Шымкентте «Көрпе FEST» мегафестивалі басталды

0
1 806

Шымкенттік 300 қыз-келіншектер шеберлік сабағына қатысады.


Шымкентте «Көрпе FEST» мегафестивалі басталды

Шым шаһарында «Көрпе FEST» мегафестивалі аясында «Аналар аманаты» атты тренинг семинары бастау алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Аталмыш фестивалге мегаполис әкімі қолдау білдірген.

«Көрме» орталығында өткізіліп жатқан тренинг семинарда ҚР Прездентінің «Алтын сапа» премиясының жеңімпазы, «Құрмет» орденінің иегері, Республикалық ақпараттық ағарту, үгіт-насихат штабының төрайымы Ырза Тұрсынзада құрақ құраудың сан түрін қыз-келіншектерге үйренетін болады.

Айта кетейік, бүгінгі семинар тренингке барлығы 300-ге жуық қыз-келіншектер қолөнердің қыр-сырымен танысуға ниет білдірген.

Ырза Тұрсынзада қазақ даласында төл кәсіп пен қолөнерді 5 жылдан бері тегін үйретіп келе жатыр. Бүгінгі «Көрпе FEST» фестивалі аясында ұйымдастырылған «Аналар аманаты» деген шеберлік сағаты 3 күнге созылмақ.

«Әйел санасы оянса, қарашаңырағына, бала-шағасының жанына оралса, кәсібін дөңгелетсе, нәпәқасын тапса, ол – бақытты әйел. Себебі, отағасына көмектесіп, балаларының жанында тамағын, бауырсағын пісіріп жүрсе, арасында отыра қалып тігісін тігеді. Бұл қазақ анасына Алланың берген үлкен сыйы. Себебі, аналар – болашақ ұрпақты тәрбиелейді. Мен үшін ұлттың ар-намысы – әйел қауымы. Әйелдердің намысы оянса, ерлердің рухы асқақтап, елге қызмет ететін демін оятатын біздерміз. Көпбалалы аналарды ананы-мынаны сұрап, шығып жатыр дейді. Менің ойымша, көп балалы аналардың жан-дүниесін түсіне алмай жүрміз. Аналар күнделікті қу тіршілікпен қажып кетеді үйде отырып. Осы аналарымызға терапия ретінде, әдемі шабыт ретінде бұл тігіс көмектеседі. Қазіргі машиналардың дыбысы шықпайды. Түнде де тігіс тігуге болады. Өз қолдарымен жасаған туындыларды сатып, кәсіпке айналдыруға мүмкіндік көп. Менің басты мақсатым да осы. Әйел қауымына үйде отырып-ақ,тігіс тігіп, кәсіппен айналысуға болатындығын үйрету.» , - дейді Ырза Тұрсынзада.

Бүгінгі шеберлік сағатына қатысушылар қатарында Сарыағаш ауданынан келген 74 жастағы Гүлжахан Сайыпова да бар. "Мұнда келудегі мақсатым дүние табу емес, немере қыздарымның жасауына арналған көрпе, жастық тіксем деген ойым бар",- дейді қарт ана.


"Менің ойым, Ырза қызымыз қазақтардың байырғы тігіс тігу өнерін қайта жандандырып жатыр екен. Жастарымыз осылай үйреніп, келешекте әр отбасы осылай істеген істері арқылы нәпақасын тауып отырса деген ниеттемін. Ал мен, өте жақсы тігемін деп айта алмаймын. Менің ниетім дүние табу емес. Менің 13 немере қызым бар. Сол немере, шөберелерімнің келешегіне арнап көрпеше, жастық тіксем деген ойым бар. Оларды сатып алуға болады ғой. Бірақ, үйде отырғанда не істеймін?! Телевизор көруден басқа жұмыс жоқ. Осындай фестиваль болып жатқандығын естіп Сарыағаш ауданынан келіп отырмын." , - дейді ақ жаулықты ана.