Серік ТАЛАСОВ: «Ең алғашқы киноны түсіру үшін көлігімді сатқанмын»

0
3 443

Оның фильмдері кинотеатрларда көрсетілмесе де, жұрт іздеп жүріп көреді. Оның жақында ғана түсірілген «Гарантия» атты толықметражды фильмінің қаралымы бір айда 1 миллионнан асты.


Серік ТАЛАСОВ: «Ең алғашқы киноны түсіру үшін көлігімді сатқанмын»

Абайдың бүкіл жазғаны толық бір кітап. Ал Толстойдың жазғаны тоқсан том. Бірақ, екеуін де жұрт жақсы таниды. Осы тұста «Шығармашылық деңгей жақсы шығармамен өлшене ме, әлде туындының санымен өлшене ме?» деген сұрақ туындайтыны белгілі.

Осы сұрақты жазушы Темірхан Медетбекке бір оқырман қойғанда, ол «Абай құсап аз жазам, керемет болады деу де қате, Толстой құсап көп жазсам, керемет болады екен деп бұрқырата берем деу де қате. Менің білетінім, бойыңдағы күш-қуатты сарқып жұмыс істеу керек. Ол аз бола ма, көп бола ма, әңгіме онда емес. Әңгіме, сапада!» деп жауап берген екен.

Иә, ойы мен бойындағы күш-қуатын сарқа жұмыс істейтін адамның кез келген еңбегі сапалы. Сапа демекші, ол кино саласында да өте қажет.


Осы орайда айтыңызшы, көрермен, қай қазақ фильмін сапалы деп атай аласыз? Әрине, меніңше, «TALAS FILM» киностудиясының фильмдерін атайтындар көп болса керек?!

Өйткені, әлеуметтік желілерде ең көп қаралымға ие қазақ кинолары – «TALAS FILM» киностудиясының фильмдері. WhatsApp желісінде көпшіліктің ең көп бөлісетін видеосы да – аталмыш киностудияның шығармалары. Ал, осы көпшіліктің көңілін жаулап алған туындыларды кім «тудырып» жатыр?


Ол – екі баланың әкесі, 33 жастағы талантты режиссёр, «TALAS FILM» киностудиясының директоры Таласов Серік Төребекұлы.

Көпшіліктің сүйікті фильмдерінің режиссеріне көптің көкейіндегі сұрақтарды қойып едік.


- Серік Төребекұлы, сіздің кез келген кинотуындыңызды барлық отбасы жиылып бірге көре алады. Яғни ата-ана мен бала, ата-әже мен немере бірге отырып тамашалай алады. Ал, егер сіздің осы уақытқа дейін өміріңіз толығымен бір фильм етіп түсірілсе, оны ата-анаңызбен, балаларыңызбен бірге ұялмай көре алар ма едіңіз?

- Өте қиын да ауыр сұрақ екен. Әрине, көре алмаймын. Бәріміз де пендеміз ғой, періште көкте ғана демей ме?! Мен де пендемін, кезінде талай рет пендешілік жасадым. Мен де жас болдым, қателіктерге жол бердім. Ащының дәмін татып көрмеген адам, тәттінің дәмін білмейді. Меніңше, қателік жасамаған адам жоқ шығар, сірә?!

Тәжірибе қателіктерден жиналады. Мен әр қателігімнен сабақ алып отырдым. Қателіктерім арқылы ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ұқтым. Қателіктерім арқылы өзімді-өзім тәрбиеледім. Сондықтан да жас кезде қателіктерге жол беруден, қателесуден қорықпау керек деймін. Бірақ, ең үлкен қателік – қателіктерді түземеу. Бұны да естен шығармаған жөн.


- Серік Төребекұлы, мектепте оқып жүргенде-ақ режиссерлікті таңдап па едіңіз? Қай режиссерге еліктеп өстіңіз? Бұл бала кездегі арманыңыз ба? Жалпы, киноға, кино түсіруге махаббатыңыз қашан оянды?

- Осы уақытқа дейін оңтүстік өңірінен жарқырап шыққан режиссер болған жоқ. Сондықтан мен біреуге еліктедім деп айта алмаймын. Оның үстіне біздің әулетте де режиссер болмаған және ауылда өскенмін. Ол кезде ауылдың балалары режиссер деген мамандықтың болатынын, оның кім екенін де білмейтін еді ғой. Бірақ, кино көруге бала кезден әуес болдым.

Отбасында төрт қыз, екі ұлдың кенжесімін. Көп балалы, қарапайым отбасында өскендіктен бала кезімде үйімізде видеомагнитафон болмады. Мен ауылымыздағы видеомагнитофоны бар тұрмысы жақсы балалардың үйіне барып кино көретінмін.

Кішкентайымда өзім қатарлы балалар бөтелке өткізіп, оған сағыз алса, мен бөтелке өткізіп ақша жинап, оған видеокассета алып кино көретінмін. Кино көргенде қалай күн батып, қалай таңның атқанын да аңғармайтынмын. Бала кездегі осы бір әуестік мені кино саласына алып келді.


- Бірақ, бір жерде қаржыгер мамандығында оқығаныңызды көзім шалып қалып еді...

- Иә, мен мектепті бітіргеннен кейін «Қаржыгер» мамандығына оқуға түстім. Бірақ мақсатымның басқа екеніне анық көзім жеткенде, 3-курста оқуымды тастап кеттім.


- Өміріңіздің осы тұсына сәл аялдап, кеңірек әңгімелесеңіз...

- «Қазақстан-Шымкент» телеарнасында әпкем Таласова Айзада Төребекқызы диктор, журналист боп жұмыс істейтін. 3-курста оқып жүрген студент шағымда әпкемнің жұмыс орнына жиі баратынмын. Ондағы видеокамераларды көргенде, камералардың ортасында жаным керемет күйге бөленетін. Енді мен әпкемді емес, әпкем жұмыс істейтін телеарнадағы камераларды іздеп баратын болдым. Былайша айтқанда мен видеокамералармен «ауыра» бастадым. Осылай менің қызығушылығым шығармашылыққа, телевидениеге ауа берді. Арманым видеокамерамен жұмыс істеу екенін нақты ұққанымда 3-курста «қаржыгерлік» оқуымды тастадым.

«Қазақстан-Шымкент» телеарнасына жұмысқа орналаспақшы боп, үш ай «стажировкада» жүрдім. Алайда мені жұмысқа қабылдамай қойды. Жасырмаймын, басшылықтың жұмысқа қабылдамай қойғаны мен күтпеген соққы болды. Міне, сол күні мен өзімді-өзі қайрадым. Сол күні «режиссер боламын, өз киностудиямды ашамын» деп мақсат қойдым.

Сол кезде телеарнаға жұмысқа қабылдамай қойғандарға қатты ренжісем, қазір қуанамын. Өйткені, сол күн менің мақсатыма даңғыл жол ашты, сол жағдай маған «қамшы» болды.


- Сөйтіп... сол жылы ең алғашқы киноңызды түсірдіңіз бе?

- Жоқ, алдымен той, лавстори түсірумен айналыстым. Кейін біртіндеп клиптер түсіре бастадым. Әнші Бақытжан Мұстафаевтың, сатирик Жарылқасын Дәулеттің клиптерін түсірдім. Содан кейін ғана сюжетті киношығармаларға бет бұрып, ең алғашқы киномды 2013 жылы түсірдім.


- Қателеспесем, ол «Жаңғырық» деп аталады. Солай ма? Сіздің кинотуындыларыңызды сүйіп көретін көрерменнің бірімін ғой...

- Иә, «Жаңғырық» фильмі. Бір қызығы, бұл фильмді мен бірінші түсімде «түсірдім». Иә, кино түсіріп жатқанымды, оқиға желісін түсімде көрдім. Түсімде түсірген киномды алдымен сценарист-режиссер Батырхан Дәуренбеков ағама айттым. Содан кейін актер әрі әнші Шапағат Орынбаевқа баяндап бердім.

Олар «түсіңдегі киноны түсір» деп қолдады. Ал, дәл сол уақытта менде кино түсіретін сапалы камера жоқ еді. Енді қайтпекпін? Ойланбастан астымдағы мініп жүрген көлігімді сатып, Мәскеуден камера алдырттым.

Алғашқы киномның тұсауы 2013 жылы кесілген соң, 2015 жылы «TALAS FILM» киностудиясын құрдым. Аллаға шүкір, қазір «TALAS FILM» киностудиясының туындыларына халықтың беріп жатқан бағасы жоғары.


- Осы күнге дейін сіздің режиссерлік етуіңізбен қанша кино «туылды»?

- 2 толық метражды, 13 қысқа метражды фильм.


- Ата-аналар «Барлық перзентім бірдей» дегенімен, ішінде біреуін ерекше жақсы көріп тұратыны белгілі. Сол сияқты фильмдеріңіздің ішінде қайсысының орны сіз үшін ерекше?

- Барлық киноның өз орны бар. Соның ішінде Әли Бектаев деген ағамыздың қолдауымен түсірілген, жолымды ашқан, көпшілікке қатты ұнаған – «Өтелмес борыш» қысқа метражды фильмінің орны айрықша.


- Фильмдеріңіздің ең алғашқы көрермені кім? Әр бастаған жұмысыңыз бен жобаңыздың қолдаушысы кім?

- Қолдаушым да, киношығармаларымның ең алғашқы көрермені де – отбасым.


- Серік Төребекұлы, мақсаттарыңызға толық жеттім деп айта аласыз ба?

- Нақты мақсатыма жеттім деп айта алмаймын. Әйтсе де, «Адамның сұлулығы – қанағатта, мешіттің сұлулығы – жамағатта» деген сөз бар емес пе, мен бүгінгі биігімді қанағат тұтамын. Әрине, бұл «болдым, толдым» деген сөз емес. Бауыржан Момышұлы ағамыздың «Ақпаған су борсып сасиды, ойламаса ми сасиды» деген сөзі бар. Шығармашылық адамы әрдайым ізденісте болуы керек. Алда жүзеге асыратын әлі талай үлкен жоспарлар, жаңа идеялар бар.


- Шығармашылық адамы демекші, олардың көпшілігі түнгі клубтарға барып, көңіл көтеріп шабыт алады. Ал, сіз шабытты қайдан, қалай аласыз?

- Мен шабытты түнгі клубтардан емес, фитнес клубтардан, спорттан аламын. Сенесіз бе, өмірімде темекі шегіп, кальян тартып көрмеппін. Қолым босай қалса, уақытымды спорт залдарында өткіземін.


- Шығармашылықта «әттең-ай» дейтін кезіңіз бола ма? «Қаржыгер» мамандығын тастап кеткеніңізге өкінбейсіз бе?

- Жоқ, өкінбеймін. Ол сала «менікі емес». Адам жұмысынан жиі шаршайтын болса, онда ол оныкі емес. Жұмыстан шаршамау керек, керісінше демалу керек, яғни, тәні қуаттанып, жаны рахат алуы керек.

Мен өз жұмысымды сүйемін. Содан шығар, кино түсіру жұмыстары барысында екі-үш күн қатарынан ұйықтамағанымды байқамай қалатын кезім көп болады.


- Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ киносы қарқынды дамып келеді дегенді естиміз. Режиссер ретінде осы сөзбен келісесіз бе? Қазақ кино өндірісінің бүгінгі дамуы қай деңгейде?

- Тәуелсіздік алғаннан кейін кино саласы өте жақсы дамып келе жатыр. Даму деңгейі қарқынды. Бұған бүгінгі қазақ кино өндірісінің деңгейін 5 жыл бұрынғымен салыстыруға келмейтіні дәлел. Қазіргі деңгейі сапа жағынан да, түсірілім жағынан да... әлдеқайда жоғары.


- Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсу үшін елімізге не жетіспейді, не керек?

- Киностудиялар жетіспейді. Қаражат пен оқу орындары жетіспейді. Мысалы, кино саласының мамандарын даярлайтын оқу орындары Алматы мен Астанада ғана бар. Бірақ, халық тек осы екі қалада тұрмайды ғой. Осы жағын ескеріп, еліміздің барлық қалаларында оқу орындары ашылса, қаражат бөлінсе деген тілегімді мен жоғары жаққа үнемі айтып келемін. Өйткені, кино – тек тәрбие құралы емес, оның еліміздің дамуына да септігі бар. Мәдениет-спорт саласына көп қаражат бөлетін ел ғана дамиды және ондай ел халқы рухани да, физикалық та сау болады. А.Гитлер «Елді жаулап алғың келсе, ең бірінші сол елдің мәдениетін жаулап ал» деп бекерге айтпаған ғой.


- Қай қазақ киноларына көңіліңіз толмайды?

- Кинотеатрлардағы қазіргі көрсетіліп жатқан қазақ кинолары, әсіресе, ешқандай айтар ойы, тәрбиелік астары жоқ жеңіл комедиялар қынжылтады. Комедия, ужас, драма қай жанрда болса да фильм тамшыдай болсын көрген адамға жақсы ой тастауы қажет. Фильм адамның ойын бұзбау керек, керісінше түзеу керек. Тек табыс табу мақсатында түсірілген қазақ кинолары мен режиссерлерге көңілім толмайды.


- Қазақ кинорежиссерлерінің ішінде қайсысын үлгі тұтасыз? Кімді «міне, нағыз режиссер» деп айта аласыз?

- Шәкен Айманов және ол кісінің туындыларын үлгі тұтамын. Ахан Сатаев пен Тимур Бекмағамбетов ағамызды айта аламын. Ал, қалғандарын үлгі тұтамын деп айтуға тілім бармайды.


- Бір постыңызда «Өнер адамы үшін ең бастысы – халықтың ықыласына бөлену, жоғары бағасын алу» деп жазған екенсіз. Ал, сіз халықтан лайықты баға алдым деп айта аласыз ба? Халық бағасына көңіліңіз тола ма?

- Ежелгі Грецияның ақыны Гомер «Айтқан сөзің қандай болса, еститін жауабың да сондай болмақ» деген. Халық маған қандай баға берсе де мен соған лайықпын деймін. Халықтың берген бағасы – шын баға.


- Мағыналы әңгімеңізге рахмет! Шығармашылық табыстарға жете беріңіз!


(Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады).

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Әсел Бимырзаева, ақын: «Өлең жазбай-ақ қойшы» дегендер болған...»


Ләззат Байтоқанова, иллюзионист: «Менің өнерім сиқыр емес!»

Руслан Мамытов: «Отбасым бар екенін айтқым келмеді...»