"0 ЖҰЛДЫЗды" ҚОНАҚҮЙде демалғыңыз келе ме?

0
3 409

Ол әдеттегі сіз білетін мейманханаларға мүлде ұқсамайды


Қонақүй дегенде көз алдыңызға қатар-қатар тізілген есіктер, ар жағында қонақтарға бар жағдайы жасалған салтанатты бөлмелер, күлімсірей қарсы алған қызметкерлер, шағаладай аппақ жаймалы төсек пен сүлгілер елестей ме? Ендеше, дайын болыңыз, қазір танысатын қонақүйлер бұл стандартты көрініске мүлдем сай емес.


Жақында бірнеше жас жігіттер туризм, қонақүй салаларына «0 жұлдыз» терминін қолданысқа енгізді. Достардың бұл бастамасы арнайы ойластырылмаған, аяқ астынан танымалдылыққа ие болып кеткен жоба болды. Бәрі былай басталған...

Үш дос – Лондон тұрғындары. Бәрі бірге қызықты видеолар түсіріп, өздері жүргізетін YouTube каналдарына жүктейді. Бейнежазбаларының басым көпшілігі – пранк. Бірде олар ғаламтордан Швейцариядағы ашық табиғатта орын тепкен қонақүй нөмірлері жайлы ақпаратқа кезігеді.

Осы идеяны қызық көріп, әзіл үшін өздері де осындай қонақүй нөмірін жасақтамақ болыпты. Дереу тегін төсек-орын, тумба-лампа, ыдыс-аяқ, басқа да керек-жарақтарды іздестіруге кіріседі. Керегін тапқан соң ашық алаңқайға, ағаш астына осының бәрін орналастырып, қонақүй бөлмесіне ұқсатып қояды. Сосын оны суретке түсіріп, Airbnb сайтына жүктейді.

Әрине, достар мұны әзіл-қалжың үшін жасады. «Көрген адамдар бір күліп алар да, ары қарай өзіне қажет қонақүй іздеуге өте берер» деп ойлады. Алайда, жай қызық үшін жүзеге асқан «0 жұлдызды қонақүй» жобасы көп ұзамай-ақ танымалдылыққа ие болып кетті. Суреттер сайттан-сайтқа көшіріліп, бірнеше басылым бетіне де жарияланды. Ең қызығы, аз уақыттың ішінде алдын-ала бронь жасағысы келетін клиенттер де табыла кетті.

Қазіргі уақытта жігіттер осы жобаны арнайы заңдастырып, кәсіпке айналдыру жолында еңбек етуде.


Жалпы, туризм, қонақүй бизнесі саласында ашық аспан астындағы нөмірлер аз да болса кездеседі.

Айталық, айрықша жағдай жасалған осындай бір қонақүй Канадада, Ванкувер аралында бар екен. «Free Spirit Spheres» аталатын мейманхана қонақтары шар үлгісінде жасалған кеңістікте күш кешеді. Егер осындай жерде тұрақтағыңыз келсе, жел тұрғанда аздап бөлмеңіздің шайқалақтайтынын ескеріңіз.

Франция жерінде көпіршікті еске салатын, түссіз, созылмалы материалмен қапталған қонақүй бөлмелері бар. Күндіз күннің ультракүлгін сәулелерінен, түнде жәндіктер мен сыз өтуден қорғайды. Табиғаттағы әрбір құбылысты қалтқысыз бақылап отыруға керемет мүмкіндік.

Дәл осындай эко-қонақүй Бангкокта да бар. Таиланд астанасынан қашығырақ тұрған кішігірім аралда орналасқан мейманхана «Bangkok Tree House Hotel» деп аталады. Мұнда түссеңіз, тәулігіне 24 сағат таза ауамен тыныстап, құстардың әнін тыңдай аласыз. Төбеңіз – аспан, қабырғалар – бамбук ағаштары, түнгі шам – жарық қоңыздар, оятқышыңыз – күннің шапағы болады.

Саваннаны аралап, сафариға шыққысы келген туристер үшін табиғат аясындағы, ашық даладағы қонақүйде жалғыз түнеу түк те емес. Осыны ескергендіктен, ОАР-дағы Sabi Sands Private Game Reserve қорығы «Lion Sands Private Game Reserve» аталатын мекенді жасақтаған. Қонақүй нөмірі – ағаш басына салынған бөлмелер. Кешкісін қонақүй қыметкерлері квадроциклмен жеткізіп тастайды. Ары қарай тек табиғат және сіз оңашада, тыныштықта уақыт өткізесіздер.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


ТАБИҒАТ ТАҢҒАЖАЙЫБЫ: ішінде асау ӨЗЕН, тұтас ОРМАН орналасқан ҮҢГІРді білесіз бе?