ТҮРКІСТАН: Коронавирус жұқтырған соңғы науқас жазылып шықты

0
579

58 жастағы Сайрам ауданының тұрғыны.


ТҮРКІСТАН: Коронавирус жұқтырған соңғы науқас жазылып шықты

Түркістан облысында коронавирус дертіне шалдыққан соңғы науқас ауруханадан шықты,- деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысында Covid-19 инфекциясына шалдыққан соңғы науқас Сайрам аудандық «Қарабұлақ» ауруханасынан жазылып шықты. 58 жастағы жергілікті тұрғын Севара Амантаева ауруханаға медициналық жедел-жәрдем көлігімен ауыр халде жеткізілген. Науқастың дене қызуы көтеріліп, жөтел, ентігу белгілері болған. Инфекциялық стационарда екі апта бойы қарқынды ем қабылдаған әйелдің жағдайы қазір жақсы. Өміріне араша түсіп, ауыр індетпен күндіз-түні бірге күрескен ақ халатты жандарға, емдеу мекемесінің орта және кіші буын қызметкерлеріне де алғысы шексіз.

Сайрам аудандық «Қарабұлақ» ауруханасының бас дәрігері Элмира Қожахметованың айтуынша, инфекциялық стационарда қазір 30 төсек –орын бар. Барлығы босаған.

«Қуанышқа орай ауруханада коронавирус инфекциясымен ем қабылдап жатқан науқас қалмады. Алдағы уақытта да азаматтардың бұл дертке шалдықпауын тілейміз. Өңірде індет белең алған сәттен бастап ауруханамызда коронавирус инфекциясын жұқтырған 29 науқас ем қабылдады. Науқастарға барлық тиісті медициналық көмек көрсетіліп, әр бір маман аянбай еңбек етті»,-дейді аурухананың бас дәрігері.

Әлемді дүрліктірген коронавирус дерті Түркістан облысында алғаш рет биыл 31-ші наурыз күні Жетісай ауданының тұрғынынан анықталған болатын. Содан бері өңірде Covid-19 инфекциясы анықталған 3373 жағдай тіркелген. Облыс бойынша қазіргі таңда емдеу шаралары үшін стационарларда 600 төсек-орын ұйымдастырылған.

Сонымен қатар, коронавирус және пневмония індеттерімен күресу мақсатында алғашқы медициналық – санитариялық көмек көрсететін медициналық ұйымдарда 380 мобильді топ жасақталған. Мобильдік топтар коронавирустың симптомсыз түрімен ауырған науқастарға, пневмониямен ауырған және басқа да аурулармен шақыртқан 35 мыңға жуық азаматқа үйлеріне барып медициналық көмек көрсеткен.