ТҮРКІСТАН: Қариялар бата беруден сайысқа түсті

0
603

«Наурыз бата» атты батагөй қариялар арасында бата беруден байқау өтті.


ТҮРКІСТАН: Қариялар бата беруден сайысқа түсті

Түркістан облысында қариялар бата беруден сайысқа түсті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түлкібас ауданындағы мәдениет үйінде Наурыз мерекесі қарсаңында ұлттық дәстүрді дәріптеу, ұлттық құндылықтарды өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында «Наурыз бата» атты батагөй қариялар арасында бата беруден байқау өтті.


Тарих тақтасына жазылған көсемдер мен шешендердің тапқыр сөздері бүгінгі ұрпақтың сана-сезіміне ұялап, келешегіне бағыт-бағдар беретін, арман-мақсаттарына жетелейтін өсиет. Бабалар өсиетін, даналық ұғымын ұрпағына үлгі еткен қариялар аудандық байқауда өз шеберліктерін ортаға салып, 2 бөлім бойынша бақтарын сынады.


Сайыс қорытындысымен Бас жүлде – «Ең батагөй қария» атағын Майлыкент ауылдық округінің намысын қорғаған Абдалимов Аманбай ата қанжығасына байлады. ІІ орынды Түлкібас кентінің атынан шыққан Дәулетов Ермахан мен Шақпақ ауылдық округінің батагөй қариясы Бейсетаев Ермек иеленсе, жүлделі ІІІ орыннан Тастұмсық ауылдық округінен Бейсенбаев Орынбек ата көрінді.


Іс-шара соңында барлық қатысқан қарияларға сыйлықтар және алғыс хаттар табысталды.