Шымкенттік кондуктор 4 баламен әйелді және жүкті келіншекті неге автобусқа кіргізбегенін түсіндірді

0
1 378

Инстаграмдағы "kritika_shymkent" парақшасында шымкенттегі 135 бағыттағы автобус кондукторы 4 баланы ерткен жүкті әйел мен оның анасын автобусқа мінгізбей, аялдамада қалдырып кеткені жайлы ақпарат тараған болатын.


Шымкенттік кондуктор 4 баламен әйелді және жүкті келіншекті неге автобусқа кіргізбегенін түсіндірді

Шымкент қаласында 135 бағытындағы автобус кондукторы 4 баласын ертіп жолға шыққан жүкті келіншек пен оның анасын автобусқа кіргізбей қойғаны жайлы әлеуметтік желіде тараған болатын. Осы мәселеге қатысты жолаушы тасымалдау компаниясының өкілдері түсініктеме берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Қала тұрғыны Айсара Мадалиева шаһардағы қоғамдық көліктердің қызмет сапасына көңілі толмайтынын айтады. Жасы 60 келген зейнеткер жүкті қызы мен 4 немересін алып жолға шыққан. Бірақ, барар жеріне өз уақытында жете алмапты. Өйткені, аялдамада тұрғанда оларды 135 бағыттағы автобустың кондукторы "сыймайды, коляскамен болмайды мінуге" деп қалдырып кеткен.

"Біз 135 автобусқа «Гипер хаус» аялдамасынан мінбекші болғанбыз. Мен, немерелерім және жүкті қызыммен күттік. Сосын 135 маршрут келді, сөйтіп бізді мінгізбей қойды. Сіздер коляскамен сыймайсыздар, коляскамен болмайды деді. Бірақ біз коляскамен басқа маршруттарға мінеміз, кондукторлар түседі, спокойно мінгізеді, бізге көмектеседі түсетін кезде де. 135 маршрут дәл бұл кондуктор, дәл бұл автобус емес ,уже екінші случай. Бірінші случайда транспортныйға шыққанбыз, олар жауып қоя салды бұл мәселені. Осыған шара қолдануларыңызды сұранамын", - дейді ол.


Сонымен қатар арызданушы Айсара Мадалиеваның айтуынша, 135 бағыттағы автобуста мұндай мәселелер жиі туындайтын көрінеді. Өйткені, нақ осы бағыттағы қоғамдық көліктің қызмет сапасына шағымданушылар көп екен.

Осы мәселе бойынша қоғамдық көлік қызметіне жауапты Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына хабарласқан болатынбыз. Ондағылар бұл жағдайдан хабардар болып шықты. Қоғамдық көлік бөлімінің басшысы Наурыз Сүгірәлиев, 135 бағыттағы автобустар «Green Bus Company» жолаушы тасмалдау компаниясына тиесілі екенін айтып, өкілдерін әкімдікке шақырды.

Ал 4 баланы ерткен жүкті әйелді шешесімен бірге аялдамада қалдырған кондуктор өзіне шаң жуытар емес. Оның айтуына қарағанда, арызданушы жолаушылар бесікарбасын жинап автобусқа кіруден бас тартқан.


«Карл Маркс аялдамасында тұр, коляскасы дәу екен. Әпше, келіңіз дедім, коляскаңызды жинайық, ішіндегі адамдарды көріп тұрсыз, қараңыз дедім. Коляскаңызбен сыймайсыз дедім. Келіңіз жинайық, оккуратно отырғызамын. Орындық тауып беремін, бала-шағаңызбен. Болды, басқа ештеңе айтқан жоқпын», - дейді «Green Bus Company» компаниясының кондукторы Алимардан Атажанов.


Сондай-ақ, «Green Bus Company» мекемесінде қызмет көрсету сапасына жауапты Ержан Көпбергенов, кондукторлардың дөрекі сөйлеуі мүмкін емес екенін айтады. Себебі, компания оларға жолаушылармен жұмыс бойынша тұрақты түрде арнайы тренингтер ұйымдастырады екен.

"Біз жолсеріктерге айына екі рет тренинг өткізіп отырамыз. Ол тренингке психолог мамандары қатысады, онда көшедегі этика-эстетика жайында сабақ өтіледі. Мен өзімнің кондукторларыма сенімдімін. Олар біреудің құқығын таптап не болмаса, жаңағы... Бізге бұл заң шығып қойған, көпбалалы аналарға, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері бәрі тегін жүреді", - дейді Ержан Көпбергенов.


Естеріңізге сала кетейік, "kritika_shymkent" инстаграм парақшасына өзінің анасын, екіқабат сіңлісін және 4 бүлдіршін балаларын 135 бағыттағы автобус кондукторы кіргізбей қойғандығын айтып шағымданған болатын.