Шымкентте қоғамдық көлік қызметіне шағым көп.
Шымкентте жүкті келіншекті және 4 бүлдіршінді автобусқа кіргізбей қойған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкент қаласының тұрғыны "kritika_shymkent" инстаграм парақшасына өзінің анасын, екі қабат сіңлісін және 4 бүлдіршін балаларын 135 бағыттағы қоғамдық көлік кіргізбей қойғандығын айтып шағымын білдірген.
Естеріңізде болса, Шымкент қаласы әкімі Ғ.Әбдірахымов халық алдындағы жылдық есебі кезінде "Алтын" және "Күміс алқа" иегерлері, сонымен қатар "Батыр аналар", І және ІІ дәрежелі орденмен наградталған көпбалалы аналар 1 наурыздан бастап қоғамдық көліктерде тегін жүретін болады деп айтқан болатын. Бәлкім бұл жағдайдың орын алуына қала әкімінің сол мәлімдемесі себеп болды ма, кім білсін?
Десе де, үшінші мегаполистегі қоғамдық көлік қызметіне тұрғындар тарапынан шағымдар толастар емес. Мәселен, Ғ.Әбдірахымовтың есебі барысында қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі мен олардың қызмет көрсету сервисінің төмен екендігі туралы мәселе көтерілген еді.
Нақтырақ айтқанда, қаладағы Қайнарбұлақ саяжайының тұрғыны Бекжан Жұмабеков аталмыш елдімекенге қатынайтын 70 пен 17 бағыттағы автобустардың бір-бірімен жолаушыға таласып жарысатындығын айтып, кондукторлардың дөрекілігіне қадағалау жасауды сұрған болатын.
Қалабасы осы мәселені тез арада шешуді Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуат Жұматаевқа тапсырған. Егер, "kritika_shymkent" инстаграм парақшасында жарияланған жағдай рас болса, шаһар басшысының тапсырмасы әлі күнге ескерілмеген секілді.