Шымкент тұрғыны полиция қызметкерін қорлағаны үшін сотталды

0
1 198

Сотталушының әйелі полицейлермен алысып, сотқа кіргізбеуге тырысқан.


Шымкент тұрғыны полиция қызметкерін қорлағаны үшін сотталды

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Полиция қызметкеріне тіл тигізіп, балағаттап қорлаған шымкенттік тұрғын сотталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының 19 желтоқсан күнгі үкімімен сотталушы Мухаммедов Нуржон Мамарасулович Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 378-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылды.

Сотталушы 5 қыркүйек күні Шымкенттегі «Кең-Баба» саябағында «Қытай экспанциясына қарсы» атты заңсыз шеруге қатысқан. Сол үшін оның үстінен ҚР ӘҚБтК-нің 488-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалып, 5 қазан күні полиция қызметкерлері Н.Мухаммедовті Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына алып келген. Алайда, сотталушы дәл сот ғимаратының алдында сотқа кіруден бас тартып, тіпті оның жұбайы да полиция қызметкерлерімен алысып, Н.Мухаммедовты сотқа кіргізбеуге әрекет жасаған. Сол кезде сотталушы Н.Мухаммедов полиция қызметкерлерін балағаттап қорлаған. Тиісінше, тәртіп сақшысы өзіне тіл тигізіп ар-намысын қорлағаны үшін сотталушының үстінен қылмыстық іс қозғау туралы шағымданған. Сот отырысында сотталушы Н.Мухаммедов полиция қызметкерлерін балағаттап қорлағанын мойындаған. Тәртіп сақшыларының заңсыз әрекеттерінен күйініп эмоцияға беріліп кеткенін айтқан.

"2019 жылғы 21 қарашадағы № 3804 сот психолого-филологиялық сараптаманың қорытындысына сай, Н.М.Мухаммедовтың айтқан сөздері тұлғаның ар-намысы мен қадір қасиетін қорлайтыны анықталған. Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының 2019 жылғы 19 желтоқсандағы үкімімен Н.М.Мухаммедов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 378-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша 40 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалған", - деп мәлімдеді Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, қыркүйекте заңсыз шеруге шыққаны үшін Н.Мухаммедов Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 25 қазандағы қаулысымен Н.Мухаммедов ҚР ӘҚБтК-нің 488-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған болатын.