ХОРВАТИЯНЫҢ КӨЗ ЖАСЫ: ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ АЯҚТАЛДЫ

0
2 243

XXI ғасырдағы футболдан XXI Әлем чемпионаты да аяқталды,


ХОРВАТИЯНЫҢ КӨЗ ЖАСЫ: ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ АЯҚТАЛДЫ

Фото: AIKYN.KZ

ERNUR.KZ. XXI ғасырдағы футболдан XXI Әлем чемпионаты да аяқталды, деп хабарлайды AIKYN.KZ сайтына сілтеме жасаған ERNUR.KZ

Кеше ғана басталған, күллі әлем көз тіккен мундиальға да енді төрт жылға дейін қош дейміз. Мәскеудегі «Лужники» стадионында Франция мен Хорватия құрамалары әлем кубогы үшін айқасты.

Матч тартысты басталды. Қос команда да финалға тыңғылықты дайындалыпты. Сауатты қимылдай бастаған. Бірақ уақыт өте келе шалып шығу, білдірмей аяғын тосып қалу, тәртіпке қайшы әрекеттер жасау да жиілеген. Дегенмен жалпы алғанда ойыншылар бірінші таймда шектен шығып кеткен жоқ.

Алғашқы кезеңде хорваттар белсенді шабуылдады. Ал Франция құрамасы болса, қарымта шабуылға шығып өз мүмкіндіктерін күткен. Бұл тактика нәтиже берді. Ойынның 18 минутында француздар айып соққысын орындап, нәтижесінде Марио Манджукич өз қақпасына гол соғып алды.

Бірақ 10 минуттан соң «Интер» ойыншысы Иван Перишич есепті теңестіре алды. Лука Модричтің әдемі пасы Врсалькоға жетіп, жартылай қорғаушысы Домагой Виданың аяғына доп салған. Ол ашық тұрған Перишичті тапты.

Алайда ойындағы үшінші голды тағы да француздар соқты. Анте Ребич өз айып алаңында қолмен ойнап, бас төреші Нестор Питана VAR көмегіне жүгінгеннен кейін пенальти белгіледі. Ал 11 метрлікті Антуан Гризманн дәл орындап, командасын алға шығарды.

Екінші тайм бастала салысымен хорваттар француздарды өз айып алаңдарына қарай қуып тығып, біржолата қамап тастады. Қайта-қайта шабуылдап, Дешам шәкірттерінің әбден есін шығарды. Осындай шабуылдан аздап ес жиып, алға қарай шыққан үш жолақты ел ойыншыларының жолы бола қойған жоқ. Алайда қарымта шабуылдардың бірінде француздар ашық қалған хорват айып алаңын сәтті пайдаланды. Поль Погба алыстан дәл соққы бағыттап, Субашич қақпасынан саңылау таба алды.

Осыдан кейін ойын тіпті шиеленісе түскен. 65 минутта Килиан Мбаппе өз еншісіне гол жазып, бұл ойындағы командасының төртінші голын соқты. Хорватияның жағдайы қиындай түсті.

Дегенмен Марио Манджукич бұл матчтағы екінші голын соға алды. Бұл жолы Франция қақпасына. Есеп 4:2. Француздардың пайдасына.

Осылайша, кездесу соңына дейін осы есеп өзгеріссіз қалып, Франция әлем чемпионы атанды. Француздар араға 20 жыл салып әлем кубогын қайтара төбелеріне көтеріп отыр.

Кездесу хаттамасы

Франция құрамасы: Льорис, Бенджамин Павар,Рафаэль Варан, Самюель Юмтити, Лука Эрнандес, Поль Погба, Н Голо Канте (Стивен Н Зонзи, 55), Блез Матюиди (Корентен Толиссо, 73), Антуан Гризманн, Оливье Жиру (Набиль Фекир, 81), Килиан Мбаппе.

Бас бапкер: Дидье Дешам.

Хорватия құрамасы: Даниэль Субашич, Шиме Врсалько, Иван Стринич (Марко Пьяца, 81), Деян Ловрен, Домагой Вида, Иван Ракитич, Лука Модрич, Марцело Брозович, Иван Перишич, Марио Манджукич, Анте Ребич (Андрей Крамарич, 71).

Бас бапкер: Златко Далич.

Ескерту: Н Голо Канте, 27, Лука Эрнандес, 41, Шиме Врсалько, 90+2.

Гол соққандар: Марио Манджукич, 18 (автогол), Иван Перишич, 28, Антуан Гризманн, 38 (П), Поль Погба, 59, Килиан Мбаппе, 65, Марио Манджукич, 69.