Шымкентте белсенді Ардақ Әшімнің үйін тінтіп жатыр

0
2 114

Шымкентте полицейлер белсенді Ардақ Әшімнің үйін тінтіп жатыр, - деп хабарлайды azattyq.org.


Шымкентте белсенді Ардақ Әшімнің үйін тінтіп жатыр

Шымкентте полицейлер белсенді Ардақ Әшімнің үйін тінтіп жатыр, - деп хабарлайды azattyq.org.

Ардақ Әшімнің қызы Айнұр Әшімнің Азаттыққа айтуынша, полицейлер үйді тінтуге 15 наурыз күні сағат 9-30 шамасында келген. Тінтуді оннан астам полиция қызметкері жүргізіп жатыр. Үйде Ардақ Әшім, күйеуі мен қызы бар.

Айнұр Әшімнің айтуына қарағанда, полицейлер өздеріне Шымкенттің Абай аудандық соты Ардақ Әшімнің үстінен қозғалған қылмыстық іс аясында белсендінің үйін тінтуге санкция бергенін айтқан.

Абай аудандық сотының судьясы Еркен Отарбаев Азаттық тілшісіне Ардақ Әшімнің үйін тінтуге санкция берілгенін растады. Отарбаевтың айтуынша, 2018 жылдың 14 наурызы күні судья Сержан Айнабеков Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің тергеушісі Сыдықовтың сұрауы бойынша Ардақ Әшімнің үйін тінтуге санкция берген. Судьяның айтуынша, сот тергеуі кезінде Ардақ Әшімнің Facebook-тегі Ардақ Әшімнің атынан тіркелген парақшада "билікке қарсы түрлі мазмұнда теріс мақалалар жарияланғаны анықталған". Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру") бойынша іс қозғалған.

Белсендінің үйінің қарулы полиция қызметкерлері жүргені байқалады.

Ардақ Әшім қазір шымкенттік тағы бір белсенді Сүйін Абулданың "жала жапты" деген шағымы бойынша сотталып жатыр. Сүйін Абулда Ардақ Әшімді Facebook-те өзін "Марал Құрылтай" және "Қазақ қаны қазақ" атты аккаунттар ашып, тапсырыспен жұмыс істейтіні" туралы жазғаны үшін сотқа берген. Сүйін Абулда бұл акаунттарды ашпағанын айтып, Ардақ Әшімді "қадыр-қасиетім мен ар-намысыма тіл тигізді" деп айыптайды. Сот Сүйін Абулданың бір миллион теңге моральдық шығын өндіру туралы арызын өндіріске қабылдап, Қылмыстық кодекстің 130-бабы ("жала жабу") және 131-бабы ("қорлау") бойынша қарауға алған.