Шымкентте «Мейірім-жүректен» атты айлық іс-шара өткізіледі

0
562

Аталған іс-шара 25 сәуір мен 25 мамыр күндері аралығында өтеді.


Шымкентте «Мейірім-жүректен» атты айлық іс-шара өткізіледі

Шымкент қалалық прокуратурасы мен білім басқармасының «Мейірім-жүректен» атты бірлескен айлық жоспары бекітілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Тәжиева Жанат Арысбекқызы брифинг барысында мәлімдеді.

Іс-шара 25 сәуір мен 25 мамыр күндері аралығында өтеді. Аталған шараның мақсаты - жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың, жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстардың профилактикасы, сондай-ақ өзіне-өзі қол жұмсау фактілерін болдырмау және өмір қауіпсіздігін сақтау.

Бүгінде кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында 7 бағытты қамтитын кешенді іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінде кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясының құрамында 56 мүше бар. Олар ата-ана құқығынан айыру, бейімдеу немесе девиантты балалар орталығына жіберу, кешкі мектепке орналастыру және білім беру ұйымдарының есебін тыңдау негізінде жұмыс істейді.
Сонымен қатар, Шымкент қаласының білім беру ұйымдарында 320-дан астам тәрбие жөніндегі орынбасар, 170-ке жуық әлеуметтік педагог және 270-ке жуық педагог-психолог қызмет атқаруда.
Барлық білім беру ұйымдарында медиация кабинеттері ашылған және тәрбие жұмысын дамыту мақсатында «Ата-аналар академиясы» бекітілген.

Ал, басқарма жанынан психологиялық-педагогикалық қызмет, тәрбие беру орталықтары құрылып, жұмыс атқаруда.

Айта кетейік, қазіргі таңда қаламыздағы білім беру ошақтарында «Әкелер мектебі», «Аналар/әжелер мектебі», «Ұлдар клубы» мен «Қыздар клубы» сынды ұйымдар жұмыс істейді.
Сондай-ақ, «Үштік одақ», «Оқуға құштар мектеп», «Мектеп Парламенті» «Өзін-өзі басқару», «Дебаттық қозғалыс» сияқты тәрбиелік мәні бар жобалар іске асырылуда.
Мектеп қабырғасындағы бұл жобалардың бірі сыни ойлау дағдыларын қалыптастырса, енді бірі көркем әдебиетке қызығушылықты оятады. Ал, ең бастысы ата-ана мен оқушы-мектеп байланысын арттыруға айтарлықтай үлес қосады.
Сонымен қатар, «Adal urpaq» және «Sanaly urpaq» еріктілер клубтары білім алушыларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетке тәрбиелеуге бағыттайды.