Шымкентте үш тілде білім беретін жаңа балабақша ашылды

0
2 435

Жаңа балабақша бір мезгілде 900 баланы қабылдай алады.


Шымкентте үш тілде білім беретін жаңа балабақша ашылды

Шымкент қаласында білім күніне орай үш тілде білім беретін 900 орындық жаңа балабақша пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкенттегі білім мекемесінің ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Ерлан Айтаханов жаңа ғимаратты аралап көріп, ондағы балаларға жасалған жағдаймен танысты. Сонымен қатар, бүлдіршіндердің дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалап, балалар мен ата-аналарды және тәрбиешілерді балабақшаның ашылуымен құттықтады.

Атап айтсақ, жаңа үлгіде салынған бөбекжай 31 топқа арналған. Онда балаларға арналған ойын бөлмесі, асхана, музыка залы, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған спорт залы, әр топқа арналған ойын алаңшалары бар. Бұдан бөлек, балалардың денсаулығын қадағалайтын медбике бөлмесі, балалардың психологиялық ерекешіліктерін қадағалайтын психолог, логопед және ұстаздар бөлмелері бар. Сонымен қатар, мұнда ұйымдастырылған оқу-іс әрекеттері қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.

Сондай-ақ, бүлдіршіндердің өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында балабақша бөлмелері, ойын алаңшалары, жатын бөлмелер, мен дәліздер бейнекамерамен жабдықталған.