Әсел Бимырзаева – ақын.
«Жүрегімде үміт бар ұялаған
Бүкіл арман қиялым сияды оған.
Үміт күші үкілеп жетелейді,
Жақсы нышан, сенім, серт жиям одан...».
Қарашаш Есенбай: Сырға толы жырларымен оқырмандарына сенім сыйлап жүрген ақын Әсел Бимырзаевамен кеше Түркістан қаласында кездестік. Жақында ғана жарық көрген "Жамбы өлең" кітабына құтты болсын айтып, шығармашылық туралы аз-маз шүйіркелестік.
Әңгімеміз аталмыш кітаптағы «Ауған ата» әңгімесінен бастау алды. Тағдырдың жазуымен Қазақстанға келіп, жиырма жеті жыл өткенде өз еліне барудың сәті түскен Ауған қарттың өмірін баяндаған әңгіме Мұхтар Шахановтың да қызығушылығын оятқан екен...
Әсел Бимырзаева: Бірде ол әңгімені «Жалын» журналына жіберген болатынмын. Кейіннен ол жердегілер «Оңтүстік Қазақстан» газетіне хабарласып, «Ауған ата» әңгімесін толықтырып, кітап шығаруғы тырыссын" деп аманат айтқан екен. Бірақ мен оны кітап етіп жаза алмайтынымды бірден айттым. Өйткені, оны жазу үшін Ауғанстанға баруым керек.
Ол кісі менің көршім болған еді, өлгенше бәріміз «Ауған ата» деп атап кеттік. Оқушы кезімде Ауған атаның үйіне барып, әңгімесін тыңдап жазып отыратынмын. Ауған ата шекарадан байқаусызда өтіп кетіп, түрлі қиындықтарға тап болады. Бізге айтуынша, сол күні қарындасымен ұрсып қалған екен. Сонда қарындасы «Сені көзім көрмесін» деп ренжіпті. Қазақта да «Қызды жылатпа» деп жиі айтады ғой, қыздың наласы, бір жағынан сөздің құдіреті шығар сол қарындасымен жиырма жеті жыл өткенде кездеседі. Ол аралықта басынан небір қиыншылықтар өтеді. Осыны әңгіме етіп, кітаптың да ішіне қостым.
Қарашаш Есенбай: Сөз құдіреті демекші, кейде солай аңдамай айтылған сөзге өкініп жүретін кездер болады ғой. Әсіресе, ақындар эмоцияның адамы. Сондай кірбің түскен кезде жыр жазып, кейін өкініп қалған кезіңіз болды ма?
Әсел Бимырзаева: Менің жырларымның көбі жабырқаған, мұңайған кездерде жазылады екен. Ал қуанғанда жазғандарым аз (күліп). Жазған жырым кейін тағдырымда қайталанған сәттері де жиі болды. Оған "өкіндім" деп айта алмаймын! Дегенмен, жақындарыма айтқан ауыр сөздерім үшін өкінген кездер бар.
Ақын тек өзін ғана емес, қоғамдағы жайттарды да жырлауы керек емес пе? Өткенде біреу менен «Қандай тақырыпты жырлағыңыз келіп жүр?»-, деп сұрады. Мен «Жесір әйелдерді жырлағым келеді»-, дедім.
Қарашаш Есенбай: Қызық... өзіңіз аяулы жар, төрт баланың анасысыз. Неліктен ондай ауыр тақырыпта жыр жазғыңыз келеді?
Әсел Бимырзаева: Білмеймін, бірақ ондай келіншектерге қолдаудың жоқтығы жабырқатады. Ақын қоғамның дертін айқын көріп тұрады ғой, айналамызда ондай әйелдер көп. Әр әйел сынақты әртүрлі қабылдайды. Мысалы қазір бізде «Әмеңгерлік» деген дүние жоғалып кетті, ол да бізге сын. Тоқал алатындардың өзі, жас қыз алғысы келіп тұрады. Соның бәрі үшін жаның ауырады.
Ал өзімнің бақытымды, шүкір жырлап жүрмін! Көрген жақсылығымды да жырға қосып келем. Бірақ жоғарыдағы тақырыпты да өзек еткім келеді.
Қарашаш Есенбай: Жақында ғаламтордан ақын Айжан Табаракқызының «Жалпы, әдебиеттің қыздарға, қыздардың әдебиетке дым қажеті де, пайдасы жоқ екен...» деген пікірін оқыған едім. Осы сөзбен келісесіз бе?
Әсел Бимырзаева: Енді, әркімде әрқалай пікір ғой... Бірақ неге..? Әдебиетті толықтырып тұрған нәзік жандылар көп қой, «Поэзияның падишасы» Фариза апамыз, Ақұштап апаларымыз бар емес пе?
Негізі, иә қиын! Бізден «нағыз ақын шықпайды» деп жатады. Маған да "өлең жазбай-ақ қойшы" дегендер болған. Тіпті бастапқыда күйеуім кішкене келеке қылған (күліп). «Қойшы, сен өлең жазасың ба?», «Махаббат туралы кімге жазып жатсың?» дейтін еді, кейін көзі жетіп, қолдау білдіретін болды. Тыныштықбек Әбдікәкімұлының «Ақынға жарды Тәңір таңдап береді» деген сөзі рас па деймін?! Өйткені менің жарым да түсіністік танытып, қолдап отырады. Мен өлең жазатын кезде балаларды алып, үндемей шығып кетеді. Мен жазып болған соң өзі оқиды. Бірінші оқырманым да, сыншым да – күйеуім.
Қарашаш Есенбай: Қазақ поэзиясындағы арулардың шығармасымен таныс шығарсыз. Байқасаңыз, соңғы жылдардағы өлеңдерде «жылауық махаббат» көбейіп кеткен сияқты. Неліктен бізде сондай аңсау басым?
Әсел Бимырзаева: Білмеймін, неге олай екенін (күліп). Адам жырында өз мұқтаждығын жазатын сияқты. Менің де жырларым да ондай дүниелер бар. Бір жағынан біздегі сұраныс сондай. Мысалы «Көктем», «Арман» деген өлеңдерімізді емес, «Еркелет мені», «Сағындым сені» дегендерді дұрыс көреді.
Қарашаш Есенбай: Сіздің ойыңызша, қазақ поэзиясында қай тақырыпты жырлау кенде қалып келе жатыр?
Әсел Бимырзаева: Балалар поэзиясы. Балалар поэзиясын жырлаған Қадыр ағамыздан кейін ешкімді атай алмаймын. Осы олқылықтың орнын да толықтырғым келеді. Осы мақсатта қазір «Жамбы өлең» деген кітабымның шығуына орай, оқушылар арасында «Жамбы өлең» көркемсөз байқауын ұйымдастырмақ ниеттеміз. Өзім ұстаз болғандықтан балалардың зейінін ашу парызым. Қазір жүлде қорына қомақты қаржы тағайындап көркемсөз байқауын жариялап жатырмыз. Оған кез келген өлең құмар жас қатыса алады.
Қарашаш Есенбай: Бұл жақсы жаңалық екен, алдағы уақытта байқаудың аясында өлеңдеріңізді тыңдаймыз деген ниеттемін. Қазір өзіңіздің аузыңыздан бір өлең тыңдасақ?
Әсел Бимырзаева: Әрине, сізге бір өлең оқып берейін...
Қарашаш Есенбай: "Тек сен маған, мен саған бұйырайын"... әдемі екен! Сізге де тек жақсылықтар бұйырсын деген тілек айтамын. Уақытыңызды бөлгеніңіз үшін рақмет!
Фото: @karashash_esenbay
Автор: @karashash_esenbay