Шымкент қаласының бюджеті бірінші кезекте шалғайдағы аудандарды дамытуға бөлінеді

0
905

Шымкент әкімі: Шағынаудандардың инфрақұрылымын дамыту – басты назарда.


Шымкент қаласының бюджеті бірінші кезекте шалғайдағы аудандарды дамытуға бөлінеді

Шымкент қаласының әкімі Абай ауданындағы Жаңаталап, Игілік тұрғын алабтарының инфрақұрылым жүйелерімен және әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Іссапар барысында қала әкімі елдімекендердің тұрғындарымен кездесіп, қоғамдық көлік, ауыз су, газбен және сапалы электр жарығымен қамту сынды мәселелерін тыңдап, тұрғындар көтерген мәселе орынды екенін, қала бюджеті бірінші кезекте шалғайдағы аудандардың инфрақұрылымын дамытуға бөлінетінін атап өтті. Сонымен қатар түйінді мәселелердің уақтылы шешілуін жеке өзі қадағалайтынын жеткізіп:

«Бүгінде Түркістан облысынан қала аумағына қосылған 41 елдімекен бар. Олардың көбінде әлі күнге дейін ауызсу, жарық, көгілдір отын мен тіпті қатынас үшін көше-жолдар жоқ десек те болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының съезінде Үкіметке ауылды жерлерге үй, жол салып, коммуникация тарту қажеттігін тапсырған болатын. Осы жұмыстардың барлығын мегаполиске қосылған аудандарда да жүргізуіміз қажет. Көп жылдардан бері қордаланып келе жатқан коммуналды мәселелерді рет-ретімен шешеміз», - деді Е.Айтаханов.

Сонымен қатар, қала әкімі ауданда заңсыз жер қойнауын пайдаланып жатқан азаматтардың жұмысына назар аударып, тиісті сала жетекшілеріне осы жұмыстардың заңдылығын анықтап, шара көруді, ал өз мақсатында пайдаланылмай отырған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Сондай-ақ, Ерлан Қуанышұлы Абай ауданының әкімі Б.Пармановқа және сала басшыларына елдімекендердің инфрақұрылымын дамыту бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеу, күрмеуі шешілмеген ең өзекті проблемалы нысандарды көрсету жөнінде тапсырмалар берді.