (жағалауынан 1,4 шақырым қашықтыққа) топырақ төгуді 1761 жылы бастайды. Ал 1765 жылы қамал құрылысы басталып, 1767 жылы аяқталады.

Қамалды күзеткен жауынгерлердің денсаулығы мәз болмапты. Жоғалы ылғалдылықтың салдарынан олар жиі суықтап, ревматизмге шалдыққандар көп болған.

Қазір бұл аралда мұражай, қонақүй, тамақтану орындары мен кәдесый дүкендері орналасқан.


Висовац аралы


Хорватияда да осындай тіршілігі сырт көзге қызық көрінетін, алайда, қоныстануға жүрек дауалай қоймайтын бір арал бар. ол – ауданы 17 376 м2 қана болатын Висовац аралы. Крка өзенінің көлге барып құятын тұсында орналасқан.


Балықшылар мекені


Кения мен Уганда шекараларын бойлай жатқан Виктория көлінде кішігірім жартасты арал бар еді. Мигинго аталатын аралға алғаш болып 1991 жылы кениялық екі балықшы келіп қоныс тепкен. Кейін балық аулаушылар мен сатушылар көптеп келіп, тұрғындар мен лашықтар саны көбейе бастайды. Қазір жартасты аралда күрке салатын бос жер жоқ. Тығыз қоныстанған балықшылардың тіршілігі қыз-қыз қайнауда.


Айтқанға қызық, көргенге керемет. Алайда, ұлан-ғайыр даланы қоныс еткен біздің халық су ортасындағы ұлтарақтай жерге үй салып, сонда өмір сүруді түсіне қоймас. Сіз егістік жері, ешқандай көршісі болмайтын осындай оңаша аралда тұра алар ма едіңіз?

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


ТУРИЗМ ШЫНДЫҒЫ: ойдан шығарылған көрнекті орындар


"0 ЖҰЛДЫЗды" ҚОНАҚҮЙде демалғыңыз келе ме?