Шымкентте биылғы жылу беру маусымында газдан уланудың 10 оқиғасы тіркелді

0
931

Жылыту маусымы басталғалы бері тұрғын секторында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шаралар атқарылуда.


Шымкентте биылғы жылу беру маусымында газдан уланудың 10 оқиғасы тіркелді

Тұрмыстық газ құрылғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу нәтижесінде биылғы жылу беру маусымында улы газдан уланудың 10 оқиғасы тіркелген, салдарынан 10 адам қайтыс болып, 4 адам жарақат алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Ал 2018-2019 жылдардағы жылыту маусымы кезінде улы газдан уланудың 7 оқиғасы тіркеліп, салдарынан 12 адам қайтыс болған және 1 адам жарақат алған.

Жылыту маусымы басталғалы бері тұрғын секторында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шаралар атқарылуда. Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті қала және аудан әкімдігі, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының қызметкерлерімен, «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының еріктілерімен бірлесіп, қарқынды түрде үгіт-насихат түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, жол-патрульдік полиция қызметкерлерімен бірлесіп, жолаушылармен жадынама парақшалары таратылған.

"Газ құрылғысын пайдаланатын автокөліктердегі өрттерге байланысты төтенше жағдайларға жүргізілген талдауға сәйкес жыл сайын еліміз бойынша автокөлік құралдарының 2 мыңнан астам жануы орын алады. Бұл жалпы өрттердің 20%-ын құрайды. Қазіргі таңда қаламызда жалпы 14 паркинг бар. Департамент қызметкерлерімен паркингтерде үгіт-насихат түсіндірме жұмыстары жүргізілді.", - деді Шымкент қалалық ТЖД бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Мадияр Жақсыбаев.

«Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылы аясындағы дайындық іс-шаралардың 1-кезеңде департамент өзінің оқыту базасында өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтау, азаматтық қорғанысты ұйымдастыру және басқа да ТЖ алдын алу мәселелері бойынша денсаулық сақтау ұйымдары мен білім беру мекемелерінің 43 қызметкерін оқытқан.

Ал 2-кезеңде Мәдени астана мәртебесін алу рәсімі өткізілетін «Қажымұқан» стадионында 8 техника мен 54 қызметкердің іс-қимылдары пысықталып, олардың стадионаумағында және периметрі бойынша орналасу орындары пысықталды. Қонақүйлердің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қызметкерлеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қарау барысында анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыныстар берілген.