"Қытайлық дәрі қабылдаған": шымкенттік тұрғынды дәрігерлер аман алып қалды

0
384

Терісі толықтай іріңдеп кеткен.


ERNUR.KZ. Шымкенттік дәрігерлер аллергияның ауыр түріне шалдыққан науқасты аман алып қалды.

27 қараша күні Шымкент қалалық N2 ауруханаға 54 жастағы тұрғын жеткізілді. Жағдайының ауырлығына байланысты дәрігерлер пациентті бірден жансақтау бөліміне жатқызған.
Науқас денесінің барлық жерінде іріңді бөртпелердің бар екенін айтып, денесі қызғанын, басы ауырып, айналатынына және құсатынына шағымданады. Әйелдің айтуынша осы белгілер 5 күн бойы мазасын алған.
“Науқас қазіргі халін тамақпен немесе шаң-тозаңмен байланыстырмайды. Бірақ, өз бетінше қытайлық дәрігердің қабылдауында болып, әртүрлі шөптік тұнбалар қабылдаған, жақпа майлар қолданған. Емінің төртінші күнінде жоғарыда айтылған шағымдар пайда болған. Келген кезде жағдайы өте ауыр, терісінің 90 пайызы зақымдалған. Терісі күйік шалған секілді бөртіп қызарған, кей жерлерін іріңді бөртпе басқан. Беті, көзі, қолдары ісінген”, – деді емдеуші дәрігері.
Дәрігерлер науқасқа жансақтау бөлімінде 2 апта бойы қарқынды ем жасап, 3 сеанс гемофильтрация арқылы қанын тазартады. Беті бері қараған соң науқас палатаға ауыстырылып, қабынуға және интоксикацияға қарсы десенсибилизация емін қабылдайды. Нәтижесінде жағдайы жақсарып, терісі толық қалпына келген. Дертінен сауыққан науқасты медицина мамандары күні кеше үйіне шығарып салды.