ШЫМКЕНТ: «Қамқорлық» орталығы жүзге жуық балаға оңалту шараларын жүргізуде

0
642

110 орынға есептелген мекеме жартылай стационарлық негізде қызмет көрсетеді.


ШЫМКЕНТ: «Қамқорлық» орталығы жүзге жуық балаға оңалту шараларын жүргізуде

Шымкенттегі «Қамқорлық» №8 балаларға арналған әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында бүгінгі күні 100-ге жуық бала қызмет алуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Орталықта аутизм және аутистік спекторының бұзылыстары бар балаларға түзету-дамыту, қоғамға бейімдеу және әлеуметік оңалту шаралары көрсетіледі. Білікті мамандар сөйлеу тілінің жалпы дамуында бұзылыстары бар балалармен түзету-дамыту жұмыстарын жүргізеді. Мамандардың айтуынша, арнайы педагог мамандардың жеке және топтық жұмыстарының нәтижесінде балалардың визуалды қабылдауы, қарапайым қимыл-қозғалыстары мен дағдыларында оң өзгерістер байқалады. Логопедиялық жұмыстар жүргізу арқылы артикуляциялық аппаратында бұзылыстары бар балалар дыбыстар мен жеке сөздерді анық айта бастаған.

Қалалық жұмыспен қамту және халықты әлеуметік қорғау басқармасына қарасты 110 орынға есептелген мекеме жартылай стационарлық негізде қызмет көрсетеді. Заманауи үлгіде жабдықталған орталық қосымша білім беру және әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау, интерактивті, сенсорлық бөлме, робототехника және лего-бөлмелері, музыка-терапия, арт-терапия бөлмелері мен тігін, ағаш, қыш шеберханаларымен қамтамасыз етілген.
Мұнда балалар арнайы педагог мамандарының бақылауында болып, медициналық тексеруден өтеді. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға логомассаж тағайындалады. Сондай-ақ, балалармен аптасына 2 күн жеке жұмыс жүргізіледі.

Еске сала кетсек, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзивті қоғамдық орта қалыптастыру мәселесіне жеке-дара тоқталған болатын. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жүйелі түрде қолдау дамыған және әлеуметтік жауапты мемлекеттерге тән екенін, Қазақстан бұл бағыттағы жұмысты үнемі жақсартып отыруға тиістігін тілге тиек еткен. Себебі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар саны өсуде. Сонымен қатар мұндай іске мамандандырылған ұйымдардың алаңсыз жұмыс істеуі үшін қолданыстағы нормалар ескірген.

– Өңірлердің ерекшеліктерін және қазіргі заманғы стандарттарды ескере отырып, аталған саладағы нормативтерді жаңарту қажет. Бүгінде бір психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия 60 мың баланы қамтиды. Олардың жұмысының тиімділігін арттыру үшін бұл нормативті 50 мың балаға дейін төмендету керек. Балаларды сәби кезінен бастап скринингтен өткізу ісін жақсарту, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары жанындағы әлеуметтік қызметтердің жұмысын күшейту қажет. Уәкілетті органдар ерекше қажеттіліктері бар бала мен оның отбасы үшін бірыңғай маршрут түрінде іс-қимылдардың түсінікті алгоритмін жасауы тиіс. Өңірлердегі арнаулы мекемелерді ескере отырып, онда бала дүниеге келгеннен бастап мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтің барлық түрі ұсынылуы керек. Білім және ғылым министрлігі ерекше балалардың білім алу құқықтарын іске асыру мәселесіне айырықша назар аударғаны жөн, – деген еді Мемлекет басшысы.