​Тағдырдың сыйы: 7 баланың анасы үйлі болды

0
2 672

Сүйінші хабарды Түркістан облысы ішкі саясат бөлімінің басшысы Бейсен Тәжібаев хабарлады.


​Тағдырдың сыйы: 7 баланың анасы үйлі болды

«Жастар жылы» форумының ашылу салтанатында сөз алған 27 жастағы батыр ана Жазира Тұрғыноваға Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пәтер кілтін табыстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл сүйінші хабар Түркістан облысы ішкі саясат бөлімінің басшысы Бейсен Тәжібаевтың фейзбук парақшасында жарияланды.

"...Күні кеше ғана елордада – елбасының алдында ақтарыла сөйлеп, ел разылығына бөленген батыр ананың өмірі жақсылыққа күрт өзгерді деген осы шығар. Ал Астанадан - Шымкентке поезбен шыққан Жазира, сол сәттен бастап атының шартарапты шарлап кетерін де білген жоқ.

Бейсенбінің түсінде теміржол вокзалында анталай күткен тілшілерден тіксініп, тосырқап жүргені де содан.

Ал бүгін, қасиетті жұмада киелі Түркістанда облыс басшысы Жансейіт Түймебаевтың қолынан баспананың кілтін алған батыр ана өң мен түстің ортасында ғажайып күй кешіп тұр. Үй Ленгер қаласынан ұсынылды. Ал отағасы Олжас Әбілдабеков арнайы оқыту курстан өткізіліп, жұмысқа орналасады.

Айналдырған үш күнде Жазира Тұрғыноваға тағдырдың керемет сыйы тартылғаны анық. Жеті баланың несібесін, адал жүректі ананың тілеуін Тәңірі берді.
Қуанышына ортақ болыңыз. МАРХАБАТ", делінген хабарламада.