Мақпал Сыздықова: «Әлем чемпионы ХАБИБ НҰРМАҒАМЕДОВ те тағамымнан дәм татқан»

0
2 477

Оның әзірлеген тағамдарынан Құралай ханым, Айнұр Тұрсынбаева, Қарақат Әбілдина, Гүлзира Айдарбекова, Тұрсынбек Қабатовтың әйелі Мөлдір, тіпті әлемге белгілі чемпион Хабиб Нұрмағамедов те дәм татқан. Ол кім?


Мақпал Сыздықова: «Әлем чемпионы ХАБИБ НҰРМАҒАМЕДОВ те тағамымнан дәм татқан»

«Аспаздық та – үлкен өнер. Оған да талант пен талғам қажет. Оны да әрдайым дамытып, жетілдіріп отыру керек».

Осылай дейді аспаздық өнерін меңгерген Мақпал Мейіржанқызы. Ол қарапайым аспаздықты небәрі 2,5 жылда табысты бизнеске айналдыра білген кәсіпкер әйел. Иә, Қарағанды қаласы бойынша дайын тағамды үйге дейін жеткізіп беру қызметін алғаш халыққа ұсынған да – Сыздықова Мақпал.


Мақпал Мейіржанқызы, айтыңызшы аспаз болуды бала кезден армандадыңыз ба?

- Жоқ, мен аспаз боламын деп армандамадым, бірақ асты дастарханға сәндеп қойғанды, тарелкадағы тағамдарды көркемдегенді бала кезімнен жақсы көретінмін. Аз ғана азық-түліктен ерекше ас дайындауға шебер болдым. Үйдегілер «Бұған лимон берсең, лимонад жасап шығарады» деп күлетін.

Осы бір ерекшелігім, әуестігім кейін кәсіпке айналады деп ойламаппын. Бұл жұмысты 2,5 жыл бұрын ғана қолға алдым.


Қазіргі кезде аспаздар саны көбейіп жатқаны белгілі. Бұл жағы сіздерге қалай әсер етуде?

- Иә, көбейіп жатқаны белгілі. Алайда мен осы салаға келмес бұрын көп іздендім. Қарағанды қаласы бойынша қазіргідей ұсыныстары бар аспаздар мүлде болмады. Тіпті, Алматы қаласынан телефон шалып ол жақтың аспаздарынан сұрағанымда «Біз үйіңізге барып барлық тағамды дайындап береміз. Бірақ қажетті азық-түлікті өздеріңіз аласыздар» деп жауап берді. Осыдан кейін мен барлық қызметті бірден ұсынатын орталық ашуды ойладым. Біздің клиенттеріміз – ештеңе сатып алмауы керек және толықтай қамтылған қызметті ұсыну қажет деген шешімге келдім.

Клиенттеріміздің үйін шашып-былғамай, барлық ас-ауқатты өз асханамызда дайындап алып барамыз. Осылайша біз өз жұмысымызды бастап кеттік.


Қызметтеріңізге тағы не кіреді?

- Біздің қызметіміз «Үйдегі мейрамхана» деп аталады. Клиенттер біздің ас мәзірімізден өздеріне ұнаған тағамдарды, салат түрлерін, басқа да тәттілерді таңдайды. Осы тағамдарды өз асханамызда дайындап, қонақ келерден 1 сағат бұрын барып, дастарханына қойып, әсемдеп беріп кетеміз. Сонымен қатар біз тойға, банкеттерге арналған фуршеттер дайындаймыз және де семинарлар мен қандай да бір дүкеннің ашылуына арналған кофебрейктер ұйымдастырамыз. Мұнда ыдыс-аяғынан бастап барлық қызметті көрсетеміз. Тапсырыс беруші былайша айтқанда еш алаңдамай отыра алады.


Қиындығы қандай?

- Біз азық-түлікпен тікелей жұмыс істегендіктен, барлығын да өлшеп, санап әкелеміз. Кейбір сатушылар көкөністердің, жеміс-жидектердің арасына жеуге жарамсыз, шірігі барларын салып жібереді. Осындайда кішкене қиналып қалатынымыз бар. Сонымен қатар, барлық адамның көңілінен шығу мүмкін емес. Кейбірі жасаған дастарханымызды ұнатпай жатса көңіл-күйіміз түсіп қалады. Ал, енді керісінше рахметін айтып, алғысын жаудырып жатса, қуанып қаламыз. Аспаздық өнердің қиындығы осында деп ойлаймын.


Құралай ханымның инстаграм парақшасынан оның «Менің асханамның қандай екенін білгілеріңіз келсе, Мақпалдан сұраңыздар» деген жазбасын оқығаным бар еді. Құралай ханым қандай үйбикесі екен? Асханасы қандай?

- Құралай ханымның үйіне екі рет қонақ шақырарда қызмет көрсеттік. Ол кісінің асханасы дәл мен қалағандай болып шықты. Тап-таза, жинақы, барлық асханалық құралдары өз орнында. Маған қатты ұнады. Асханалық шкафтың тақтайшасында (столешница) микротолқынды пеш, оның үстінде таза бүктелген үш орамал тұр. Ал, мына бетінде тұз, шай салуға арналған үш ыдыс тұр. Сонымен қатар, ыдыс жууға арналған фейри мен майлықты көрдім. Әйелдің тазалығын асханасынан байқауға болады. Құралай ханымның тазалықты жаны сүйетін жан екенін осыдан-ақ аңғардым.

Құралай ханым етті өзі асып, бауырсақты да өзі пісірді. Оның әрбір қимылынан, бізге айтқан кейбір ескертпелерінен көп қонақ шақыратыны, нағыз әйел екені көрініп тұрды.


Құралай ханыммен таныстығыңыз қалай басталды?

- Құралай ханым инстаграм парақшасына қонақ шақырғанда жасалған дастархан мәзірінің бір суретін салған болатын. Содан мен оны көре салып коментарийге «Келесі жолы кісі шақырғаныңызда мен көмектесейінші» деп әзілдеп жаздым.

Содан ол кісі бірден маған хабарласып «Бір-екі күнде жұлдызды қонақтарымды шақырамын. Сол кісілерге жақсылап дастархан жаюым керек» деді. Мен қасыма көмекшімді ертіп, Астанаға бардым. Сол кезде ол кісі біраз жұлдыздарды қонақ етті. Оның ішінде Айнұр Тұрсынбаева, Қарақат Әбілдина, Гүлзира Айдарбекова, Тұрсынбек Қабатовтың әйелі Мөлдір ханым болды.


Елімізге белгілі жұлдыздарға қызмет ету, асүйіне кіріп дастарханын жасау сіздерге қиындық тудырмай ма? Қарапайым адамдарға қызмет жасағаннан айырмашылығы бар ма?

- Жалпы жұлдыздарға дастархан жайдым немесе қарапайым адамдарға қызмет еттім деп мен ешқашан бөліп-жарып қарамаймын. Дегенмен, Қарағанды қаласында жұлдыздардан да бай, лауазымды, өте кірпияз адамдарға қызмет етіп жүргендіктен ешқандай қиындық тудырмады. Оның үстіне Құралай ханым өте қарапайым болып шықты.


Басыңыздан өткен бір қызықты оқиғамен бөліссеңіз...

- Жақында ғана мынадай қызықты оқиға болды. Бірде телефоныма бір кісі қоңырау шалып, тапсырыс жасады. Содан мен тапсырысты қабылдап, сол үйге барып дастархан жасайтын болдым.

Айтылған уақытта барып, көмекшім екеуміз дастархан жасауға кірістік. Үй иесі қонақ күтуге ерекше дайындалып, ас мәзірлерін, дастарханның көркемделуін қайта-қайта келіп бақылап жүр. Мен қасымдағы көмекшіме баяу үнмен «Хабиб келетіндей қобалжып жүр ғой» деп күлдім. Қонақтары келгенше біз қайтып кеттік.

Ертеңіне көмекшім «Мақпал, шынымен-ақ кеше біз Хабиб Нұрмағамедовке дастархан жайыппыз ғой. Біз пісірген тағамнан әлем чемпионы да ауыз тиіпті» деп атақты спортшының жеке парақшасын парақтай жөнелді. Біздің жайған дастархан төрінде Хабиб отыр. Кешегі қобалжып жүрген апайымның күткен қонақтарының ішінде шынында да әлемге белгілі жекпе-жек спортшысы Хабиб Нұрмағамедов те болған екен.


Қандай асханалық құпияларыңыз, жұртқа ұсынар лайфхактарыңыз бар?

- Лайфхак дегенде, есіме бірден көк шөптер түсті. Аскөк, ақжелкен сынды көктерді үйде стақанға су құйып, салып қоямын. Бұл бір жағынан асханаға сән береді. Оның үстіне суға салып қойсаңыз, көктер біраз уақытқа дейін солып қалмайды. Сондай-ақ, қой етінің жағымсыз иісінен арылу үшін, етті пайдаланар алдында салқын суға салып қоюға болады.

Тағы бір лайфхак, жұмыртқаның сары немесе ақ уызы қалып кетсе, оны бір ыдысқа құйып, бетіне салқын су құю керек. Артынша тоңазытқышқа салып қойса, жұмыртқа біраз уақытқа дейін бүлінбей тұрады.


Қазіргі кезде аспаздық өнерінде көңіліңіз толмайтын тұсы бар ма?

- Дастарханға салат, ассортилермен қатар, шайға ұсынылатын тәттілердің, кондитерлік өнімдерді бірге қоюға қарсымын. Кейде тіпті, стақан, қасық, шанышқы қоятын жер таппай қаласың.

Жалпы үстел үстінің өз тәртібі болады. Мысалы, тәрелкелер үстелдің шетінен 5-6 сантиметрдей алшақтықта тұруы керек. Міне, осындай тәртіптерді сақтамай, бірінің үстіне бірін қойып дастархан жасағандарды көргенде қынжыламын.


Мақпал ханым, "дәмді" жауаптарыңыз үшін рахмет.


Әңгімелескен: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Серік ТАЛАСОВ: «Ең алғашқы киноны түсіру үшін көлігімді сатқанмын»

Әсел Бимырзаева, ақын: "Өлең жазбай-ақ қойшы" дегендер болған..."

Ләззат Байтоқанова, иллюзионист: "Менің өнерім сиқыр емес!"