​«Өңірлік өнімдерге» облыс және қала басшылары таңдай қақты

0
2 140

2018 жылдың 29-30 маусым күндері Шымкенттегі «Көрме» орталығында шымкенттік және Түркістан облысының «Өңірлік өнімдері — 2018» үздік тауарларының көрме-жәрмеңкесі өтуде.


​«Өңірлік өнімдерге» облыс және қала басшылары таңдай қақты

ERNUR.KZ. Бүгін Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында Астананың 20 жылдығына орай «Өңірлік өнімдер — 2018» үздік тауарлардың көрме-жәрмеңкесі басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

2018 жылдың 29-30 маусым күндері Шымкенттегі «Көрме» орталығында шымкенттік және Түркістан облысының «Өңірлік өнімдері — 2018» үздік тауарларының көрме-жәрмеңкесі өтуде. Екі күндік көрме-жәрмеңкенің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Ж. Түймебаев, Шымкент қаласының әкімі Ғ. Әбдірахымов, облыстық мәслихат депутаттары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшылығы, Астана, Атырау, Тараз және тағы басқа қалалардың кәсіпкерлері қатысып, «Оңтүстік өнімдерімен» танысты.

Бұл жәрмеңке Шымкент қаласы мен Түркістан облысы өнімдерін насихаттап, отандық өнімдерге қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Көрме-жәрмеңкеге 200-ден астам өңірлік өндірушілер мен алғаш рет 15 жаңа компания қатысуда, олардың арасында «Мадлен», «Алтын дән», «ШФ Гаухар», «Барыс—2007», «Зерде керамика», «Бал текстиль», «Azala», «Айкан» және т.б. кәсіпорындар бар.

Көрме-жәрмеңкеде азық-түлік, фармацевтика, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары бойынша аймақта өндірілген тауарлар 2 күн бойы ұсынылатын болады. Көрме-жәрмеңкемен танысқан аймақ басшылары мен қонақтар өңірлік өнімдердің сапасы мен қолөнер шеберлерінің тамаша туындыларына таңданысын жасыра алмады.

«Мен Шымкент қаласындағы Қастеев колледжінде ағаш саласын бітіріп шыққанмын. Осы жұмыспен айналысып жатқаныма 4 жыл болды. Қазіргі таңда 7-8 кісі жұмыс жасаймыз және үлкен қаржы айналымына түсіп үлгердік. Жақын арада компьютерленген станоктарды алу жоспарымызда бар. Біздің өнімдердің сапасы өте жоғары, бағасы да қолжетімді. Қазақстанның бүкіл аймақтарынан тапсырыстар түсіп жатыр. Бұл тәжірибені Малайзиядан меңгеріп, осы уақытта ұлттық нақышта ыдыс-аяқтарды жасаудамыз», — дейді ағаштан ұлттық нақыштағы жиналмалы-құрастырмалыыдыс-аяқтарды жасап жүрген кәсіпкер Нұржан Қарсыбаев.

Айта кетерлік жағдай, өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігі критерийлерімен бағалайтын тәуелсіз сарапшылар үш номинация бойынша қатысушыларды іріктеп, Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесіне жолдама береді.

Сонымен қатар, көрмеде «Халық таңдауы», «Жыл серпіні», «Жыл бренді», «Үздік этноөндіруші», «Табиғи өнім өндіруші», «Жас өндіруші» атты аймақтық номинациялармен ең үздік компаниялар таңдалады.Сондай-ақ, «Бизнес-вумен-инноватор», «Ең үздік әйел — жұмыс беруші», «Қызмет көрсету саласындағы үздік жоба» номинациялары бойынша әйелдер бизнесіне қолдау көрсетілетін болады.