Шымкентте ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр

0
548

Конференцияда сарапшылар көмірсутектерді барлау перспективаларына тоқталып, мұнай-газ әлеуетінің болашағы үшін маңызды сейсмикалық мәліметтерді талқылады.


Шымкентте ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр

Бүгін Шымкентте “САУТС-ОЙЛ” компаниясының 20 жылдығына орай дәстүрлі емес көмірсутектерді барлау және өндіру перспективаларына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Мұнай-газ саласының мүмкіндіктері мен болашағы талқыланған іс-шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, бүгінде ел экономикасының дамуында ықпалды, республикалық маңызы бар ауқымды жобаларды іске асырып отырған кәсіпорын ұжымын мерейтойымен құттықтады.

“Компания қаламыздағы әлеуметтік мәселелерді шешуге, халықтың өмір сапасын жақсартуға, мәдениет, әдебиет, өнер, спорт пен ғылымды қолдауға барынша атсалысып келеді. Компанияның қолдауымен қалада заманауи көпфункционалды университеттік аурухана салынуда. 800 төсектік аурухана мен бір ауысымда 700 науқасты қабылдайтын емхана мегаполистің денсаулық сақтау саласын жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз. Алдағы уақытта да бізбен тығыз байланыста халықтың жағдайын жақсартудағы ізгі істерді жалғастыра беретіндеріңізге сенемін!”, - деді қала әкімі.
Конференцияда сарапшылар көмірсутектерді барлау перспективаларына тоқталып, мұнай-газ әлеуетінің болашағы үшін маңызды сейсмикалық мәліметтерді талқылады. Екі күнге жалғасатын конференция соңында «ОҢТҮСТІК – Мұнай» компаниясының өндірістік нысандарын аралау жоспарлануда.
20 жылдық тарихы бар компания мұнай және газ өндірудің барлық бағытын қамтып, өндірілуі қиын қорларды игерудің инновациялық әдісін әзірлеп, қолданысқа енгізеді. “SOUTH OIL” компаниясының жаңа нысандарында 9 мыңға жуық адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
Компанияға тиесілі қаламыздағы «Стандарт Цемент» зауытының қуаттылығы жылына 1 миллион тонна өнімді құрайды. Бүгінде мұнда 800 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын отандық нарықты сапалы цементпен қамтумен шектелмей, қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтау бағытындағы тың жобаларымен де ерекшеленеді.