​Саяхатқа аз қаржы жұмсағыңыз келе ме? Онда...

0
2 632

Жан-дүниеңді рухани байыта түсудің бірден-бір жолы — байтаныс өлкелерге саяхаттау. Ел аралап, жер көріп, жаңамен танысу — бұл жақсы, әрине. Бірақ, сол жолда қомақты қаражатты құрбан етуге тура келеді. Десе де, тәжірибелі саяхатшылар біршама амал-тәсілдерге жүгіну арқылы ақша үнемдеп, шығын көлемін азайтуға болатынын айтады. Оларды сіз де біле жүріңіз, бір кәдеге жарары сөзсіз.


​Саяхатқа аз қаржы жұмсағыңыз келе ме? Онда...

Жан-дүниеңді рухани байыта түсудің бірден-бір жолы — байтаныс өлкелерге саяхаттау. Ел аралап, жер көріп, жаңамен танысу — бұл жақсы, әрине. Бірақ, сол жолда қомақты қаражатты құрбан етуге тура келеді. Десе де, тәжірибелі саяхатшылар біршама амал-тәсілдерге жүгіну арқылы ақша үнемдеп, шығын көлемін азайтуға болатынын айтады. Оларды сіз де біле жүріңіз, бір кәдеге жарары сөзсіз.

Құрамды маршрут таңдаңыз


фото: depositphotos

Бару және келу бағыты бойынша көлік түрін, уақытын өзіңіз таңдасаңыз, бұл бір компаниядан бару-қайту билетін алудан арзанға түседі. Мәселен, сіз тұрған қала мен Лондон арасындағы рейс құны мен Лондонға жақын маңдағы сұраныс аз елдімекенге ұшу билетінің құны бірдей болмайды. Арзан бағамен Лондонға жақын орналасқан елдімекенге жетіп алсаңыз, ары қарайғы жолды қалааралық автобус, пойыз сынды көліктермен жалғауыңызға болады. Ол ұшақ билетіне қарағанда әлдеқайда арзан екені хақ. Оған қоса, бір ғана Лондон емес, оның айналасындағы елдімекендерді де көріп, етене танысуға жақсы мүмкіндік.

Жалға автокөлік алмаңыз

Автомобильдің өте ыңғайлы әрі жылдам екеніне дау жоқ. Десе де, құны осы артықшылығына сай. Ал, жалға автокөлік алу орнына қоғамдық көлік, велосипед сынды қатынас құралдарын пайдалансаңыз, қалтаңызға түсер салмақ айтарлықтай азаяды. Оған қоса, нағыз саяхат — бөгде қала, бейтаныс жандар тұрмыс-тіршілігімен етене таныстыратын, қызықты оқиғаларға толы саяхат емес пе. Жеке автокөлікпен сіз көптеген қызықты тосын жайлардан құралақан қаласыз.

Арнайы бағдарламалар іздеңіз

Көптеген транспорттық және туристік компаниялар әлсін-әлсін арнайы бағдарлама, жеңілдік сынды шаралар ұйымдастырып тұрады. Мұндай шараларда басты назарға алынатындардың бірі — саяхатшы шығынының аз болуы. Сіздің де іздегеніңіз сол емес пе? Ендеше, қай елге, қай қалаға бомасын, саяхаттауға шешім қабылдамас бұрын осындай арнайы бағдарламалар жайлы біліп алыңыз. Мәселен, Баварияда 31 еуро төлеп кез келген қоғамдық көлікте бір тәулік бойы жүріп-тұруға мүмкіндік ала аласыз. Ұлыбританияда кез келген пойызға билет сатып алсаңыз, елдегі көптеген танымал нысандарға екі кіру билетін бір билет бағасымен аласыз.

Салт саяхат


Фото: depositphotos

Бұл жерде айтқымыз келгені — өзіңізбен артық-ауыс жүк алмау. «Мынаны бірінші күні, мынаны екінші күні киемін» деп киім санын көбейтпеңіз. «Бір керегі боп қалар» деген заттарды да үйде қалдырыңыз. Ең қажет деген заттарды ғана иыққапқа сиятындай етіп алыңыз. Сонда жүрген жеріңіздің бәрінде — ұшақ, қонақүй, жол көлігі, т.б. жүк сөмкесі үшін ақы төлемейсіз.

Асүйі бар тұрғын үй

Уақытша тұрақтайтын үй-жай таңдағанда асүйі барына тоқталсаңыз, біршама қаржыңыз қалтаңызда қалады. Олай етпеген жағдайда, қарапайым асхананың өзінде артық төлеуге тура келеді.

Назар аударарлық нысандарға тегін кіру — бұл мүмкін

Қай елде болмасын, туристер жиі бас сұғатын назар аударарлық орындар аптаның белгілі бір күнінде не тәуліктің белгілі бір сағаттарында кіру ақысын арзандатады. Кейде, тіпті тегін болуы да мүмкін. Мұндай жүйе әсіресе мұражайларда жолға қойылған. Айталық, Колизейге (Италия) әр айдың алғашқы жексенбісінде кіру тегін. Ал, Мадридтегі Прадо мұражайын дүйсенбі-сенбі күндері сағат 18:00 мен 20:00 аралығында ақысыз аралай аласыз. Мұндай ақпараттарды алдын-ала қарап біліп алған жөн.

Саяхат күнін нақты белгілемеңіз


фото: depositphotos

Сапарға шығу жоспарын жасағанда оның нақты күнін белгілемей, жобамен ғана болжалдаңыз. Өйткені, сіз таңдаған күннен бір-екі күн бұрын не кейін төмен бағамен тур, ұшу билеті сынды жеңілдіктер жариялануы мүмкін. Мұны білу үшін туристік сайттардағы «Төмен бағалар күнтізбесі» бөлімін қарауға уақыт бөліңіз. Мұндай ақпарат беретін бөлім онлайн қызмет көрсететін сайттарда міндетті түрде болуы тиіс.

Дайындаған: А.Бектұрғанова

ERNUR.KZ