​Шымкентте өртенген көліктен табылған мәйітке қатысты тың деректер шықты

0
2 046

Түгі қалмай жанған машинада адам барын кейіннен байқаған.


​Шымкентте өртенген көліктен табылған мәйітке қатысты тың деректер шықты

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

ERNUR.KZ. Шымкентте жұманың кешінде өртенген көліктен табылған мәйітке қатысты тың деректер белгілі болды, деп жазады "Астана"

Туыстарының айтуынша, Сайрам тұрғын алабының тұрғынын өлтіргендер оның қалтасындағы ақшаны көксесе керек. 25 миллион теңгеге жер сатамын деп шақырғандар кәсіпкер жігітті балтамен ұрып өлтіріп, кейіннен өртеп жіберген.

35 жастағы ұлы Аваз Жаналиевтің анасы баламды өлтіргенімен қоймай, өртеп жібергені жанымды жегідей жеп барады дейді. Айтуынша, кәсіпкер баласы сол күні таңертең жер сатып алуға шығып кеткен, қалтасында 2 милллион теңге болған. Алайда таяқ тастам жерден хабар болмағасын алаңдап қоңырау соққанмен күндізгі екіден телефоны сөндірулі болған.

"Балам құжаттарын сұраған, үйде қалды деп, алдап алып барған. Сол кезде балтамен ұрыпты. Анасы да арқадан ұрған. Анасы, баласы, келіні үшеуі болған", - дейді марқұмның анасы Гүлзада Жаналиева.

Ауыл іргесінде автокөліктің отқа оранғанын сол маңдағы тұрғын байқаған. Шұғыл көмек шақыртқан да сол. Түгі қалмай жанған машинада адам барын кейіннен байқаған. Мәйітті кісі танып болмайды. Аваздың досының білуінше жер сатпақ болғандар 25 миллион теңгеге келісіп, ақшаны сол сәтте қолма-қол түгел алып келуді қайта-қайта пысықтаған көрінеді.

Марқұмның ет жақындары бұл істе күдікті жалғыз болмағанына сенімді. Алпамсадай Аваз оңайлықпен бой алдырмайтын жігіт деп отыр. Досының сөзінше, тергеуге берген түсінігінде күдікті қылмысын мойындаған.

"Көлік оталып тұрады. Жатқызып, үстіне бензин құйған. Кейін от қойып, сайға итеріп жібермекші болған", - дейді марқұмның досы Расулмат Алимкулов.

Айта кетейік, туыстарының білуінше ұсталған адам бұрын сотты болған. Ал ұзақ жыл Кореяда жұмыс істеп, елге былтыр ғана оралған Аваздың артында аяғы ауыр келіншегі мен бірі он жаста, екіншісі он айлық ұлы қалды.

Еске сала кетсек, 26 наурызда Қаратау ауданы, Сайрам тұрғын үй алабы маңында, Әл-Фараби көшесінің бойында Toyota Camry 35 маркалы көлігі өртеніп кеткен. Өртенген көліктің ішінен 1985 жылы туған ер адамның денесі табылған.