Ләззат Байтоқанова, иллюзионист: "Менің өнерім сиқыр емес!"

0
3 858

Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.


Ләззат Байтоқанова, иллюзионист:

"Иллюзия- бұл шынайылықтың түбірі"-, дейді америкалықтар. Осы бір шынайы өнер біздің елімізде Алтынай Байтоқанованың есімімен егіз іспеттес. Өйткені тылсым өнерді көрерменге көркемдеп ұсынған Алтынайдың есімі елдің есінен кетпек емес.

Ал менің бүгінгі кейіпкерім, иллизия өнерін "Алтынайдың аманаты" деп білетін, сырға толы дүниенің санаулы шырағының бірін жағып отырған - Ләззат Байтоқанова.

Қарашаш Есенбай: Қайырлы күн, Ләззат! Өзіңізді соңғы жылдары концерттерден, телеарналардан жиі көрмейтін болдық. Қазір шығармашылықта қандай жаңалықтарыңыз болып жатыр, бөлісе отырсаңыз.

Ләззат Байтоқанова: Шыны керек, концерттер мен телеарналардан шақырту алып жүрген жоқпыз, сондықтан көрмей жүрсіздер. Мүмкін, өзімнен де бар шығар?! Өйткені ешкімге «Мені шығарыңдар! Мен қатысайын.»-, деп жүгіріп жүрген жоқпын. Одан кейін менде мұндай жұмыстармен айналысатын продюсер, директор жоқ.

Ал жаңалықтарыма келер болсақ, екі жылдай болды Алматы қаласындағы Циркте жұмыс істеймін. Бұл жерде «Ертөстік» бағдарламасында Бекторы кейпінде болдым. Одан кейін, Жаңа жылдық бағдарламаларда өнер көрсетіп жүрмін. Қазір аса бір үлкен жаңалығым жоқ. Бірақ жоспарлар бар ғой, оны болғаннан кейін айтуды жөн санап отырмын. Себебі, біз қазақтар кең пейіліміз ғой, ішіміздегіні айтып аламыз. Одан кейін болмай қалса, көңіліміз түсіп қалып жатады. Мен үшін иллюзия жанрында өнер көрсетіп жүріп, Қазақ Мемлекеттік Циркінде өнер көрсету үлкен жетістік.

Қарашаш Есенбай: Елімізде иллюзионистер одағының бар екенін білеміз, онда өзіңіз де мүшесіз. Осы Одақ туралы айтып беріңізші. Қандай жұмыстар атқарады, қандай жаңалықтары бар?

Ләззат Байтоқанова: Иә, бұл одақтың құрылғанына бес жылдан асып кетті. Өзім бұл Одаққа 2015 жылы мүше болдым. Негізі бізде елімізде 65 иллюзионист бар екен, соның 45-і осы Одаққа мүше. Қандай жұмыстар атқарылып жатыр дегенге келер болсақ, бізде ешқандай қолдаушы, демеуші жоқ. Тіпті елімізде иллюзионистер мектебі де қалыптаспаған, әр маман өзінің бағытын өзі алып, өз тірлігін өзі жасап жатыр десек болады. Бірақ осы Одақтан Жеңіс деген жігіт Ресейде өткен бағдарламаға қатысты, сондай-ақ Мәскеуде өтетін фестивальдерге қатысып жүр.

Енді бізде демеуші болмағандықтан, өзіміздің қаржымызды жинап шағын-шағын фестивальдерге қатысып жүрміз. Алдағы уақытта Қазақстандағы иллюзионистер бірігіп, шетелден әртістерді шақырып фестиваль өткізуді жоспарлап отырмыз. Әзірге осы ғана жаңалығымды айтайын (күліп). Қалғанын уақыты келгенде айта жатармыз.


Қарашаш Есенбай: Бұл өнердің біздің еліміздегі дамуына қандай баға бересіз? Жас иллюзионистерден ізденіс, жаңалық байқала ма?

Ләззат Байтоқанова: Әзірге, бұл сұраққа жауап бере алмаймын. Өйткені менің айналысып жүрген трансформациялық өнерді шетелде«элиталық өнер» деп есептейді. Ол жақта жоғары баға беріп, жақсы қарсы алады. Ал Қазақстанда экранда жарқ-жұрқ етіп жүрген әртістерге көп көңіл бөледі деп айтуға болады. Әзірге біздің өнерімізді еліміз жоғары бағалайды деп айта алмаймын.

Ал жас иллюсионистерге келер болсақ, әркім әлі жеткенше еңбектенеді, оқиды. Біз фестивальдерге барып, мастер класстарға қатысу арқылы өсеміз, жетілеміз.

Қарашаш Есенбай: Өзіңіз бұрын әпкеңізбен бірге шетелдерге жиі шықтыңыз. Қазір шақыртулар бола ма, гастрольге шығып тұрасыз ба?

Ләззат Байтоқанова: Әрине шақыртулар болады, қазір де бар. Бірақ менің бұрынғы көмекшілерім оқитын еді, сондықтан көп шақыртулардан бас тартып жүрдім. Мысалы Италия, Франция, Швецариядан келген шақыртулардан сол себепті бас тарттым.

2016-2017 жылы Қытайға барып, Үрімші қаласында өткен «Талант-шоу» бағдарламасына қатысып, финалист болып оралдық. Бірақ өкінішке орай, жеңіс бұйырмады. Алдағы жылға да шақыртулар түсіп жатыр, оның бәрі уақыттың еншісінде.

Қарашаш Есенбай: Біздегі иллюзионистер көбінде шетелге барып тәжірибе алып келеді ғой. Өзіңіз де олардың мектебінен өткен боларсыз. Сізге қай елдің иллюзия мектебі көбірек ұнайды және неліктен?

Ләззат Байтоқанова: Иллюзия өнері бірнеше бағытқа бөлінеді. Мысалы карта, левитация, манипуляция, соның ішінде менікі трансформация жанры. Негізі иллюзия өнері әсіресе Қытай мен Америкада жақсы дамыған. Ал трансформация жанры Америкада өте жақсы дамыған. Өзіме канадалықтардың өнерлері қатты ұнайды.

Ал иллюзияның негізгі қалыптасу мектептері Қытайда болғандықтан, олардың өнерлерін көбірек жақсы көремін.


Қарашаш Есенбай: Өзіңізге шәкірт болғысы келетіндер көп-ақ. Оларға осы тылсым өнерді үйретіп, мектеп ашу жоспарыңыз бар ма?

Ләззат Байтоқанова: Әрине, мектеп ашу жоспарымда бар. Алла сол күнге жеткізсін деп тілеймін. Менен «Шәкірт тәрбиелейсіз бе?» деп көп сұрайды, мен өзім Алтынай әпкеден шәкірт болып қалдым ғой. Өзімнің өсіп-жетілуім үшін көбірек тәжірибе жинап, шетелдерден білім алуым керек. Содан кейін ғана «үйрендім, білдім-толдым» деп мектеп ашуыма болады. Алдағы уақытта әрине, мектеп ашып жатсам неге үйретпеске?

Көбінде «бұл сиқыр» деп айтып жатады, менің өнерім ешқандай да сиқыр емес. Бұл ой мен қол жылдамдығының қосындысы. Көп еңбекті қажет етеді. Бастысы бұл өнерді сүйе білу керек. Мысалы маған бір емес, бірнеше қыздар «Осы өнерді үйренгім келеді» деп сырттай ғашық болып келді. Ал бұл өнерді меңгере бастағанда, уақыт пен еңбекті қаншалықты талап ететінін көргендіктен ол қыздар шыдамай, кетіп қалды.

Қарашаш Есенбай: Сіздің бір арманыңыз театр ашу екенін жақсы білеміз. Әпкеңіздің аманатын орындау үшін тер төгіп жүрсіз ғой. Сіздің өнеріңізді тамашалау үшін театрға баратын күн жақын ба? Және осы кезге дейін бірлесіп театр ашуға ұсыныстар болды ма?

Ләззат Байтоқанова: Әрине, арманда шек жоқ қой. Театр, мектеп ашқым келеді, осы өнерді дәріптеп көрсететін бір орынның болғанын қалаймын. Бұл өнерді алып жүрудің өзі - өзіме берілген аманат деп білем. Мен үшін Алтынай әпкемнің үйреткен өнерін сахнаға алып шығып, халықтың ықыласына бөленсем, одан артық бақыт жоқ.

Ал театрға баратын күн жақын ба дегенге нақты жауап бере алмаймын. Өйткені бізде демеуші жоқ! Менде ғана емес, Одақтағы 45 иллюзионстердің біреуінде демеуші жоқ. Ал бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Бірақ демеуші табылып жатса, болмаса Мәдениет министрлігінен қолдау болса неге ашпасқа? Осы өнерді неге дамытпасқа? Қазір жылдың соңы ғой, жыл басталарда бәріміз жаңа мақсаттарды айқындап жоспарларымызды жазамыз. Театр ашу мәселесі келесі жылдың жоспарында бар. Бұйыртса, театрға келетін күндеріңізде жақын шығар?!

Ал бірге театр ашу туралы нақты ұсыныс болған емес, бірақ Камал ағамыз «Бірге шоу жасасақ, Қазақстанды бірге аралап иллюзия өнерін жақынырақ таныстырсақ» деген ниеті болған. Бірақ мен қазір циркте жұмыс істегендіктен, уақыт жағынан тапшылық бар. Дегенмен алдағы уақытта бірге шет аймақтарда өнер көрсетеміз деп ойлаймын.


Қарашаш Есенбай: Тылсым өнерді игерге қыздың жеке өмірі де өнері сияқты құпия. Дегенмен де өзіңіз туралы да айта кетіңізші.

Ләззат Байтоқанова: (күліп) Меніңше, мен жеке өмірді екінші орынға түсірдім. Өйткені мен бірінші осы өнерді дамытуды, дәріптеуді мақсат еттім. Жеке өмірім солай құпия болып қала берсін. Негізі қыз балаға екеуін бірдей алып жүру қиын екені рас. Басқа... бұл жайында осымен тоқтай салайық (күліп).

Қарашаш Есенбай: Жақсы, әрине өз еркіңізде (күліп). Уақыт бөліп, сұқбатқа келіскеніңіз үшін рақмет! Өзіңізден ел үлкен үміт күтеді, ал мен жақсы жаңалықтар күтемін!

Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды.

Автор: @Karashash_esenbay

ERNUR.KZ