"АУАДАН ВИРУС СЕБІЛЕДІ": Жалған ақпарат таратқан түркістандық тұрғын жауапқа тартылды

0
765

Жалған ақпаратты WhatsАpp мессенджері арқылы таратқан.


Түркістан облысы аумағында коронавирусқа қатысты жалған ақпарат тарап жатыр, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазіргі уақытта Түркістан облысының аумағында тарап жатқан коронавирус індеті мен тұмаудың алдын алу шараларына қатысты көптеген бейресми, яғни жалған ақпараттар тарап жатыр. Бүгін әлеуметтік желіде "Сарыағаш ауданында түстен кейін вирус себіледі екен, балаларды далаға шығармаңыздар" деген сарында жалған ақпарат тараған.

Осы орайда бұл ақпараттың жалған әрі шындыққа жанаспайтынын хабарлаймыз. Сіздерді, яғни Түркістан облысының тұрғындарын осы секілді мәтінде жарияланған ақпараттарға сенбеуге шақырамыз.

Сондай-ақ, дәлел-дәйексіз, ел ішін дүрліктіретін ақпарат таратқандар ҚР Қылмыстық кодексінің 274 бабы "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бойынша жауапқа тартылатынын да ескертеміз.

Мәселен, осы ақпаратты "WhatsАpp" желісіндегі топтарда таратқан Отырар ауданының 1973 жылы туған азаматшасы қазіргі таңда құзырлы органдармен анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Айта кетсек, соңғы уақытта ел аумағында орын алып жатқан төтенше жағдайларға байланысты жалған ақпараттар әлеуметтік желілер және мессенджерлер арқылы көптеп таралуда. Тиісінше, бұл қадамға барғандар Заң аясында тиісті шаралармен жауапқа тартылып жатыр.