Шымкенттегі «Метро» сауда үйін тонаған күдіктілер ұсталды

0
618

Олардан айғақты зат ретінде «Метро» сауда орталығынан ұрланған тауарлар тәркіленіп алынды.


Шымкенттегі «Метро» сауда үйін тонаған күдіктілер ұсталды

Шымкент қаласындағы «Метро» сауда орталығын тонаған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Ералы Жумаханбетов мәлімдеді.

5-қаңтар күні түнгі уақытта Шымкент қаласында орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде тәртіп бұзушылар Нұр-Сұлтан көшесі бойында орналасқан «Метро» сауда орталығының есік-терезелерін сындырып, заңсыз кірген. Сауда орталығының ішінен түрлі заттар ұрланған. Аталған оқиға Шымкент қаласы Полиция департаменті Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларына түскен.

Полиция қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Нұрсат-3 шағынауданында орналасқан жалдамалы пәтерлердің бірінде оқиғаға қатысы бар деген күдікпен 4 тұлға анықталып, ұсталды. Олар 2001 және 2002 жылдары туылған Түркістан облысының тұрғындары болып шықты.
Олардан айғақты зат ретінде «Метро» сауда орталығынан ұрланған тауарлар тәркіленіп алынды.
Аталған азаматтарға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Сонымен қатар, Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының қызметкерлерімен жедел іс-шаралар барысында сауда орталығының заттарын ұрлаған тағы бір 1995 жылы туылған азамат ұсталды. Ол ұрланған заттарды өзі жұмыс істейтін көлік жуу орнының демалыс бөлмесінде жасырған болып шықты. Ұрланған тауарлардан бөлек, бөлмеде ерекше иісі бар зат пен ішінде сары сұйықтығы бар кесілген пластикалық бөтелке, және кастет анықталды.
Қазіргі таңда жайттар бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Сонымен қатар, «Метро» сауда орталығынан ұрланған басқа да заттарды анықтауға бағытталған шұғыл іс-шаралар жалғасуда.