"Нысана" немесе "Ерекше шоу"? Актер Дәнекер Оразбаймен эксклюзивті сұқбат

0
7 855

Халықтың жадына «өзіміздің жігіт» болып сақталған, кейіннен «Нысана» арқылы саналарына етене таныс болып кеткен актер, әзілкеш Дәнекер Оразбай мырзаның жұмысына осы аптада қонаққа барған болатынбыз. Бұрынғы «Нысана», қазіргі «Ерекше шоудың» гастролдік сапардан оралғанына көп болған жоқ. Ал осы сенбі мен жексенбі күндері Шымқаланың төрінде екі күндік концерт беруге дайындалып жатқан ұжымның үлкені, театрдың көркемдік жетекшісімен әңгіме-дүкен құрып, театрдағы соңғы жаңалықтарын естіп қайттық.


Халықтың жадына «өзіміздің жігіт» болып сақталған, кейіннен «Нысана» арқылы саналарына етене таныс болып кеткен актер, әзілкеш Дәнекер Оразбай мырзаның жұмысына осы аптада қонаққа барған болатынбыз. Бұрынғы «Нысана», қазіргі «Ерекше шоудың» гастролдік сапардан оралғанына көп болған жоқ. Ал осы сенбі мен жексенбі күндері Шымқаланың төрінде екі күндік концерт беруге дайындалып жатқан ұжымның үлкені, театрдың көркемдік жетекшісімен әңгіме-дүкен құрып, театрдағы соңғы жаңалықтарын естіп қайттық.

Қарашаш Есенбай: Сәлеметсіз бе, Дәнекер аға! Әңгімені мынадан бастағым келіп отыр. Өткенде Нұрбол ағамен сұқбаттасқанда басшыларыңыздан «дайындалыңдар» деген хабар келіп, «Нысананың» гастрольге даярлық жасап жатқанын айтып еді. Содан 2 аптадай уақыт өткенде «Ерекше шоудың» жарнамалары шыға бастады. Бірақ арасында бұрынғы басшыларыңыз көрінбейді. Неліктен?

Дәнекер Оразбай: Иә, қарындасым, шығармашылық бір орында тұрса дамымайды. Қалың көрермен жақсы біледі, екі жылдан астам уақыт сахнаға шықпай кеттік. Сөздің шыны керек, өнер адамы сахнаға шықпағаннан кейін, көрерменнің ыстық ықыласына бөленбеген соң, ду қол шапалақты, күлкіні естімеген соң сахнаның адамы тарыға бастайды. Біздің бастығымыз, «Нысана» театрының директоры Әбунасыр Серіков қазір белшесінен кино әлеміне батып кетті. Үлкен кісілердің айтуынша, кино әлеміне бір кеткен адамның шығуы қиын. Оның үстіне жасы да біразға шығып қалды, кейде өзі де «жастық шақтағы энергиям жоқ, шаршап қаламын» деп жиі айтады. Ағамыз жас көрінгенімен, немерелі ата ғой, бір жағынан мазасызданып та қалып жатыр. Екі жылдан астам уақыт өткесін біз ол кісіге хабарластық, ол кісі Алматыда, біз Шымкентте қалып қойдық. Бұрын «Нысана» жұмыс істеген уақытта ол кісі Шымкентке келетін. Дәл қазір батасын алып, жеке шыға қойған жоқпыз, бұйыртса Алматыда өтетін үлкен концертімізге келіп батасын береді деген ойдамыз. «Нысананың» он жылдығы да тойланбай қалған еді, Алла бұйыртып жатса, мүмкін күзге қарай концерт берерміз. Сол кезде «Нысананың» соңғы концерті деп халықпен қоштасып, ағамыздың батасын алып қайтамыз.

Қарашаш Есенбай: Қазір басшыларыңыздың рұқсатымен гастрольге шығып жүрсіздер ме?

Дәнекер Оразбай: Иә, сол кісінің рұқсатымен. Біздің «Бастай береміз бе?» дегенімізге «Бастап, көре беріңдер!» деді. Бір жағынан ол кісі бізді жас көретін де шығар?! Әр бала ата-анасы үшін кішкентай көрінеді ғой. Сол сияқты бізді жеке жіберуге ол кісіде жүрексіну болатын шығар деп ойлаймын. Осыдан 2-3 жыл бұрын кеткенде жібермес пе еді? Қазір уақыты келді деп ойлап жатырмыз. Алла бұйыртса енді жіберетін шығар, бірақ ол кісіні қимаймыз!

Қарашаш Есенбай: Екі жылдан кейінгі гастрольдік сапарды халық қалай қабылдады?

Дәнекер Оразбай: Осы тұста сізге мынаны айта кетейінші, қазір әншілер мен театрлар көп. Біреулер концерттеріне алдап шақырады. Мысалы, әсіресе, «Жайдарманшылар» «Қонақта: Нысана» деп жарнамалап өздері барады да, қонақ келе алмай қалды дейді. Мен оны кейін естіп жатырмын. Көп жерлерде шыны керек, залдарымыз толмады. Өйткені шықпағанымызға біраз уақыт болды, әрі атауымызды да өзгерттік қой. Олар емес шығар деп қорқа келгендер де, шынымен сеніп, бізді жақсы көріп келгендер де болды. Жаңалығымызға да әртүрлі пікірлер айтылып жатыр. Біреулер бөлек шыққандарың дұрыс десе, енді біреуі ағаларыңмен жұмыс істей бергендерің жақсы еді дейді.

Қарашаш Есенбай: Бірге жұмыс істеуге алыстық пен ол кісінің денсаулығы ғана себеп болып жатыр ма?

Дәнекер Оразбай: Иә, бірге жұмыс істеумізге кедергі болып жатқан екі жақта тұратынымыз. Бізге Алматыға бару қиынырақ, ал ол кісі қайта-қайта бала-шағасын тастап Шымкентке келе бермейді. Мәселе қаржыда да емес!

Қарашаш Есенбай: Журналистердің арасында «Алматыға Батыстан, басқа облыстардан келгендер тұрақтап қалады. Ал шымкенттіктер еліне қайтып кетеді» дейтін сөз бар. Шынында неге солай? Мысалы сіздер неге Алматыға тұрақтамадыңыздар?

Дәнекер Оразбай: Біріншіден - Алматы бізге жақын. Анау Атыраудан келу - ұзақ, оны өзіңіз де білесіз. Сондықтан Батыстан немесе басқа жақтардан келетін адам Алматыда қалудың әрекетін жасайды. Ал бізде кешке отырсаң, таңда Алматыда боласың. Одан кейін шыны керек, мен ғана емес оны өнер адамдарының барлығы растайды. Өзіңнің өнеріңді дәлелдегің келсе, шымкенттіктерді мойындату керек. Біз жақтағы халықтың қай-қайсысы да, тіпті базардағы апамызға дейін сыншы болып келеді. Мысалы Тұрсынбек Қабатов, Қанат Әлжаппар болсын, жалпы барлығының айтатыны «Шымкенттен қорқамыз!» деген сөз (күліп). Олар біз жақта концерт беруге қорқамыз деп жатады. Өзіңіз байқасаңыз, сахнада жүрген алдыңғы театрлардың төртеуі шымкенттік! «Шаншар», «Шымкент-шоу», «Алдараспан», кешегі біздің «Нысана да» Шымкентте шоғырланғанбыз.

Қарашаш Есенбай: «Ерекше шоу» неліктен олай аталады? Қандай ерекшеліктер болады?

Дәнекер Оразбай: Енді «Тамаша», «Керемет», «Ғажайып» деген театрлар бар. Шыны керек әріпке де көп дүние байланысты, мысалы бізді қазақ етіп тұрған Қ, Ң, І сияқты әріптерді дамыған заманның өзінде кейбір компьютерлік бағдарламалар оқымайды. Оның үстіне бұл әріптермен дыбысталатын сөздер қиналып шығады. Ал «Ерекше» біріншіден, нәзік естіледі, екіншіден, үлкен ұғым ғой. Біздің жігіттердің әрқайсысының мінез-құлықтары ерекше. Біз бес саусақ сияқтымыз! «Бес саусақ әртүрлі болғанымен, білек бір» дегендей, табиғатымызға сай өнерімізден бөлек, мінезіміз бар. Осы бесеумізді қосып тұратын, бір ерекшелігіміз бар шығар деп ойлаймын. «Ерекшені» бұрыннан ойланып жүретінмін, жігіттер бір ауыздан қолдап солай атадық.

Қарашаш Есенбай: Өзіңіз әр кештеріңіздің қоюшы-режиссерісіз, осы бағдарламаларыңыздың сценарийінде қандай ерекшеліктер болмақ?

Дәнекер Оразбай: Иә, «Нысана» театры кезінде де мен қоюшы-режиссер болатынмын. Қазір енді жігіттерді білмеймін, өзімді өзім көркемдік жетекші деп тағайындап алдым (күліп). Көркемдік жетекші дегеніңіз, сол режиссер ғой. Біз кішігірім аудандарда концерттер қойғанда халыққа қайсы әзілдер өтімді, қайсысы өтімді емес екенін қараймыз. Бірақ шүкір, келген адамдар ризашылығын білдіріп, батасын беріп кетті. Ерекшелігі - жастар жағына емес, үлкен аға буынға ұнайтын бағдарлама болады.«Еркек үйдің еркесі» деп ондай мақал жоқ болса да, өзіміз құрап алдық (күліп). Оның мәнісі енді осы кезге дейін қыз-келіншектерге арналған концертіміз «Нысананың» кезінде көп болды ғой. Жалпы қарап отырсаңыз, әйелдер туралы көріністер де, әндер де көп. Сосын өзіміз «Еркек деген кім?» деген сұраққа жауап берейікші деп бес көрініс пен бір әзіл ән дайындап отырмыз. Бұл алтауы да еркектер жайында. Қазіргі тоқал алу мәселесіне қатысты және ерлікті көрсететін ардагерлерге арналған көріністеріміз де бар.

Қарашаш Есенбай: Қазір сөзіңізге қарап отырсам, ер адамның батырлығын көрсетесіздер. Қазақ жігітінің образын қалыптастырып бересіздер деп сенеміз. Бірақ мені мына сұрақ қызықтырып отыр, осы кезге дейін әйел адамдарға қатысты түрлі әзілдеріңізде тек кемшін тұсын айтатын едіңіздер (күліп)?

Дәнекер Оразбай: Біз енді еркектерді жамандамаймыз. Ал әйелдерге қатысты әзілдер «сын түзелмей, мін түзелмейді» деген оймен, сосын бірінші кезекте халықты күлдіру үшін айтылып жүрді. Жалпы біз бұрыннан бір тақырып аясында жұмыс істейміз. Соңғы жылдары еркектер тақырыбын ойланып жүрген болатынбыз. Әсті-әсті өзге қазақ театрлары да тақырыппен жұмыс істеуге келе жатыр. Халықты біреуді жамандап күлдіруге де, мақтап күлдіруге де болады. Жамандап күлдіру мақтап тұрып күлдіргеннен оңай. Біз осы бағытты алып, еркек қашанда еркек болуы керек, ол әйелден бір саты жоғары болуы қажет дегенді ұғындырғымыз келеді. Тақырып ер азаматтар туралы болғанымен, әйелдерге ой тастайтын әзілдер болады.

Қарашаш Есенбай: Театрдағы әзілдерді өзіңіз жазасыз. Сонда халық күлсінші деп жеңіл әзілге баратын кездер де болған шығар?

Дәнекер Оразбай: Иә, бұрын ойламайды екенбіз, қазір жасымызға сай ма екен, ойлана бастадық. Өткенде әзілдерімізге өзіміз отырып редактура жасадық, сонда «Мына әзіліміз балалардыкі сияқты», «Мына әзіліміз ұятсыздау болыпты» ертең бізді үлкендер көреді, жас балалар көреді деп бұл жағын қазір қолға алып жатырмыз. Бұрын ондайды ойламаған екенбіз.

Қарашаш Есенбай: «Әзілде кек жоқ» дейді, бірақ жаңа өзіңіз айтқандай шымкеттіктердің барлығы сыншыл. Сондай әзілдеріңізге қатысты өзіңізге тікелей сын айтқан жағдайлар болды ма?

Дәнекер Оразбай: Өзіме тікелей айтылған сын мектеп туралы көрінісіміздегі менің мұғалім образыма қатысты айтылған. Артық қимылдар жасағаным үшін мұғалімдер тарапынан қатты сын естігенмін. Ол кезде мұғалімнің біздің екінші ата-анамыз екенін ойланбаған екенбіз. Кейде артық кететін тұстарым болады. Сол көріністегі екі бұттың астына қарағаныма қатты өкінемін... Дегенмен сыннан гөрі, мақтауын жеткізетіндер көп. Әзілдің салмағына емес, актерлік шеберлігімізге, сахнадағы өнерімізге риза болып жататындар жетерлік.

Қарашаш Есенбай: Әңгімеңізге рақмет! Ертеңгі кештеріңізге сәттілік тілеймін!