Дархан Сатыбалды шардаралықтардың талап-тілектерін тыңдады

0
405

Биыл бюджеттен 30 млн. теңге бөлініп, 2 шақырым жерге 49 бағана орнатылды.


Дархан Сатыбалды шардаралықтардың талап-тілектерін тыңдады

Түркістан облысының әкімі Шардара ауданының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Шардара ауданының тұрғындары көтерген мәселелер шешімін тапты. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдымен кездескен Шардара ауданы тұрғындарының талабы бойынша Ұзын-ата ауылы арқылы өтетін облыстық маңызы бар тас жолының Шардара-Арыс-Темірлан бөлігіне жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Биыл бюджеттен 30 млн. теңге бөлініп, 2 шақырым жерге 49 бағана орнатылды.


Мал шаруашылығын дамыту үшін жастарға 2,5 пайыздық несие беру үшін 165 млн. теңге бөлініп, бүгінгі күнге 7 азаматқа несие берілді. Бұл жұмыстар жалғасуда.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Шардара ауданының тұрғындарымен кездесті. Жаңа форматта өтіп жатқан есептік кездесудің басым бөлігі тұрғындардың көкейкесті сұрақтарына жауап беруге арналды. Осыған дейінгі кездесуде берген уәделердің қаншалықты орындалғанын халық алдында баяндады. Мәселені қалай шешу керектігін, жолдары мен жүйесін жақсылап түсіндірді. Одан кейін тұрғындардың жекелеген сұрақтарына жауап берді.


«Шардара ауданы тұрғындары тарапынан көктемгі дала жұмыстарына жанар-жағар май беретін оператордың жұмысына сын айтылған болатын. Оператор ауыстырылып, мәселе шешілді. Сонымен қатар тынайтқыштарды алу үшін мемлекеттік порталдың жұмысында ақаулықтар бар екендігі атап өтілген. Бұл мәселе де өз шешімін тапты. Көктем айларында шыбын-шіркейлердің шамадан тыс көбеюіне байланысты 244 гектар жерге 2 рет дезинсекция жүргізілді. Сырдария өзенінде биологиялық әдіспен залалсыздандыру жұмыстары маусым айында аяқталды. Келесі жылы да бұл жұмыстар жалғасын табатын болады», – деді облыс әкімі.


Шардара қаласы, Төменгі тоғай шағын ауданын табиғи газға қосу үшін құрылыс жұмыстары басталып, соңғы қажетті 673 млн. теңге толық бөлінді. Нысан қараша айында пайдалануға беріледі. Шардара ауданындағы 302 дана тік дренажды ұңғымаларды қайта қалпына келтіруді үшін «Ислам Даму» банкі арқылы қаржыландыру жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 17,4 млрд. теңге, жұмыстар басталды.


«Айтылған мәселелердің барлығы орынды. Соның ішінде халықты жұмыспен қамтамасыз ету – атқарушы биліктің, яғни біздің міндетіміз, Мемлекет басшысының бізге берген тапсырмасы. Әкімнің міндеті – халықпен кездесу, мұңын тыңдау. Өзінің құзыреті аясында сол мәселелерді шешу үшін шаралар қабылдау. Бізге ешкім шеттен келіп, пробламамызды шешіп бермейді. Сондықтан барлық мәселе ашық айтылып, шешу жолдары қаралу керек», – деді жиналысты қорытындылаған облыс басшысы.


Ол сондай-ақ көпұлтты елімізде тұрақтылықтың тек қана ауызбіршіліктің арқасында ғана болатынын атап өтіп, халықты бірлікке, ұйымшылдыққа шақырды.


Шардара ауданының жалпы өңірлік көлемі биыл 6 айда 28 млрд. теңгені құрап, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 32 пайызға өсті. Биыл жарты жылда 8 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстары атқарылып, былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 18 пайызға артты. 12 млрд. теңге инвестиция тартылып, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 48 пайызға өсті. Шағвн және орта бизнес саны 11 мыңнан асты. Осы жылдың 6 айында өзіндік кірістер 2 млрд. теңгені құрады.


«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында соңғы 3 жылда ауылдық елді мекенге жұмыс істеуге келген 44 маманға 13 млн. теңге көлемінде көтерме жәрдемақы көрсетіліп, 32 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 139 млн. теңге көлемінде бюджеттік несие берілді.


Ауданда ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті жоғары. Былтыр 61 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, соңғы 3 жылда 2 есе артты (2020 ж. – 32 млрд. теңге). Биыл 6 айда ауыл шаруашылығында өндірілген өнімнің көлемі 7,3 млрд. теңгені құрап (мал шаруашылығы – 6 млрд. теңге, егін шаруашылығы – 1,3 млрд. теңге), өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,4 млрд. теңгеге артты. Биыл ауданда 58 мың гектар жерге егіс егілді.


«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Шардарада бүгінгі күнге 448 млн. теңгеге 86 өтінім мақұлданып, оның ішінде 50 өтінім бойынша 245 млн.теңге несие берілді.


«Осы жылы Шардара қаласы мен Қ.Тұрысбеков ауылдық округінде кіші футбол алаңдары пайдалануға берілді. Мен, аудан тұрғындарының спортқа деген қызығушылығын, оның ішінде қол күресі мен гір спортына қатты көңіл бөлінетіндігін білемін. Бұл келешек ұрпағымызға жақсы өнеге болады. Тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне, өскелең ұрпақтың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалатын болады. Шежірелі Шардараны, оның тарихын, дәстүрлерін, жетістіктерін, жоғарғы көрсеткіштері мен жоспарларын жасап жатқан – Сіздер, шардаралықтар! Ауызбіршілігі мен ынтымағы жарасқан ауданның тұрғындары білімі мен білігін, қайраты мен қабілетін ауданды дамыту жолында қолданып, еселі еңбек ете береді деген сенімдемін. Сондықтан, күрделі мәселелерді шешуге және ауданның дамуына Сіздермен бірге тиісті шараларды қабылдайтын боламыз», – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.


Ауданда елді мекендерді абаттандыру, тұрғындарды инженерлік инфрақұрылыммен қамту, жолдарды жөндеу жұмыстары жалғасуда. Биыл 288 млн. теңгеге Қызылқұм ауылының ауыз су жүйесінің құрылысы жүзеге асырылуда. Нысан осы жылдың қараша айында пайдалануға беріледі. Нәтижесінде тұрғындардың 97 пайызы таза ауыз сумен қамтылады. Елді мекенінде жаңадан түскен көшелерге электр желілерін салу үшін 178 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін табиғи газға 16 мың абонент қосылып, қамту деңгейі 94 пайызды құрамақ.


«Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында Шардара қаласының 4-ші шағын ауданынан 1 200 орындық мектептің, Өтеғұл шағын ауданынан 300 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде. Келер жылы пайдалануға беріледі. Жалпы, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, оның ішінде турникет жүйесімен, бейнебақылаумен, дабыл кнопкасымен, күзетпен қамту үшін 207 млн. теңге бөлінді. Ыстық тамақпен 1-4 сыныптарының оқушыларын қамтамасыз ету үшін 262 млн. теңге бөлінді. Яғни, биыл бірінші рет осы мақсатта 469 млн. теңгеге жуық бөлініп, оқушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауға бағытталып отыр.

Айта кетсек, Түркістан облысы әкімінің екінші жартыжылдыққа белгіленген халықпен кездесуі кестеге сәйкес бүгін Шардара ауданында қорытындыланды. Екі сағаттық ашық диалогтың тікелей эфирі Facebook әлеуметтік желісінде өтті, онда желі пайдаланушылары өздерін қызықтыратын сауалдарын қойды. Әкімнің жеке қабылдауына 40-қа жуық адам келді. Шардаралықтар жер, әлеуметтік сала, ауыл шаруашылығы, кәсіп ашуды қолдау және басқа да жеке мәселелерін облыс әкіміне жеткізді. Дархан Сатыбалды олардың барлығын қабылдап, өтініш-талаптарын тыңдады. Заң аясында жұмыс жүргізілетінін түсіндірді.