ЮНЕСКО: Шымкенттің 2200 жылдығы 2020 жылы тойланады

0
3 315

Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150-жылдығы да 2020 жылы тойланатын халықаралық мерейтойлар тізіміне енді.


ЮНЕСКО: Шымкенттің 2200 жылдығы 2020 жылы тойланады

ЮНЕСКО Шымкенттің 2200 жылдығын атап өтуді 2020 жылы өтетін халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл шешім Франция астанасында өткен ЮНЕСКО-ның 40-шы Бас конференциясында қабылданды. 12-27 қараша аралығында өткен конференцияда ортағасырлық Шығыстың ғұлама ойшылы әрі ғалымы Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150-жылдығын және Шымкент қаласының негізі қалануының 2200-жылдығын келесі жылы атап өтілетін халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізу жөнінде арнайы қарар қабылдады. Ал, ұйымға мүше 193 мемлекеттің ортақ шешіміне сәйкес ЮНЕСКО Хатшылығына аталған мерейтойлар аясында өткізілетін іс-шараларға қатысу тапсырылды.

Сондай-ақ, бас конференцияның пленарлық жиналысында Қазақстанның Франциядағы Елшісі әрі ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Жан Ғалиев мүше мемлекеттерге еліміздің ұсыныстарын қолдағандары үшін алғыс білдіріп, оларды аталған мерейтойларға және қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының 175-жылдығына орай елімізде және шетелде өткізу жоспарланып отырған іс-шараларға қатысуға шақырды.

Айта кетейік, 2200 жылдық тарихты арқалаған Шымкент – көне қалалардың бірі екенін Бауыржан Байтанаев бастаған зерттеушiлер біраз жыл бұрын дәлелдеген болатын. ЮНЕСКО деңгейiнде аталып өтiлуi үшiн бұл ғылыми тұжырым дүниежүзi тарихшы-ғалымдарының назарына ұсынылып, бүгінде мойындалып отыр. Енді келер жылы миллионды қала тұрғындары Шымкент қаласының 2200 жылдық мерейтойын ресми түрде атап өтеді.