ТҮРКІСТАН: Мүмкіндігі шектеулі жандар жасыл алаңда жүздесті

0
1 201

«7 мамыр – Отан қорғаушылар күні» аясында ұйымдастырылған.


ТҮРКІСТАН: Мүмкіндігі шектеулі жандар жасыл алаңда жүздесті

Жетісай ауданында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында кіші футболдан ауданаралық жарыс өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жетісай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің, «Тамшыдай мейірім» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «7 мамыр – Отан қорғаушылар күні» аясында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында кіші футболдан ауданаралық жарыс болып өтті.


Түркістан, Шымкент қалаларымен қатар Шардара, Келес, Сарыағаш, Жетісай мен Мақтаарал аудандарынан 6 команда қатысқан жарыстың ашылу салтанатына Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен «Amanat» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Әділхан Асауов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Әбжанов пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, аудандық мәслихат депутаты Қахарбай Исаев пен спорт ардагері Бақыт Жаңбырбаев қатысып, спортшыларға жеңіс пен сәттілік тіледі.


Өздерін қоғамға жат сезінбеулері үшін мүмкіндігі шектеулі жандар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, бос уақыттарында спортпен шұғылдануға деген қызығушылықтарын арттыру, өзара достық қарым-қатынасты нығайту және «7 мамыр – Отан қорғаушылар күні» мен «9 мамыр – Жеңіс күні» мерекелерін жоғары деңгейде атап өту мақсатында ұйымдастырылған жарыста әр команда өздерінің жоғары дайындықтарын, үздік ойын үлгілерін көрсетті. Жасыл алаңда өзара мықтыларды анықтады.


Жанкүйерлердің делебесін қоздырып, жастардың спортқа деген сүйіспеншілігін арттырған теңбіл доп шеберлерінің байрақты бәсекесінің қорытындысы бойынша өзге командалардан айла-тәсілі мен тәжірибесін арттырған жүлдегер командалар мен үздік ойыншылар арнайы кубокпен, бағалы сыйлықтармен марапатталып, ұйымдастырушылардың дипломдарына ие болды.


Айта кетейік, бүгінде аудандағы 7800-ге тарта мүгедектігі бар азаматтардың 200-і ымдау арқылы тілдесетін азаматтар болса, оның 130-на аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары қызмет көрсетеді. Ерекше жандарға жасалатын мемлекеттік қамқорлықтардың да ауқымы жыл сайын артып келеді.